21 Наурыз, 2015

Мойынқұм

2071 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Мойынкум-3 001 Қазақ жері – тәңірдің тартуы, жаратушы Алланың сыйы. Қазағымыздың нәсібі болар әркімдерге тие бермейтін өнер, байлық үлесі – ұлтымыздың кең қолтықты, даладай дарқандығы, жомарттығы, дос-жолдасына адал, қонағын құдайындай сыйлайтын пейіліне тартуы болар. Тәңірдің осыншама берген жеріне ие болу оңайлыққа түспейді. Қазақ басынан небір қиындықтар өткізді. Қилы-қилы замандарға тап болды, мың өліп, мың тірілді. Небір қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарды алма-кезек бастан өткерді. Бабаларымыз жаратушының сы­йын ат үстінде найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, болашақ ұрпақтарына жерді, тәуелсіздікті сый етіп қалдырды. Жазиралы аумағымыздың бір пұшпағы – Жамбыл облысындағы Мойынқұм өңірі. Жер көлемі – 59,3 млн. шаршы шақырым. Бұл аймақ сыр-шежіреге бай, аңыздар мен әңгімелерге арқауы мол қасиетті жер. Ешқандай боямасыз шындық баяндалса, ауыз толтырып айтарлық, ел тарихына қосарлық үлесі жеткілікті. «Өткенсіз бүгін жоқ» дегендей, бұрынғыны ұғып, тарихи тамырларымызды зерделеп білгеніміз, көпшілікке жеткізе насихаттағанымыз – үлкен парызымыз. Шу, Талас өңірлері ерте заманнан-ақ адам баласына құтты қоныс, жайлы мекен болған. Қазақ кең далада көшпенді өмір салтын ұстанумен қатар, орнықты отырықшылыққа да бой ұрған. Қала салған, қолөнермен айналысқан, мал өсірген, егін еккен. Бұның дәлелі ретінде әлі де зерттелмеген Хантауы аумағында ауқымды жерді алып жатқан, асты, үсті, жаны тастан қашап жасалған бейіттерді айтуға болады. Археолог-ғалым Карл Байпақовтың айтуынша, бұл жерде біздің дәуірімізге дейінгі мың-екі мың жылдар бұрын ірі көлемді отырықшы ел болған. Біздің заманымызға дейінгі мың­жылдықта қалыптасқан Ұлы Жібек жо­лы жайында Х ғасырда өмір сүрген бағ­дадтық Кураш Ибн Джафардың қолжазбасында керуен жолы бойындағы жерлер сипатталғанда Тараз, Құлан, Мерке, Аспара мен Мойынқұм жөнінде деректер келтірген. Ендеше, ерте за­ман­нан-ақ сауда-саттық арқылы Батыс пен Шығыстағы ел мен елді байланыстырған Жібек жолы қазіргі Мойынқұм ауданының аумағын да басып өткен. Асан қайғы бабамыздың жер аралап жүріп: «Ей, Мойынқұм! Құмдарың бұйрат-бұйрат таудай екен, Құлының тайдай екен. Тайың айғырдай екен, Жеті жыл қатарынан жұт болса да, Тұяқты мал қалса, Сенің бауырыңда қалады екен!» – деп сипаттаған. Аңыздарға да, нақты тарихи деректерге де, археологиялық қазба дәлелдерге де сүйенсек, қазақ хандығы осы Мойынқұм жерінде бастау алған. Мұны тарих айтып тұр.  