
Апат болса, кім жауапты?
Отырыста алдымен жақында Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған Жұлдыз Сүлейменованың Мәжілістегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қаралды. Ұсынысты қатысушыларға Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов таныстырды. Депутаттар дауысқа салып, бірауыздан шешім шығарды.
Парламенттің жетінші және сегізінші шақырылымдарында Жұлдыз Сүлейменова Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде белсенді қызмет атқарды. Оның жетекшілігімен әйелдер құқықтарын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соның ішінде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шараларына бағытталған елеулі заңнамалық түзетулер әзірленіп, енгізілген еді.
Әрі қарай күн тәртібіне сәйкес депутаттар назарына төрт мәселе ұсынылды. Алғашқы екеуін, атап айтқанда «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын Мәжіліс комитеттері бірден жұмысқа қабылдады.
Одан кейін депутаттар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңын қабылдады. Құжатты таныстырған Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, келісімге Қазақстан Үкіметі 2020 жылғы 6 қарашада өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында қол қойған.
– Бүгінде ел аумағында радиоактивті материалдарды тасымалдау тәртібіне байланысты мәселелер қолданыстағы заңнамамен реттелген. Келісімді ратификациялау трансшекаралық тасымалдарды бақылау тиімділігін арттыруға, радиоактивті материалдарды мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу кезінде негізсіз кідірістерді болдырмауға, орын ауыстыру мониторингі жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ радиоактивті материалдарды заңсыз тасымалдаудың жолын кесуге ықпал етеді, – деді агенттік басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе өзге де салдарға алып келмейді, мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді.
Талқылау барысында депутат Серік Егізбаев ядролық және басқа да радиоактивті материалдарға қатысты қызметті бақылаудың сенімділігіне күмән келтірді.
– МАГАТЭ деректеріне сәйкес, тек былтыр ядролық және басқа да радиоактивті материалдарға қатысты заңсыз немесе рұқсат етілмеген қызметтің 147 жағдайы тіркелген. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Оның үстіне, ТМД елдерінде мониторинг жүйелерінің техникалық жабдықталу деңгейі әртүрлі. Келісімде үйлестіру қарастырылған, алайда нақты тетіктер көзделмеген. Біртұтас мониторинг жүйесі болмаса, кез келген келісім қағаз жүзінде қалуы мүмкін. Неге келісім жобасында кем дегенде цифрлық және спутниктік мониторингтің бірыңғай стандартын құру қарастырылмаған? Елдер деректерді әлі күнге дейін қолмен алмасып отырғанда, біз қандай қауіпсіздік жайында айта аламыз? – деп депутат сұрақты төтесінен қойды.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы құжатта мониторинг нормалары шынымен де айқындалмағанын, тек трансшекаралық тасымалдау режімдері қарастырылғанын растады. Алайда ол мұндай қатынастар басқа келісімдер мен конвенциялар аясында толық реттелгенін айтты.
– Бұл халықаралық шарттарда жеткілікті дәрежеде нақты реттелген. Қазақстанда мониторинг жоғары деңгейде жүргізіледі, мобильді мониторинг қондырғылары жұмыс істейді. Сондай-ақ еліміздің мұндай жағдайларды мониторинг жасау, бақылау, жою, соның ішінде ластанған аумақтарды қалпына келтіру бойынша бірегей тәжірибесі бар. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру шеңберінде біз жабдықтар, бірегей технологиялар және бақылау саласында үлкен тәжірибе алдық, – деп сендірді А.Сәтқалиев.
Ал депутат Темір Қырықбаев радиоактивті материалдарды ел аумағы арқылы тасымалдау кезінде төтенше жағдайлар болса, кім жауапты болатынын және келтірілген залал қалай бағаланатынын сұрады. Өз кезегінде агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бұл мәселе Қазақстан заңнамасында және халықаралық міндеттемелерде де нақты реттелгенін тағы бір мәрте естіртті.
Қылмысқа қарсы бірлескен іс-қимыл
Отырыста қаралған түйінді құжат – «Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы. Оның негізінде Қазақстан мен Түрікменстан трансұлттық қылмыспен күресте өзара көмек көрсетеді.
Атап айтқанда, құжат ұйымдасқан қылмысқа, терроризм мен экстремизмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күресте қос ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін нақтылайды. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы өзара сұраныстарды орындау, жедел және криминалистикалық ақпаратпен, тәжірибемен, мамандармен, нормативтік құқықтық актілермен алмасу да кіреді.
– Келісімге былтыр 10 қазанда Мемлекет басшысының Түрікменстанға сапары барысында қол қойылды. Құжат халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келеді. Жалпы, бүгінде осындай келісімдер 20 елмен (Болгария, Мажарстан, Иордания, Испания, Италия, Сауд Арабиясы, Қытай, Литва Республикасы, Латвия, Польша, Румыния, Словакия, Сербия, Түркия, Өзбекстан, Франция, Чех Республикасы, Эстония, БАӘ) жасалып, күшіне енді, – деді құжатты таныстырған Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Монополистер тарифті негізсіз көтерді
Отырыс әрі қарай депутаттық сауалдармен жалғасты. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке еліміздегі коммуналдық қызметте тариф мәселесінің әлі жүйеленбегенін айтып, мәселе көтерді.
– Астанада жылумен жабдықтау жүйелерін сығымдау құны 2019 жылдан 2023 жылға дейін 100%-ға өсті (метріне 481 теңгеден 1 033 теңгеге дейін). Қызылордада электр қуатына қосылу бағасы 52%-ға өсті. Көкшетауда сумен жабдықтауға қосылу құны 68%-ға өсті. Мұндай қызметтер бағасының жыл сайынғы орташа өсуі ел бойынша 50%-ға жетеді, бұл инфляцияның жалпы деңгейінен едәуір асып түседі. Сонымен қатар монополистер шағын және орта бизнес субъектілері үшін жасанды кедергілер жасау және олардың жалған сылтаулармен инфрақұрылымға қол жеткізуден бас тарту арқылы жағдайды теріс пайдаланады. Мемлекет басшысының «тұтынушыларды монополистермен бетпе-бет қалдырмау» тапсырмасына қарамастан, біз Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарапынан протекционизмді байқап отырмыз. Осы саладағы кез келген тәртіп бастамаларын бұғаттау монополиялардың мүдделерін қолдау туралы негізделген болжам тудырады. Сондықтан Мәжіліспен бірлесіп, тұтынушыларды қорғау және инвестициялардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін табиғи монополиялар субъектілері қызметінің өзге де түрлеріне бақылау мен реттеуді заңнамалық енгізуді пысықтау қажет, – деді депутат.
Ал Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Жамбыл облысы диқандарының несие мен лизинг төлемдерін бір жылға өсімпұлсыз шегеруді ұсынды.
– Кейінгі үш жылда Жамбыл облысы мен оған іргелес өңірлердің шаруалары бұрын-соңды болмаған ауыр сынаққа тап болып отыр. 2023 жылы қуаңшылық жарияланып, төтенше жағдай енгізілгенімен, өтемақы суармалы жерлері бар шаруашылықтарға ғана берілді. Ал суарылмайтын жермен айналысатын фермерлер ешқандай көмек ала алмады. Былтыр өнім мол жиналғанымен, Ресейден арзан астықтың ағылып келуі салдарынан баға күрт құлдырады. Отандық диқандар өз өнімін өткізе алмады. Шығын жабылмады, табыс түспеді. Бұған қоса субсидия төлемдері кешіктіріліп, шаруалардың жағдайы одан әрі ауырлады. Биыл тағы да қуаңшылық қайталанды. Түркістан облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанымен, Жамбыл облысында мұндай қадам жасалмады. Соның салдарынан субсидия да, инвестициялық қолдау да берілмеді. Мыңдаған шаруашылық қазір банкрот болудың алдында тұр, – деді Е.Саурықов.
Депутат Аян Зейнуллин болса, мойындарына заңсыз несие ілінген мүгедектерге араша түсіп, сауал жолдады.
– Мысалы, Қарағандыда 66 жастағы зейнеткер Г.И.Тутучкина 2001 жылдан бері психоневрологиялық есепте тұрғанына қарамастан, оның атында Halyk Bank пен Home bank-те жалпы сомасы 5 081 543 теңге болатын қарыз бар. Негізі бүкіл мемлекеттік платформаларда оның денсаулық жағдайын растайтын құжаттар бар. Ал миына зақым келгені туралы диагноз қойылған ІІ топтағы мүгедек А.В.Григоращенконың ЭЦҚ кілті мен ұялы телефоны жоқ екеніне қарамастан, атына Halyk Bank-тен 832 990 теңге кредит рәсімделген. Мүгедектің 86 жастағы анасы құқық қорғау органдары мен банктердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Мұндай мысалдар жүздеп кездеседі, – деген депутат Бас прокурор мен Ұлттық банк басшысынан, Ішкі істер министрі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысынан сауалында аталған тұлғаларға жан-жақты көмек сұрады.
Өз кезегінде депутат Асхат Рахымжанов ІІМ-нен алаяқтық схемаларға қатысты банк менеджерлерін тексеруді талап етті.
– Елімізде алаяқтық тәсілмен азаматтардың атына жүйелі түрде кредит ресімдейтін ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істеп келеді. Ішкі істер министрлігі екінші деңгейдегі банк менеджерлерінің қызметіне жан-жақты тексеру жүргізіп, жалған сенімхат арқылы кредит рәсімдеу фактілеріне құқықтық баға берсін. Өз тарапымыздан жосықсыз қызметкерлердің толық тізімін ұсынамыз және тергеу шеңберінде, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша органдармен өзара іс-қимыл жасаймыз, – деді А.Рахымжанов.