Қоғам • 30 Қыркүйек, 2025

Әскердегі моральдық-психологиялық ахуалды тұрақтандыру тетіктері

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде әскердегі көңілге қаяу түсіретін келеңсіздіктің алдын алу бағытында жұмыстар күшейтілген. Бірінші кезекте нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, ұйымдастырушылық-әдістемелік құжаттар әзірленген. Сондай-ақ, әскердегі моральдық-психологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында әскери психологтар арнайы  біліктілікті арттыру курстарынан жүйелі түрде өткізіледі. Әскердегі әлімжеттік пен қайғылы оқиғалардың алдын алу бағытында қолға алынған өзге де бірегей бастамаларды ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті Психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыстар басқармасының бастығы подполковник Арман Қалышев айтып берді, деп жазады Egemen.kz.

Әскердегі моральдық-психологиялық ахуалды тұрақтандыру тетіктері

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қоғам да қордаланған бұл мәселеге бей-жай қарамайды. Сондықтан бүгінде сарбаздардың  аналарынан құрылған  «Аналардың жүрегі» комитеті қарқынды жұмысқа кіріскен.

«Бұдан басқа, моральдық-психологиялық ахуалды мониторингтеу мақсатында бөлімшелерде анонимді сауалнама әдісімен сауалнамалар жүйелі түрде жүргізіледі, олардың нәтижелері уақытылы шаралар қабылдау үшін әскери бөлімдердің командирлеріне (мекемелер бастықтарына) жеткізіледі. Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар өкілдерінің қатарынан қолданылатын психодиагностикалық әдістемелердің өзектілігін қарау, зерттеудің жаңа және тиімді әдістерін енгізу, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, әскерге шақырылушыларды зерделеудің, іріктеудің және жеке құраммен толықтырудың бірыңғай тәртібін айқындауға қатысты, олардағы қызметтің ерекшелігін ескере отырып, жұмыс тобы құрылды», деді Арман Қалышев.

Бұл мәселемен күрескеннен оның алдын алған тиімді екені баршаға аян. Сондықтан жауапты Қорғаныс министрлігі суицидке бейім азаматтарды ерте анықтауға ден қойып отыр. Осы мақсатта ведомоство AI-sulu Telegram-боты мен PSY - тәуекел әдістемесін іске қосқан.

«PSY-тәуекел (PSY-РИСК) – әскерге шақыру кезеңінде қолданылатын регламенттелген көпсатылы психодиагностикалық тетік.  Бастапқы скрининг, тереңдетілген психологиялық тексеріс, қажет болса психиатриялық сараптама жүргізеді. Жүйе суицидтік бейімділік белгілері бар тұлғаларды ерте анықтап, оларды қызметке жібермеу немесе қосымша медициналық бағалауға жолдау арқылы бөлімдердегі моральдық-психологиялық климат пен қауіпсіздікті қорғауды көздейді. Бұл рәсім құжаттық түрде негізделіп, нәтижелері қызметке жарамдылық туралы ұйымдастырушылық-құқықтық шешімдерге негіз болады және жалған оң-теріс көрсеткіштерін төмендету үшін әдістемелік бақылаумен сүйемелденеді», деді Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті Психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыстар басқармасының бастығы.

Ал AI-sulu Telegram-боты әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына арналған анонимді цифрлық көрсеткіш. Тәулік бойы қазақ және орыс тілдерінде қысқа психо-білім беру материалдарын, өзін-өзі реттеу алгоритмдерін, күйзелісті азайтуға арналған жаттығуларды ұсынады және қажет болғанда бөлім психологына не медициналық қызметке бағыттайды. Яғни ел армиясындағы кілтипанды жою үшін қызметке шақырушылар мен қатар әскери қызметшілер де арнайы әзірліктен өтіп, кеңеске жүгіне алады.

«AI-sulu – қызмет барысындағы жедел қолдау мен ресурстарға бағыттайтын сандық навигация, ал PSY-тәуекел – шақыру алдындағы іріктеу және алдын алу құралы. Біріншісі құпиялылық пен 24/7 қолжетімділік арқылы ерте көмекке жол ашады; екіншісі кадрлық қауіптердің алдын алып, оқыс жағдайлардың жиілігін азайтады. Екеуі бірге «іріктеу, бейімделу, үздіксіз психологиялық сүйемелдеу» тұтас контурын қалыптастырып, әскердің психологиялық тұрақтылығын жүйелі түрде күшейтеді», деп түсіндірді маман.