Себебі, 1465 жылдары Керей мен Жәнібек сұлтандар бір түмен елімен, төрт түлік малымен қопарыла көшіп, Шу бойындағы Мойынқұмда қыстап, Қозыбасының Тұлпарсаз жайлауында Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін қазақ деп атапты. Хан сайлауы кезінде ел жабыла қозы сойып топтанып етін жейді, бас сүйектерін бір жерге жинайды. Сөйтіп, бас көп үйілген жерді Қозыбасы деп атаған. Қозыбасы жөнінде  әлі айқындалмаған, айқындауды қажет ететін талас тудырып отырған жайлар бар. Мұхамед Хайдар Дулати өзінің «Тарихи Рашиди» еңбегінде Керейдің хан сайлауы Шу бойы, Қозыбасы, Тұлпарсаз қыстауы Мойынқұм құмы деп көрсеткен. Бұл атаулардың барлығы қазіргі Мойынқұм жерінде. Қозыбасы Шу бойында, Жамбыл тауы баурайындағы үлкен алаң. Ортасында Қозыбасы шоқысы. Төменгі жағында, 10-15 шақырымдай жерде Шу өзенінің арнасы, оның бойында ұзындығы 15-20 шақырымдай аумақты алып жатқан Тұлпарсаз жайлауы бар. 1998 жылы атақты жазушы, мемлекет қайраткері Ә.Кекілбаев, көрнекті тарихшы ғалым Манаш Қозыбаев, археолог-ғалым Карл Байпақов бастаған ғалымдар тарихи орындарды аралап көріп, Қозыбасы шоқысына шығып, міне, Мұхамед Хайдар Дулатидың көрсеткен Қозыбасы осы болуы керек деген пікірге келіп еді. Ақтабан шұбырынды заманындағы Аңырақай шайқасы, Абылай, Кенесары хандардың жорық жолдары да, сауда-саттық, қарым-қатынас жолдары да Мойынқұм жерін айналып өтпейді. Тарихшылар мен географтардың зерттеуі бойынша ертеде сауда-саттық қарым-қатынасы Шу өзенінің орта тұсы Көктерек елді мекені тұсымен өткен. 1753 жылдары Абылай ханның сарбаздарымен жүріп өткен жері «Хан жолы» деп аталған. Бұл дерек ірі археолог-ғалым Әлкей Марғұлан еңбегінде де көрсетілген. Осы жол экономикалық, мәдени тұрғыдан маңызды сауда-саттық жолы болды. Ақмола, Қараөткел, Қоянды, Атбасар, Қызылжар жәрмеңкелеріне бару үшін Жетісу қазақтары, қырғыздар, қытайлар осы жолды пайдаланған. Дәл осы деректерді 1890 жылдары туған Мұқатай қария 1970 жылы дәлелмен әңгімелеп беріп еді. «Хан жолы» бойында бекеттер болған, онда ат ауыстырып, демалып, сапарларын жалғастыратын. Мұқатай қария бар өмірін Сұңқар шыңы маңайында орналасқан бекеттердің бірінде атшы болып өткізген. Өзі отырған бекеттен басқа келесі бекетті де көрсеткені бар. Бекет орындары бүгінде төмпешікке айналғанын аңғаруға болады. Кейбір тарихшы зерттеушілеріміз Хантауының атын Керей-Жәнібек хандарының атымен де байланыстырады. Қалай болғанда да Хантауы, Сұңқар шыңы қазақ хандарымен байланысты екендігі ешбір талас тудырмауы керек. Дәл осы Хантауы, Сұңқар шыңы маңында үш жүздің жасақтары алдағы шешуші Аңырақай шайқасына дайындық жүргізіп шеп құрған. Қазақ хандығының бас қолбасшысы Әбілқайыр хан, Болат хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан және Әбілмәмбет бастаған сұлтандар, батырлар бірлесе отырып алдағы шайқасты сараптаған, осы жерден шайқасқа аттанған. Ұлы шайқастың зардаптары болар, Сұңқар шыңы маңындағы үлкен-үлкен 11 оба соның белгісіндей. Аңырақайдың 270 жыл­дығына орай, 2007 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары Жібек Әмірханова бастаған делегация келіп, шайқас орындарын аралап, зерттеу жүргізіп Хантауы бауырына «Аңырақай шайқасына – 270 жыл» деген жазуы бар белгі қойған еді. Мойынқұм жері қазақ пен жоңғар­лардың, қазақ пен қоқандықтардың, қазақ пен қырғыздардың арасында болған