21 Наурыз, 2015

Ерлер денсаулығы елеусіз қалмасын

1089 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Соңғы жылдары медицинада ерлер денсаулығы жайлы жиі мәселе көтерілетін болып жүр. Өйткені, тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде ерлер денсаулығына мемлекет тарапынан көңіл бөлінбегені бүгінде айқын көрініс табуда. Статистикаға жүгінсек, елімізде жыл сайын 15-60 жас аралығындағы қыздар мен әйелдердің 100-і қайтыс болса, 15 пен 60 жас аралығындағы бозбала мен еркектердің 228-і қайтыс болады екен. Салыстырсақ, бұл көрсеткіш тіпті 2,3 есеге жеткен. Ұлттың санын арттыру үшін ерлер денсаулығын нығайтуды мықтап қолға алатын уақыт әлдеқашан туған болатын. Алайда, бізде ана мен бала денсаулығына баса назар аударады да, ерлер денсаулығы ұмыт қала береді. Осы сұрақтардың жауабын іздеп, Алматыдағы «Урология Ғылыми Орталығы» (УҒО) АҚ басқарма төрағасының ғылыми мәселелер жөніндегі орынбасары Ілияс Мұхамеджанға жолыққан болатынбыз. Ол кісі: Мәселе емделуге тірелгенде жалған намысқа беріледі. Себебі, ерлердің басым бөлігі өз ауруын мойындағысы келмейді. Кінәні әйелге аударуға бейім тұрады. Сөйтіп жүргенде бойларындағы кеселді асқындырып алады. Нәти­жесінде ерлер көбінесе, біздің ор­талыққа ота жасатуға келеді, – дейді. Саламатты өмір сүру – әр адам­ның парызы. Әркім өз ден­саулығына жауапты қараса, өмір сүру сапасы жоғары, ғұмыры ұзақ болады. Көп жағдайда ерлердің ауру диагноздары ерте анық­талмайды. Дәрігерге қарал­мағандықтан, қайсыбір кесел қатерлі ісікке айналып, науқас адам қайтыс болуы да мүмкін. Шындап келгенде, ата-ана баланы жастайы­нан дәрігерге көрсетуі керек. Ер баланың ұмасы жұмыртқасына уақтылы түсуі керек, ал ата-анасы осыны қадағалауы қажет. Жастардың 40 пайызы жыныстық жолмен берілетін аурулармен ауы­рады. Осындай факторлардың салдарынан, елімізде ерлердің өмір сүру ұзақтығы 65,7 жас, ал әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 74,3 жасқа жетеді. Әрине, бұл да Ілияс Тұңғышқанұлының пікірі. УҒО-ның басқаруымен 2006 жылдан бері ерлер денсаулығын ны­ғайту мақсатында екі ғылы­ми-техникалық және бір грант­тық бағдарлама қолға алынуда. Сонымен бірге, орталық маман­дарының бастамасымен облыс қалаларында «Ерлер денсаулығы мектебі» орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда осы орталықтарда қырық жастан асқан ерлерді скринингтік тексеруден өткізу, урологиялық аурулар асқынуының алдын алу және ауру түрлерін ерте анықтау үшін сауықтыру шаралары өткізілуде. Ерлердің ұрпақ өрбіту жүйесі ауруларын емдеу және ауру түрлерін анықтауда жаңа технологияларды іске асыру, андроурология мәселесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту жолға қойылуда. Сондай-ақ, орталық дәрігерлерінің біліктілігін арттыруда аккредитациялық шаралар іске асырылуда. УҒО-ның 4021 бала мен ерлер арасында арнайы жүргізген зерттеу мәліметтері бойынша, олардың 83,3 пайызында уроан­дрологиялық аурулар анықталған. 16,7 пайызының ғана денсаулығы жақсы болып шыққан. Ал тех­ногендік аймақтарда (мұнай өңдеу т.б.) жұмыс істейтін ерлердің 63,5 пайызының, түсті металл өн­діретін кәсіпорындарда еңбек ететін ерлердің 53,2 пайызының еркектік қабілеті бұзылғаны белгілі болған. Еліміздегі ұрпақ жалғастыру жасындағы ерлерге жүргізілген скринингтік зерттеу нәтижесі бойынша, 56,3 пайызында төсек қатынасына қабілеті төмендегені, 30,4 пайызында ұрпақ өрбіту қабілеті әлсірегені, ал 42,2 пайызында жыныстық жолмен таралатын аурулар бары анықталған. Жалпы, Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде несеп тасы аурулары жетінші орында екен. Осы аурудан қайтыс болу 2,3 және 3 пайызды құрайды. Ал еліміз бойынша урологиялық аурулар бесінші орында. 100 мың адамға шаққанда 359 адам урологиялық аурулармен ауырады. ОҚО, ШҚО, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында несеп тасы ауруларының көрсеткіші жоғары. Үнемі ұлтымыздың саны тым аз деп жанымыз ауыратыны рас. Ұрпақ өрбітетін жастағы ерлер денсаулығын нығайту мемлекет тарапынан түбегейлі қолға алынбаса, статистикалық көрсеткіштер бір күндері төбе шашымызды тік тұрғызбасына кім кепіл? Бүгінгі таңда орталықтың филиалдары еліміздің он аймағында жұмыс істеуде. 2014 жылы бағдарламаның «Ерлер денсаулығы мектебі» шарасы басталды. Кешенді бағдарламада ерлерді ден­саулығын күтуге үйрету, ауру түрлерінің әлеуметтік факторларын анықтап, асқындырудың алдын алу, саламатты өмір салтын ұстанудың пайдасын оқыту шаралары толық қамтылған. Перзентсіз ерлі-зайыптыларға көрсетілетін медициналық көмектің заманауи әдістерінің клиникалық, экономикалық стандарттарын әзірлеуді іске асыру да орталықтың негізгі мақсаттарының бірі. Ерлер ден­саулығына нем­құ­райды қарау­дың салдарынан ұлттың демо­графиялық өсімі қарқынды дамымай отыр. Әрине, демографияға кері әсер ететін өзге де әлеуметтік факторлар жеткілікті. Алай­да, ерлер денсаулығы – халық өсі­міне оң ықпал ететін бірінші әлеу­меттік фактор болып саналады. Қазіргі ер-азаматтардың басым бөлігі зейнет жасына дейін өмір сүрмейді екен. Сондықтан да, ерлер денсаулығын кешенді зерттеп, қорғау үшін Б.Жарбосынов атындағы УҒО-ның ұйытқы болуымен «Ерлер денсаулығы, өмір сапасы, пәнаралық тәсіл» деген тақырыпта Алматыда өткен дүниежүзілік конгресте, ерлер мүддесін қорғайтын «Ұрпақ жал­ғастыру денсаулығы», «Сек­суалдық денсаулық туралы» заңдар әзірлеп, қабылдау туралы қаулы қабылданды. Ғалымдар әсіресе, балалар уроандрологиялық қызметін дамытуға баса назар аударды. Дүниежүзі ғалымдарының жан­ай­қайына айналып отырған ерлер денсаулығы мәселелерін түбегейлі шешу мақсатында қолға алынған бағдарламалар Үкіметтен қолдау тауып, қажетті қаржы бө­лін­се, мамандардың еңбегі жанар еді. Алматы қаласындағы Урология ғылыми орталығында 130 орынға ар­налған андрология, несеп тасы аурулары, жалпы урология, өңдеу және пластикалық уро­логия, сондай-ақ екі ақылы бө­лім халыққа қызмет көрсетеді. УҒО ұлт денсаулығын сақтауда еліміздің даму стратегиясын ай­қындаушы және урологиялық ауру­ларды емдеу­де озық технологияларды таратушы жетекші меке­ме санатында елге қызмет етуде. Мұнда жоғары санатты дә­рігерлер, ғалымдар еңбек етуде. Жаңа инновациялық технологиялар базасында ұрпақ өрбіту жа­сындағы ерлердің урологиялық ауру­ларын емдеу және түрлі оталар жасау жүзеге асырылады. Орталық ғы­лыми дәрежесіне қажетті заманауи зерттеу аппараттарымен, құрал-жабдықтармен жабдықталған. Нау­қастардың ауру түрлеріне сәйкес тұрғылықты жеріндегі ем­ханаға барып, порталға тіркеліп, ор­талыққа келіп емделуге құқы бар. Орталықта есімі әлемге танымал мамандар – УҒО-ның бас­қар­ма төрағасы, м.ғ.д., профессор, ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, Мыр­закәрім Алшынбаев, өңдеу және пластикалық урология бөлімінің меңгерушісі, м.ғ.д., профессор, лапороскопиялық ота әдістерін жастарға үйретуші, «алтын скалпель» иесі Сүният Құсымжанов, андрология бөлімінің меңгерушісі, жыныс ауруларының білгір маманы, м.ғ.д., профессор Марат Мақажанов, несеп тасы аурулары және эндоурология бөлімінің меңгерушісі, эндоурология ісінің алтын қолды дәрігері, м.ғ.д., про­фессор Малих Мұхаммад Ареф қызмет етеді. Басқарма төр­ағасының клиникалық істер жөніндегі орынбасары, м.ғ.к. Марат Батырбеков, басқарма төр­ағасының әкімшілік-эконо­микалық істер жөніндегі орынбасары Ерлан Мұсабеков, тағы басқалар өз істерін жетік меңгерген іскер мамандар. Қазақстандағы урология істерін дамытуда көшбасшы мекеме қызметін атқарып отырған УҒО-ның академигі Бейнеш Жар­бо­сыновтың ізгі арманын іске асырып, ел құрметіне бөленіп келеді. Ұжымның басты мақсаты – ұлт денсаулығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп, өмір сүру сапа­сын жақсартуға, халықтың демографиялық өсімін арттыруға үлес қосу болып табылады. Иә, әр адамның денсаулығы өз қолында дегенімізбен, халық даналығы: «Ауырып ем ізде­генше, ауырмайтын жол ізде дегенді» еске салады. Өз денсау­лығымызды өзіміз сақтай білсек, мемлекетіміздің дамуына титтей де болса үлес қосар едік. Он екі мүшесі сау еркектен дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Осы жауапкершілікті ерлер әрқашан есте ұстаса екен. Ділдәгүл НҰРМАХАНБЕТ.