
Жаңбырлы күз ел ырыздығын шашпай-төкпей жинап алуға бар ынта-жігерін жұмылдырған диқандар қауымының адымын аштырмай тұр. Жер сәл дегдісе болды, семіз тоқтының күзгі жүніндей шудаланған бұлт аспанды лезде торлап алып, ақжауын жауып кетеді. Бір күн жауын жауса, екі-үш қаңтарылып босқа тұрады. Қас қағым сәт қымбат. Диқандар сондықтан ашық кезді мейлінше ұтымды пайдалануға тырысады.
Күні бүгінге дейін бес миллион тоннадан астам астық жиналды. Гектар берекесі 15,6 центнерден айналып отыр. Жиналған астықтың басым бөлігі сапалы. Астықты алқаптардың 70 пайыздан астамы игерілді. Енді бір апта күн ашық болса бар жұмыс мәреге жетеді. Майлы дақылдардың 94,7 мың гектары орылды. Шығымдылығы гектарына 10,8 центнер төңірегінде.
Бурабай ауданындағы «Бурабай» Агрофирмасы» 2007 GCK» серіктестігі биыл 35 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Өткен жылы 15 мың гектарға бидай ексе, биылғы жылы 12 мың гектар төңірегінде. Шаруашылықтың бас агрономы Әсел Ағзамованың айтуынша, серіктестік кейінгі үш жыл бойы тиімді дақылдар алқабын ұлғайтуды мақсат тұтып келеді.
– Барлық егістік алқаптың 60%-ға жуығын жинап алдық, – дейді бас агроном, – Гектар берекесі 23-24 центнерге жетті. Бұршақ дақылды тұқым егілген алқаптар толық жиналды. Міне, біз тұрған алқаптағы астықтың ылғалдылығы қазір 13% болып тұр. Астықты уақтылы жинап алу бар да, сапасын жоғалтпай сақтау бар. Бұл ретте шаруашылық технологияның соңғы жетістігін пайдаланады. Үлкен қаптарға 6 мың тонна астық жинадық, қалғанын элеваторларға жеткізудеміз.
Облыс элеваторларына жаңа астықтың 1,1 миллион тоннасы жеткізілді. Лицензияланған 66 астық сақтау кәсіпорындары 4,3 миллион тонна өнімді сақтай алады. Оған ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы 2,9 тонналық астық қоймаларын қоссақ, қыруар дән ысырап болмайтынына сенім мол. Қазірде 264 астық кептіретін құрылғы жұмыс істеп тұр.
Бұланды ауданындағы «Арна» астық қабылдау кәсіпорны өңірдегі дәнді дақылдардың барлық түрін қабылдап, сақтайтын серіктестік. Сыйымдылығы – 167 мың тонна. Кәсіпорын басшысы Клара Меңдібаеваның айтуынша, жыл соңына дейін үшінші нысан пайдалануға беріледі. Сол кезде қуаттылығы тағы да 60 мың тоннаға артады. Кәсіпорында біз болған күні 105 тонна өнім қабылдағанын естіп білдік. Оның 30%-ға жуығы майлы дақылдар.
Кәсіпорын жаңа желілік кептіру құрылғысын сатып алыпты. Бұл құрылғымен 100 мың тонна астық кептіруге болады. Майлы дақылдар ақмолалық диқандардан ғана емес, көршілес үш облыстан, атап айтқанда, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстаннан да жеткізіледі. Бидайды іргелес жатқан аудандардың диқандары тапсырып жатыр.
Еңбек көрігін қыздырып жатқан шаруашылықтың бірі Бұланды ауданындағы «Елтай Агро» серіктестігі. Шаруашылық басшысы Қазақстан Жанәділовтің айтуынша, бидай, арпа, сұлы, зығыр еккен.
– Гектар берекесі биылғы жылы 26 центнерден айналып отыр, – дейді серіктестік басшысы. – Осының барлығы көктемгі егістің сапалы өткізілуінің нәтижесі. Оған мемлекеттің қолдауы септігін тигізді. Қажетті қаржы қолымызға уақытында тиді. «Кең дала», «Кең дала 2» мемлекеттік бағдарламаларының арқасында көктемгі егіске тас түйін дайын болдық. Элита тұқым алдық, қосымша бөлшектер, жанар-жағармай тәрізді қажеттіліктің барлығы уақытында шешілді. Күзгі егін орағында да осындай көмекке ие болып отырмыз, – деген Қазақстан Халелұлы кадр мәселесі барлық жерде бірдей екенін, осы жайды әріден ойлап, ауылдың еңсесін көтеруге талпынып жатқанын, сол арқылы ел ішіндегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жақсарса, көшіп кеткендердің қайтып келуі де әбден мүмкін екенін айтты.
Ауылға оралғандар да аз емес. Солардың бірі – Таласбай Айтымов. Жеті жыл Астана қаласында тұрыпты. Балалары өсіп-жетіліп, өз қолдары өз ауыздарына жеткен соң кір жуып, кіндік кескен топырағына қайта оралған. «Елтай» ЖШС үш бөлмелі үй беріп, отын, көмірмен қамтамасыз еткен. Таласбайдың жары да механикаландырылған қырманда жұмыс істейді.
Елге тірек болып отырған серіктестік еңбеккерлеріне толымды еңбекақысын уақытында төлейді. Алдағы уақытта мал шаруашылығын да дамыту ойда бар. Бұл өте керек іс. Мал шаруашылығын дамытса, механизаторларға да қысы-жазы жұмыс табылады. Бір қуанарлығы, осы маңайдағы ауылдардың ажары кіріп келеді екен. Ел еңсесін көтерген адал еңбек деп түйсіндік біз.
Ақмола облысы