талас-тартыс, шайқастардың да куәсі. Қалмақтөбе, Қалмаққырылған, Қоқи сияқты жер, су атаулары осы оқиғалармен байланыстырылған. Кенесары – Нау­рызбайдың тәуелсіздік үшін күрескен жорықтарының ізі Мойынқұм жерінде де сайрап жатыр. Ұлт-азаттық көтерілісін бастаған Кенесары хан Бетпақдаланы басып өтіп, Шу бойымен өрлеген. Хан сарбаздарын бастаған қолбасшы Ағыбай батырдың Шу өзенінен өткен жері Ағыбай өткелі деп аталып кетті. Бұл өткел қазіргі Кеңес ауылы мен Бірлік ауылының орта тұсындағы Шу өзенінің бойында.Тарихшылардың айтуы бойынша, Кенесары хан жасақтарымен Мойынқұмның Балқаш көлі жағалауындағы Мыңаралда екі жыл тұрақтап та қалған. Есімі әлемге әйгілі шығыс Гомері атанған ұлы ақын Жамбыл бабамыз 1846 жылы дала төсінің келбетін келтіре жантая жатқан Жамбыл тауының баурайында дүние есігін ашқан. Әрі батыр, әрі шешен Бөлтірік баба­мыздың да өмір жолының кейбір кезеңі Мойынқұммен байланысты. Ұланбел ауылы тұсында Бөлтірік қыстауы деген жер бабамыздың атымен аталады, дейді көнекөз қариялар. Бұл жерде де талай дау­лар әділ шешіліп, төреліктер жасалған. От ауызды, орақ тілді ақын әрі шешен Қылышбай Мойынқұмда туып өскен. Жамбыл бабамыз Қылышбайға арнап: «Қылышбайдан таралып, Сөз нұсқасы келінген. Дос-жаранға, кемтарға, Қайырлы бол делінген, – деп «Өсиет» өлеңінде бекер айтпаса керек. Мақтанышымыз, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов «Баянауыл дуаны жайында» деген  зерттеу еңбегінде ел басынан кешкен ауыр жағдайға да байланысты Баянауыл қазақтары 1849 жылдары Бетпақтың даласын екі жыл бойы паналап барып еліне қайтқан, деп жазылған. Осындай ауыртпашылық кезеңдерде жоңғар, орыс басқыншыларынан теперіш көрген Жетісу қазақтары ХІХ ғасырдың орта шенінде 10 жыл бойы Шу, Талас өңірлерін паналап аман-есен туған жерлеріне оралған. Ел еркіндігі үшін күрескен, бар ғұмырын қазақтың қамына арнаған, қоқандарға қарсы күресте көтерілісшілердің кө­се­мі болған, қызыл өкіметтің саясатын қолдамай қарсылық білдірген атақты Иманжүсіп 1929-1930 жылдары Мойынқұмды паналаған. Қызылдардың жандайшаптары оны осы жерден ұстап, 1931 жылы ату жазасына бұйырған. Отызыншы жылдардағы Созақ кө­те­рілісіне қатынасқан 8 адам Мойынқұм жерінде ұсталып, оққа байланған. Кейіндері сол жердегі ауыл біраз уақыт Семисозақ деп аталып келді. Сәкен Сейфуллин атаман Анненковтің «Азап вагонынан» қашып шығып, Әулиеатаға беттегенде, ақиық ақынды Бетпақтың даласымен ол кезде өткел бермейтін екі жағы қамыс пен тоғай Шу өзенінен өткізіп, артынан қуып келе жатқан ақ жендеттерден құтқарып, аман-сау  діттеген жеріне жеткізіп, сенімді серік болған мойынқұмдық Сүйіндіков Сапақ еді. Сәкен өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында ол кісіні батыр деп ризашылық білдіріп, құрметтеп атап көрсеткен. Қасиетті Мойынқұм небір дастандар мен жырларға да арқау болған. Мәселен, «Ақсақ құлан» күйі бәрімізге де белгілі. Білетіндердің айтуы бойынша, Жошы хан дейді, мүмкін солай