
«Көк шалғын» гүлзары Мәңгілік алау мемориалдық кешені, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы мен Мақтай Сағдиев көшесін өзара тұтастырып, байланыстырады. Мейлінше қысқа мерзімде атқарылған жұмыс өз нәтижесін беріп, отырғызылған ағаштар мен көп жылдық жапырақты екпелер, гүлдер өсіп-өніп, берік үйлесім тауып кетсе, бұл ара нағыз көңіл тоғайтып, көз қызықтырар демалыс аумағы болғалы тұр. Осы заманғы 11, 14 метрлік шабдал шамдардың, жаңа бедертастағы жайлы орындықтар мен көзге жылы декоративтік сәулелердің арасында әсіресе, кешкі мезгілде қыдырып жүретін адамдар көбейді.
– Біз бұл қоғамдық кеңістікті қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, қала халқы мен қонақтарының демалысына жаңаша сипат беру мақсатында жасадық. Өркениеттің сыннан өткен технологияларын қолдандық. Мұның бәрі тұрғындарға қолайлы өмір сүру, дұрыс демалу жағдайларын туғызу тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстар, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов гүлзардың ашылу салтанатында.
Бұл пікірді одан әрі дамыта түскен осы жобаның авторы, алматылық ландшафты сәулетші-урбанист Роман Шнайдерман:
– «Көк шалғын» – қоғамдық кеңістіктер желісі. Ол 2,5 шақырым аралықты қала орталығымен қосып, жаңа жағалауға дейін баратын болады. Сөйтіп, тұрғындар «Көк шалғын» бойымен толыққанды демалудың пайдасы мен тиімділігін өз көңіл-күйлері арқылы барынша кеңінен сезіне түседі, – деді.
Келер жылы жағалаудың өн бойы тың нысандармен толыға түсуге тиіс. Сарыарқа шағын ауданында УЕФА стандарттарына сай, заманауи 10 мың орындық стадионның құрылысы жоспарланып отыр. Таяу болашақта 20 қабатты тұрғын үйлер де салына бастайды.
Өңір басшысы қала тұрғындарының назарын жаңа құрылыс нысандарына ұқыптылықпен қарау қажеттілігіне аударды. Аллеяларда бейнекамералар орнатылады. Қоғамдық тәртіпті бұзушылар мен жасалып жатқан игілікке нұсқан келтірушілер заң жүзінде қатаң жауапкершілікке тартылатын болады.
Жаңа қоғамдық кеңістікті ашу салтанаты нағыз мерекеге айналды. Даңқ аллеясында Аналар кеңесі сәндік-қолданбалы өнер көрмесін ұйымдастырды. Батыр, академик Мәлік Ғабдуллин ескерткіші тұрған алаңға батыр музейінің көшпелі экспонаттары қойылды. «Қоғамдық келісім» қауымдастығы мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері де халықты өздерінің көзтартар бұйымдарымен қуантты.
КӨКШЕТАУ