
Қазақта «бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» дейді. Ал үзіліссіз қырық жыл сабақ берген ұлағатты ұстаз мәңгілік құрметтелуі тиіс. Міне, педагогика саласында 41 жыл қызмет еткен Күлзира Орзанбайқызы Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Кәсіби бағыты – биология. Кейінгі 15 жыл бедерінде директордың ғылыми әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
«Ұстаз болу – мамандық қана емес, ол – өмірлік ұстаным. Заманауи ұстаз үнемі ізденісте жүреді, жаңалыққа ашық, әр баланың жүрегіне жол таба біледі. Бүгінгі мұғалім – тек білім беруші емес, шәкіртінің досы, бағыт берушісі», дейді білікті ұстаз.
Тәжірибесі мол маманнан жас мұғалімдерге беретін кеңесін сұрадық.
«Ең бастысы – балаға деген махаббат пен сабыр. Қателік жасасаңыз – ол сіздің тәжірибеңіз, қорықпаңыз. Үнемі ізденіп, әр оқушыны тыңдап, сыйлай біліңіз. Сонда ғана ұстаздық жолыңыз берекелі болады деп кеңес берер едім», дейді К. Қыдырпатшаева.
Сонымен қатар ұстаздың ең үлкен марапаты – шәкіртінің жетістігі екенін жеткізді. «Өз оқушысының табысын көргенде ұстаз еңбегі ақталады. Бұл – кез келген марапаттан қымбат».
Иә, бүгінгі партадаға оқушы – ертеңгі атпал азамат. Сөзімізге Президент сөзі тиянақ болсын. Мәртебелі мамандық иелерін құттықтаған Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзышылықтың саны екі есе қысқарғанын айтты. «Қоғамда жоғары құқықтық мәдениет қалыптастыруда оқу-ағарту министрлігі мен педагогтер айрықша рөл атқарады. Себебі әділдік, заң және тәртіп қағидаттары мектеп партасынан бастап орнығуы қажет», деді Мемлекет басшысы.