да болар. Хан баласы атқа мініп құлан аулауға шығып қызықтап жүргенде, ашынған құландардың тепкісінен мерт болған. Сөйтіп, хан баласының бас киімі бір жерде, шоқпары екінші жерде қалып кеткен. Сүйегі үшінші жерден бір жылдан соң табылған. Ол жерлердің атауы Құлақшын, Шоқпар, Ақсүйек болып аталып кеткен. Хан өлген баласының кегі үшін 2-3 жыл бойы үлкен ор қаздырып, оған құландарды айдап түсіріп қырған екен. Қазіргі «Ханның оры» деп аталатын жер осы. Сонымен бірге, Балқаш көлінің терістігінде, шамамен 15 шақырымдай жерде, Хантауының терістік баурайынан тасты ойып тұрып тереңдігі 15 метрдей, екі жағынан түсіп шығатын тепкіншегі бар, алдындағы ағып жатқан бұлаққа қарай шығатын есігі бар, диаметрі 25 метрдей жай жасаған. Ол «Хан қорасы» деп аталып кеткен. Қазақтың айбынды ақыны Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастаны мен Сауытбек ақынның «Ақбөпе» әніне өзек болған ару Мойынқұм жерінде жай тапса, Ақбөпе сұлу осы жердің тумасы. Махаббатына адал Құралай сұлу сүйгені Келден батырмен ата-анасының қарсылығына қарамай қашып шығып, Шу бойына жетіп, демалып суға түсіп жатқан сәтте ну қамысты мекендеген жолбарыс шауып мерт еткен. Сұлудың денесі Шу бойы, қазіргі Кіші Қамқалы жерінде жерленген. Сол жер махаббаттың ескерткіші есебінде саналады. Мойынқұмның тумасы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов Құралай сұлу басына үлкен күмбез тұрғызып, маңайын абаттандырып, азаматтық жасады. Өткен жылы күзде Мойынқұм жұртшылығы күмбез басында болып, оның ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып ас берілді. Айта берсе, әңгіме көп. 30-жылдардағы Голощекиннің «Кіші Октябрь» саясаты титықтап отырған жандарды аяусыз есеңгіретті. Ел 1930-1933 жылдары ашаршылықтан қырылды, біразы босып, күн көріс қамымен жер ауып, шетелдерді паналады. Көнекөз қариялардың еске алуы бойынша, қайсібір әулеттерден тұқым да қалмаған. «Кіші Октябрь» саясаты онсыз да сауаты аз, бірлі-жарымды оқығандарын да «халық жауы» деген айдар тағып, біраз адамдарды түрмеге тоғытты, атты. Мысалы, бір ғана кішігірім Коминтерн ауылынан 14 адам атылып, түрмеде азапталып, өмірден өтті. Бірде-біреуі елге оралмады. Халық жауы болғандардың тең жартысы сауатсыз болған. Мұндай жай әр ауылда кездеседі. Есеңгіреген ел енді-енді есін жия бастағанда екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Ел басына күн туған заманда ел қорғауға мойынқұмдықтардан 3010 адам аттанып, ерлікпен шайқасты, 880 адам майдан алаңында қалып, мәңгілік жай тапты. 147 адам хабар-ошарсыз кетті. 1983-і елге оралды, көпшілігі жаралы. Елге оралғандардың басым көпшілігі соғыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін мемлекет тарапынан орден, медальдармен марапатталды. Ұланбелде туып-өскен, кейін Түркіменстанға қоныс аударған Мәди Бегенов жаумен ерлікпен шайқасып Кеңес Одағының Батыры атанды. Күләш Майбасова апамыз Калининградтағы офицер ағасына бара жатып, соғыс ойранына тап болып, Украина жерінде партизандарға қосылып, жау тылында шайқасты. Жұрт бұл кісіні «партизан апа» деп кетті. Әзір көзі тірі, 95-ке келген Әлмахан Смайылов 6 жыл бойы атақты С.