Қоғам • Бүгін, 18:00

Су ведосмствосы жанынан үйлестіру кеңесі құрылады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдерімен кездесті. Іс-шараға Қазақстан Азаматтық альянсының Президенті Бану Нұрғазиева және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Лима Диас қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су ведосмствосы жанынан үйлестіру кеңесі құрылады

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Кездесуде Н.Нұржігітов ведомствоның соңғы екі жылда атқарған жұмыстары туралы айтты. Қатысушылар су ресурстарын бақылау тетіктерін және су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты талқылады. Сол орайда үкіметтік емес ұйым өкілдері өз ұсыныстарын білдірді. Бұл ұсыныстар XII Азаматтық форумында ескеріледі.

Сала министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше кездесу қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылданды.

«Біздің министрлік үкіметтік емес сектормен ынтымақтастықты тиімді әрі тұрақты су саясатының ажырамас бөлігі деп санайды. Мысалы, жаңа Су кодексінің басты мақсаттарының бірі – қоғамның су ресурстарын басқаруға белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Бассейндік кеңестер арқылы су пайдаланушылар, бизнес, экологиялық ұйымдар мен ғылыми орта өкілдеріне шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі берілді. Қоғамның рөлін күшейту – су саласындағы шешімдер жергілікті жердегі нақты мәселелерді көріп отырған азаматтардың пікірін ескере отырып қабылданады деген сөз», деді министр Н.Нұржігітов.

Министрдің ҮЕҰ өкілдерімен кездесуі 15-16 қазанда өтетін XII Азаматтық форумға дайындықтың екінші кезеңі аясында өтті. Азаматтық форум – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық әрі конструктивті диалогқа арналған ұлттық алаң. Ол екі жылда бір рет өткізіледі және мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық құрылымдардың, бизнес өкілдерінің, сарапшылар мен ғылыми қауымдастықтың басын қосады. Дайындықтың алғашқы кезеңінде, мамырдан қыркүйекке дейін еліміздің 20 өңірінде қоғам өкілдерімен кездесулер өтті. Оның нәтижесінде форум қатысушыларының ұсыныстарын жүзеге асыруға бағытталған іс-қимыл жоспарлары қабылданды.