21 Наурыз, 2015

Көктемді іздеген қылқалам

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері – жас суретшілер Қостанай көркемсурет галереясы ұйымдастырған өздерінің «Көктемгі вернисаж» атты тырнақалды көрмесін Наурызға арнады. MGV_0165Табиғат бусанып жатыр. Терістіктен алтын күрек жел есті. Ақпанның қаһарлы аязын жеңген көктемнің желі зәһәрсіз,  жүзіңді  жібек орамал сипап өткендей болады.  Қар көбесі сөгіліп,  «жылғалардан су ақты, қаңқыл-қаңқыл қаз келді». Ағаш діңіне нәр жүгірді. Ұзақ қарға талдың басына былтыр салған ұясын  адаспай тапқан секілді. Жаңа тірлік бастауға бәтуаласқандай, ұя салған ағаштың үстімен тобымен ұшып-қонады.   Сайрауық  сары шымшық  ағаштың ұшар басына шығып сайрағанда төңіректі жаңғыртады. Табиғат ана көктемнің  келгеніне хабаршы шапқызғандай, бір уыс құстың дауысы, жердің үстін сергітіп, зеңгір көк аспанға сіңіп жатқандай. Көктен күн нұрын төгіп, Самарқанның көк тасы еріген Наурыздың осындай суреті әр жанарда тұрып қалғандай, жанның бәрі сергек. Білім ордасының Тарих және өнер факультеті өнер кафедрасының аға оқытушысы,  Қазақстан  Суретшілер одағының мүшесі Әнуар Сәпиев  көрменің ашылу салтанатында қылқалам ұстаған MGV_0161әр талап көктемді өз көзімен көретінін айтты. Ұстаз пікірін шәкірттері де ұштай түсті. – Көктем бар тіршіліктің дүр етіп оянатын  кезі. Қайың бүршігінен, сылдырап аққан қар суынан, жыл құсының сайрауынан табиғаттың үр тазалығын сезінеміз. Жүректе оянған мейірім-шапағат, таза сезім, иман да адам жанының көктемі тәрізді. Салған шығармадан сондай бір шынайылық сезіліп тұрса, суретшінің жеңісі де сол емес пе?! Әр қылқалам көктемін іздейді, – дейді студент Сәния Мұсабекова. Студент суретшілер өз тырнақалды шығармаларында осыған талпыныпты. Көрмедегі құрбының портретінен бойжеткеннің әдемі мінезін, сәбидің  суретінен періште күлкісін, көбелектің қанатынан нәзіктікті көргендей болдық. Жас талаптарға  риза болған Қостанайдың белгілі суретшілері  Николай Торшев пен Светлана Шелунова өнер өрісінде сәтті қадам тіледі. – Наурызға арнаған  көрме – өнердегі алғашқы қадамдарың. Наурыз, көктем  суретші үшін  MGV_0152таусылмайтын тақырып, бояулар гаммасы, бояу тіліндегі философия. Суретшілік өнердің еңбектен тұратынын ұмытпаңдар. Еңбек ғана шабыт шақырады. Көктемдерің құтты болсын! – деді суретші Николай Торшев. Көрмеге студенттердің кескіндеме және графика жанрындағы 54 жұмысы  ілінді. Әр сурет көрерменге көктем лебіндей жылылық сыйлады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.