Буденныйдың атты әскер құрамында жаумен шайқасты. Соғыстың басталуынан аяқталуына дейін қатысқан Әлекең алапат шайқастарды үнемі еске алып отырады. Ел соғыс зардаптарын жойып, қалпына келтіруге жұмыла кірісіп еңбек етті. Халық шаруашылығын көтерудегі жанқиярлық еңбектері үшін көптеген мойынқұмдықтар мемлекет тарапынан құрметтеліп, марапатталды. 10 ауыл шаруашылығының еңбеккерлері Социалистік Еңбек Ері атанды. Мал өсіріп, толайым табысқа жеткені үшін ел құрметіне бөленіп, Жазылбек Қуанышбаев екі мәрте Еңбек Ері атағына ие болды. «Дала академигі», «малшылардың маршалы» деген атаққа, халық қошеметіне бөленді. Жазекең КСРО, ҚСР Жоғарғы Кеңестеріне депутат болып сайланды. Мәскеуде, Съездер сарайында коммунистік партияның Бас хатшысы Л.И. Брежнев өзі келіп сәлемдесіп, арқасынан қаққан. Ағыбай батыр бабамыздың фото­суретін Ленинградтағы Эрмитаждан тау­ып, елге ең бірінші болып көбейтіп таратқан, табыстырған осы Жазекең. Жалпы, Жазекеңнің түр-тұлғасы мен мінезі, адамгершілік қасиеттері бірін-бірі әдемі толықтырып тұрушы еді. Аудан абыройын асқақтатып, атағын шығарғандардың бірі Шотай Тайбағаров болды. Нар тұлғалы жігіт шыңдалған ше­берлігін көрсетті. Екі дүркін қой қырқудан КСРО чемпионы, Экономикалық Өзара Көмек Кеңесіне мүше елдердің абсолютті чемпионы, Қазақстанның бас жүлдегері атанды. Ал 1986 жылғы желтоқсанда азат­тық үшін күрестің басы-қасында жүрген жер­лесіміз, Мойынқұмның тумасы Қайрат Рысқұлбеков ше?! Еркіндік үшін кү­ресте әкімшілік-әміршілік жүйенің қолшоқпарлары жастарды бағытынан қайтарамыз деп ұрды-соқты, жас Қай­раттың өмірін қиды. Өміріне төнген қауіпке қарамай ол: «Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар. Еркек тоқты құрбандық, Атам десең атыңдар», – деп ұрандап өтті емес пе! Ел ұлы атанған Қайратқа Президентіміз өзінің Жарлығымен Халық Қаһарманы атағын берді. Қадір тұтқан еліміз Қайратқа ескерткіш орнатты, мәдениет ошақтарына, мектептерге, көшелерге атын беріп, құрмет көрсетті. Осындай тұғыры биік тұлғаны Мойынқұм ғана емес, бар қазақ құрметтейді. Етек-жеңі кең, қонақ келсе барын жаятын, жолдас-достыққа берік еліміз кешегі жаны қысылған заманда көптеген ұлт өкілдеріне пана болып, құшағына алды. Депортациямен келген немістер, чешендер, қарашайлар, балқарлар, күрділер күні бүгінге дейін қазақтың қамқорлығын еске алып, ризашылығын, алғысын жаудырып отырады. Осындай жағдаймен жер ауып келген орыс «патриоты» А.