Еңбек • Бүгін, 08:33

Жігерлі жас

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіз еліміздің картасындағы жаңа кенттің бірі – Жылыой ауданындағы Жаңақаратон. Оған 1999 жылдан бері мұнай алынатын кен орындарына таяу орналасқан Ескіқаратон, Сарықамыс кенттерінің тұрғындары көшірілді. Жаңа кентте ержеткен жігерлі жастардың қатарында Айбар Аманжолов та бар.

Жігерлі жас

Ол «Жылыойгаз» ЖШС-да еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер болып қызмет етеді. Міндеті – өндірістегі қауіпсіздіктің сақ­талуын қадағалау. Жоғары бі­лімді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен алған. Кейін техника және технология саласының магистрі атанды.

Университеттегі оқуын аяқтағаннан кейін үлкен еңбек жолын осы серіктестікте бас­тады. Жас маман бірден табан­дылығымен, жұмысты жауап­кершілікпен атқаратын іскер­лігімен ерекшеленді. Аудандағы елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтитын серіктестік басшылары жас маманға сенім артып, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер міндетін жүктеді.

«Маған жүктелген міндет табиғи газды тасымалдаумен байланысты болғандықтан, жұмысымды қауіпсіздік техникасын тексеруден бастаймын. Жабдықтарды мұқият тексеріп, жұмыс орындарының жай-күйін бағалаймыз. Себебі апаттың салдарын жоюдан гөрі оның алдын алу әлдеқайда жеңіл. Басты қағидат – апатты болдырмау», дейді А.Аманжолов.

Жас инженердің айтуынша, атқаратын жұмысы сан алуа­н. Біріншіден, газ құбырында апат­тық жағдайларды болдырмау жөніндегі іс-шараларды жүр­гізеді. Екіншіден, жеке қорғану құралдарының жарам­дылығы мен қолдануды бақылайды. Үшіншіден, серіктестік қыз­меткерлерін оқытуды ұйым­дастырады. Төртіншіден, бес жыл сайын бір рет мамандарды аттес­таттаудан өткізеді.

«Ұжым – менің екінші үйім. Жұмыс істегеніме соншалықты көп уақыт өтпесе де мұны жақ­сы түсіндім. Өйткені толымды тәжірибесін бөлісуден тартынбайтын тәлімгерлермен көз­қарасымыз ортақ, мақсатымыз бір», дейді А.Аманжолов.

Ол ұжымдағы түрлі іс-ша­раны ұйымдастырушылардың бел ортасында жүреді. Мерекелік кештерді жүргізеді. Қоғамдық жұмыстан бас тартпайды. Спорт­тық жарыстарға қатысады. Апта сайын «Таза Қазақстан» акция­сы аясында өтетін сенбілікте қор­шаған ортаның тазалығын сақ­тау­ға атсалысады.

«Бала күннен бергі хоббиім – атпен серуендеу. Бұл рухыңды оятады, шыдамдылыққа жетелейді. Алты жасымнан жылқыға қалай күтім жасауды үйрендім. Жұ­мыстан қолым босаған кезде әкем, ағаларыммен бірге серуендейміз. Атқа мінгенде қанат біткендей көрінеді», дейді жас инженер.

Оның күнделікті қағидасы – үйрену, үйрету, алаңсыз, қауіпсіз өмір сүру. Бұл әсіресе жастардың жадына мықтап түйетін ұс­таным болуы керек.  Жақында А.Аман­жолов «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Өндірістегі үздік жас маман» аталымында жеңімпаз атанды. Мұны өзінің ғана емес, ұжымның жеңісі деп біледі.

 

Атырау облысы