
Ардагерлер орталығының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Ғимараттың ауласы абаттандырылып, арнайы демалыс алаңшалары салынды. Бау-бақша жанынан терренкур орнатылып, скандинавиялық серуендеу жолы қарастырылған. Жаңа орталық бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады.
Қазыналы қариялардың игілігіне берілген ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады. Қарттар күніне орай мерекелік дастарқан жайылып, ардагерлер мен зейнеткерлерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Марапаттар тапсырылды.
Айта кетейік, облыста 200 мыңнан аса зейнеткер бар, 100 жастан асқан 51 қария тұрады. Қариялардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді. Ол мекемелерде 10 мыңнан астам зейнеткер тынығып, уақыттарын тиімді өткізіп жүр. Жыл сайын 8 мыңға жуық қария облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында демалып, денсаулығын түзейді.