Солженицын 4 жыл бойы Мойынқұмды мекендеді, паналады. Құрметін көрді, асырады десе де болады, сол «патриот» су ішкен құдығына түкіріп алжасты, жақсылықты ұмытып жанын сақтаған Қазақ еліне қарсы топырақ шашты. Дәл осындай жағдаймен келген Лениннің оққағары, латыш атқыштарының бірі болған Вилис Крастин кейінгі жылымық заманда ақталса да өле-өлгенше қазақтарға риза болып кетті. Денесі де өмірден өткен соң Бірлік ауылында жай тапты. Мойынқұм ауданының ауа райы әртүрлі, Бетпақ даласы, Мойынқұмның құмы, Шу бойының әрқайсысында өзгешеліктері көп. Қыстың 40 градус аязы мен желінен бастап, жазғы 40 градус аптап ыстығы, ортасында Шу бойының қоңыр салқыны, шегедей қатып жатқан тақырлары, ойдым-ойдым жер алып жатқан сор құмы, көкмайсалы шалғыны, ну қамыс, ағаштары аралас орманы, тарыдай шашылып жатқан аң-құстың мекенді көлдері, ең қажеттісі адамдарды қызықтыратын таза алтындай ауасы. Табиғат, оның байлығы – Жаратушының сыйы. Аялай білгенге берері көп, адамға қызмет етеді. Жеріміздің асты да, үсті де тұнған байлық. Ашылғаны да көп, ашылмай жатқан сыр сандығы қаншама, ол болашақтың үлесі. Әлі де Мойынқұм жері талайларды таңғалдырып, таңдай қақтыратын болады. Осыншама жерді өзінің табиғи жаратылысына қарай мекендейтін аң-құстар көптеп саналады. Арқар, құлан, киік, қарақұйрық, елік, қоян, жыртқыштардан – қасқыр, шиебөрі, борсық, қабан, түлкі, құстардан – дуадақ, кекілік, шіл, бөдене, қырғауыл, қарақұс, ителгі, лашын мекен­дейді. Жыл құстары: үйрек, қаз, қасқалдақ, аққу, бірқазан, бұлдырық, тырна, көкқұтан, шағалалардың жаздық мекені болып саналады. Көлдері сазан, лақа, шортан, ақ­қайран, торта балықтары мен неше түрлі су жәндіктеріне бай. Мойынқұмның осын­дай тамаша табиғаты әуесқой аң­шылар, балықшылардың қызықтап демалып құмарларын қандыратын мекен­ге айналуда.  Бір кездері Шу бойы жол­ба­рыс­тардың да мекені болғандығы аңыз-әңгімелерде, жазбаларда көрсетілген. Жазушы М.Мағауиннің «Шақан шері» кітабында Балқаш, Шу бойы жолбарыстың мекені болғаны көрсетілсе, бұл күнде 95 жастағы Қылышбай ауылының қариясы Әлмахан Смайылов ағайынды Ыса мен Зәуірдің қақпанына жолбарыстың түсіп, олжалы болғандығын, Ысаға байқаусызда шауып, арқа терісіне тырнағы батып қан-жоса болғанын өз аузынан естігенбіз. Бұл оқиға 1900 жылдардың басында болған. Ал, 1952 жылы ауыл қариясы Адамжан Сма­ғұлдың әкесі Тезекбаев Смағұлдың жас кезінде жолбарыс күшігін қақпанымен алғанын қызықтап айтқаны есімде. Сол алған күшігінің бір азу тісін шүбереке орап әкеме бергені, оның бесікке ырым есебінде байлағаны бар. Жері де, елі де, тарихы да бай, құшағы кең, алақаны ашық, Қазақ хандығы алғаш өмірге келген жер, Жамбыл бабам туған жер, Жазылбек тәрізді атамыздың, Қайрат сынды қаһарманымыздың алтын бесігі болған Мойынқұм жері, шынында да, киелі жер ғой! Бұған қалай мақтанбаймыз! Шіркін-ай, тарихтың қайнаған ордасы болған жерде, Алматы – Астана, Ас­тана – Бішкек – Ташкент жолдарының тоқайласқан жері – Бурылбайталда, Балқаш көлінің жағасы, Қозыбасының маңында әр кезде, әр жерде әңгіме арқауы болып жүргендей ескерткіш есебінде үлкен монумент тұрғызылып, жанынан демалыс орны, аялдама жасалып, халыққа қызмет етсе, нұр үстіне нұр болар еді ау!   Есенаман ОШАҚБАЕВ, еңбек ардагері, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы.