Алматы • Бүгін, 11:37

Бибігүл Төлегенованың Халықаралық байқауы мәреге жетті

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда араға жыл салып өткізіліп  жүрген Бибігүл Төлегенованың ХІІІ Халықаралық вокалистер байқауы мәреге жетіп, биылғы бас жүлде Ресейге кетті. Бұрнағы жылы Гран-При жүлдесін бакулік Махир Тагизаде алып кеткен еді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бибігүл Төлегенованың Халықаралық байқауы мәреге жетті

Беделі биік Халықаралық вокалистер конкурсының жеңімпаздары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында марапатталды.

Опера өнерінің жеңімпазы атану үшін Қазақстан, Армения, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Италияда жұмыс істейтін Украина мен Қазақстанның 52 орындаушысы талант жарыстырды. Ақтық сынға өткен 17 әншінің өнерін әлемдік опера майталмандарынан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.

Опера мерекесі іспетті байқауда қазылар алқасының төрайымы КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, академик Бибігүл Ахметқызы Төлегенова ұйымдастырушыларға, демеушілер мен барша қатысушыларға шынайы алғысын білдіре отырып, жеңімпаздың атын өзі жариялады.

Биылғы жылдың бас жүлдесін (Гран-при) Мәскеуден келген Софья Сакания иеленді.
Жиырма жастағы әнші Бақытжан Байқадамұлының «Сүйген сәулем» әнін нәшіне келтіре орындауымен көрермендердің көзіне түсті.

«Ауқымы биік байқауда жеңіске жеткеніме қуаныштымын! Шыны керек, жеңімпаз атанамын деп ойлаған жоқпын. Өйткені, бәсекенің бәсі жоғары еді. Бұл конкрусқа катысудың өзі мен үшін әрі сынақ, әрі бақ болды. Бибігүл Ахметқызы – аңыз адам. Оны өз көзіммен көрудің өзі – үлкен бақыт. Әлбетте, оған қоса халықаралық байқаулар орасан тәжірибе береді, оркестрмен жұмыс істеу, бұрын-соңды бастан өткермеген әсерлер мен күтпеген жеңіс әкелді. Бұл байқау маған үлкен мектептен өткендей әсер қалдырды»,  деді Софья.

Сонымен халықаралық опера өнерінің додасындағы І орынға Әлихан Бейсеков (Алматы), Екатерина Свиридова (Мәскеу) мен Мунхтувшин Хоролгорав (Ұлан-Батыр) лайықты деп танылды. ІІ орын – Бекұлан Ерболатұлына (Астана), Ділназ Омарханова (Астана) мен Севастьян Мартынюкқа (Красноярск) берілді. ІІІ орынды Жандарбек Еркінбаев (Алматы), Хадича Имамназарова (Ташкент) иеленді.

Жас таланттардың ішінен Әзиза Әбдрейім (Алматы), Богдан Шевченко (Атырау), Аружан Жалғасова (Алматы), Аружан Тоқтаған (Алматы), Аружан Алпысбаева (Алматы), Атахан Айбекуулу (Бішкек), Хурсандбек Атамуратов (Нөкіс), Алексей Юрковский (Санкт-Петербург) дипломант атанды.

Қазақстан композиторларының Бибігүл Төлегенова репертуарындағы шығармасын үздік орындағаны үшін тағы да Софья Сакания мен питерлік Алексей Юрковский арнаулы сыйлықты алып кетті. Қатысушы елдің халық әнін үздік шырқағаны үшін Мунхтувшин Хоролгорав (Моңғолия) мен үздік концертмейстерлер ретінде Лариса Шалабаева мен Марина Алтухова марапатталды.
Гала-концертте қазақтың, әлемдік классикалық әйгілі шығармалар орындалып, бұлбұл дауыс иелерін Е.Ахмедьяровтің дирижердік етуімен ҚР Т.Әбдрашев атындағы Мемлекеттік симфониялық оркестрі сүйемелдеді.

Сыйақы қорына келетін болсақ, Гран-при иегеріне – 5 400 000 теңге мен лауреат атағы бұйырды. І орынға – 2 700 000 теңге, ІІ орынға – 1 500 000 теңге, ІІІ орынға – 1 200 000 теңге мен лауреат атақтары берілді.

Финалдық турға дейін жетіп, бірақ лауреат атағын алмаған әрбір қатысушы дипломдарға қоса, 350 000 теңге көлеміндегі көтермелеу сыйақысымен марапатталып, құрметтен құр алақан қалған жоқ.