Саясат • Бүгін, 09:05

Ынтымақтастық аясындағы басқосу

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі арт­тыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, екі елдің парла­ментаралық іс-қимылының басым бағыттарына назар аударды.

Ынтымақтастық аясындағы басқосу

Мәулен Әшімбаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, сапар бағдарламасының ауқымды екенін тілге тиек етті. Соның аясында Мажарстан Президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Digital Bridge  – 2025 Халықаралық IT-форумына қатысқанын айта кеткен жөн. Сенат төрағасы атап өткендей, мұндай мазмұнды сапар бауырлас елдер екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін көрсетеді.

Сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстан арасында дипломатия­лық қарым-қатынас орнаған отыз жыл ішінде қос мемлекет арасында сенімді саяси диалог, берік экономикалық ынтымақтастық және тығыз мәдени-гуманитарлық байланыс қалыптасқаны сөз болды.

«Кейінгі жылдар Қазақстан мен Мажарстан ынтымақтастығы үшін өте нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Будапештке жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын айрықша атап өткен жөн. Соның қорытындысы бойынша екі елдің стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және ортақ бастамаларды іске асыруға бейіл екенін көрсететін бірлес­кен мәлімдеме қабылданды. Одан бөлек, сауда-экономикалық салада бірқатар маңызды келісімге қол қойылды. Сіздің сапарыңыз мемлекетаралық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа тың серпін беріп, екіжақты қатынастардың күн тәртібін жаңа мазмұнмен байыта түседі деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сұхбат барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы өзара іс-қимылды арттыруда парла­мент­аралық диалог маңызды рөл ат­қаратыны айтылды. Осыған орай достық топтары мен парла­ментара­лық ұйымдар аясындағы ынтымақ­тастықты және парламентаралық байланыстарды әрі қарай жандандыру тетіктеріне баса мән берілді.

«Біз Қазақстан Парламенті мен Мажарстан Мемлекеттік жиналысы арасында қалыптасқан достық байланысты жоғары бағалаймыз және оны әрі қарай нығайтуға мүдделіміз. Парламентаралық ынтымақтастығымыз Еуропа Кеңесінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, сондай-ақ Парламентаралық Одақтың Парламенттік Ассамблея­лары аясында да көпжақты форматта дамып келеді. Мажарстан байқаушы ретінде қатысатын Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы аясындағы өзара іс-қимылымыз да ерекше маңызға ие», деді Сенат төрағасы.

Сұхбаттасушылар Digital Bridge – 2025 Халықаралық технология­лық форумының күн тәртібіне – ақпараттық технологиялар, цифр­ландыру және жасанды интеллект саласындағы жаңа тәсілдерге ерекше назар аударып, алдағы ынтымақтастықтың, оның ішінде білім беру саласындағы бірлескен іс-қимылдың басымдықтарын белгіледі.

Сонымен қатар кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, мәдени-гумани­тарлық байланыстарды арттыруға қатысты мәселелер талқыланып, түрлі салада бірлескен жобаларды іске асыру барысы сөз болды. Тараптар ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, көлік, энергетика, инфрақұрылым бағыттарын дамыту жолындағы Қазақстан – Мажарстан инвести­циялық қорының қызметі жөнінде пікір алмасты.

М.Әшімбаев рухани дипломатияны дамытудың маңызына тоқталып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мақсаттарына қол жеткізуге қосқан елеулі үлесі мен көрсеткен белсенді қолдауы үшін мажар тарапына ризашылық білдірді.

Өз кезегінде Т.Шуйок біздің елге 30 жыл жалғасып келе жатқан жан-жақты ынтымақтастық үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Мажарстанның көптеген салада мүддесі мен ұстанымы ұқсас екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізді.