Аймақтар • Бүгін, 19:46

Ауыр жүк көліктерін бақылайтын автоматты станция

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте қаланың  жол қауіпсіздігі мен инфрақұрылымын жақсарту үшін  тағы бір ауқымды жоба қолға алынды.  Қала аумағында алғашқы үш автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылып, толыққанды жұмысын бастамақ, деп жазады Egemen.kz.

Ауыр жүк көліктерін бақылайтын автоматты станция

Автоматтандырылған өлшеу станциялары (АӨС) –  фото және бейнетүсірілімді жүзеге асырады. Көлік құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және габариттік параметрлерін, сондай-ақ осьтік жүктемелерін тіркейді. Белгіленген нормадан асқан жағдайда ауыр жүк көлігінің иесіне автоматты түрде айыппұл салынады.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы»  ШЖҚ РМК Шымкент қалалық филиалының сынақ зертханасының  меңгерушісі Ермек Намазовтың айтуынша, ауыр жүк көліктері үшін бір оське түсетін салмақ 13 тоннадан аспауы тиіс. Алайда, өңірдегі жолдарда 25-40 тоннаға дейін жүк артқан көліктер емін-еркін жүйткіп келген.

«Артық салмақ тиелген жүк көліктері қаламыздың жолдарына ауқымды зақым келтіруде. Бір оське түсетін салмақ шектен асса, жол жабын қабаттары бүлінеді – жылжып кетеді, колеялар (іздер) пайда болады, асфальтта жарықтар түсе бастайды. Қазірдің өзінде магистральдық көшелерде дәл осы ақаулар жиі кездесуде. Мысал ретінде А-2 айналма жолын айтсақ болады. Бұл автоматтандырылған өлшеуіш таразылар – осы мәселенің шешімі болып табылады», – дейді Ермек Намазов.

Айта кетейік , 2025 жылғы 15 қазаннан бастап станциялар толыққанды жұмыс істеп, заңбұзушылықтар үшін айыппұл салынатын болады.