Футбол • Бүгін, 08:20

«Қайрат» «Реалды» жеңе ала ма?

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін – Алматыда футбол мерекесі. Құрылғанына 70 жыл­дың бедері болған «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лига­сының жалпы кезеңіндегі кезекті матчына қа­ты­сады. Қарсылас – УЕФА Чемпиондар лигасын 15 мәрте жеңген Испа­нияның «Реал Мадрид» клубы.

«Қайрат» «Реалды» жеңе ала ма?

Кешелі бері ұй­қы­сы қашқан алматы­лық­тар «Тойдың бол­ғанынан боладысы қызық» екенін сезініп жатыр. Тек шаһар тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден, шетелден табаны тиген жанкүйерлер де «Қайрат» пен «Реал Мадрид» тартысының даңқын биіктетіп жіберді. 28 қыркүйектің түнінде Алматыға қонған «Реал Мадрид» командасын ұйымдастыру­шы­лар әуе­жайдан сән-салтанат­пен қар­сы алды. Сегіз сағат бойы қаз­бауыр бұлттардың үстінде қалық­тап жеткен қонақтар ат бай­лап, аялдаған қонақүйді маңай­лаған жанкүйерлер әлем жұл­дыздарының әр қимы­лын мүлт жібермей торуылдады.

Корольдік клубтың бас бап­кері Хаби Алонсо қақпашылар Тибо Куртуа, Андрей Лунин, Хави Наварро, қорғаушылар Давид Алаба, Рауль Асенсио, Альваро Каррерас, Фран Гарсия, Дин Хейсен, Давид Хименес, жартылай қорғаныста Джуд Беллингем, Эдуардо Камавинга, Федерико Вальберде, Орельен Чуамени, Арда Гүлер, Дани Себальос, шабуыл шебінде Винисиус Жуниор, Килиан Мбаппе, Эндрик, Родриго, Ганса­ло Гарсия, Браим Диас, Фран­ко Мастантуононы «Қай­ратқа» қарсы матчқа шақыртты. Әлем футболының осындай бел­ді өкілдерін көруге жанкүйер қауым­ның ықыласы артып, ынтызар болуы заңдылық та.

Мұндай абыр-сабырда тиы­нын пұлдап, теңгелеп пайда көргісі келетін алыпсатарлардың да айы оңынан туатыны белгілі. Клуб өзінің ресми сайтында матчтың билеті 23 қыркүйекте кешкі сағат 17:00-ден бастап сатылатынын хабарлады. Клубтың ресми сайты мен Ticketon платформасында сатылымға шығып, ЖСН бойынша бір адамға тек екі билет қана сатылатыны айтылды. Деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де мұқият тексерілетінін ескертті. УЕФА-мен келісілген, барлық ойынға бірыңғай белгіленген билеттің бағасы секторға қарай 30 000-250 000 теңге аралығында сатылды. Баға саясаты турнир талаптарына, Чемпиондар лигасы матчтарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келді деп мәлімдеді клуб өкілдері. 300 мыңнан астам жанкүйер платформаға алдын ала кезекке тұрды. Сатылымға түскен билеттерді жанкүйерлер үш сағаттың ішінде пышақ үстінен бөліп әкетті. Есесіне енді әлеуметтік желі бетінде билет сатушылардың хабарламасы көз сүріндіріп тұр.

1958 жылы салынған Алма­тыдағы «Орталық стадионның» сыйымдылығы – 23 804 орын. Стадиондағы орындардан квота клубтың әлеуметтік бағыт­тағы ұстанымдарына сай пара­лимпиадалық спорт түр­лерімен шұғылданушыларға, «Қайрат» академиясы мен клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілеріне, қыз­меткерлер мен ардагер ойын­­шыларға берілді. Сондай-ақ «Қай­раттың» демеушілеріне екі­жақты серіктестікке орай билеттер берілді. 20 мыңнан астам билетке күнұзақ кезекке тұрған жанкүйерлердің көпшілігіне матчты стадионнан тамашалау орайы тумады.

«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин бүгінгі матчтағы басты нәтиже жеңіс екенін айтты. «УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығып, әлемнің таңдаулы клубтарына қарсы ойнау ақиқатқа айналды. Біз бүгін ойынның сапасына мән беруге күш саламыз. 18 қыркүйекте Лиссабонда «Спортингке» қарсы өткен ойында қарсыластың деңгейі бізден әлдеқайда жоғары екені анық байқалды. Олардың қысымына барынша шыдас бердік. Бірне­ше сағат ұшып, ерсоқты болып шаршағанымыз да әсер етті. Бүгін өз алаңымызда әлемнің үздік клубына қарсы ойнаймыз. «Реал Мадридтің» бас бап­кері Хаби Алонсо бұған дейін Германияның «Байер» клубын баптаған кезеңде әр жаттығу тәсілдерін ғаламтордан көріп, тәнті болатын едік. Өте білікті бапкерден көп нәрсе үйрендік», деген Рафаэль Уразбахтин корольдік клубтың тізгінін ұстағанына төрт ай ғана болған Алонсо мақса­тын толық іске асырмағанын, әлі де шеберлігімен даңқы асқақтайтынын айтты. Өзі үлгі тұтқан бапкердің баулыған футболшыларына қарсы тартысқа түсудің жауапкершілігі зіл батпан екенін де атап өтті.

Алматылық «Қайрат» бүгін мадридтік «Реалға» қарсы тартыста қайрат таныта ала ма? 27 қыркүйекте Испания Ла Ли­гасының кезекті турында «Атлетико» ойыншылары «Реал» командасын 5:2 есебімен ойсырата ұтты. «Қайрат» ел чем­пионатындағы маңызды матч­тың бірі саналған тартыста «Жеңіс» клубын 3:1 нәтижесімен жеңді. Бас бапкер бүгінгі тартыс­та ұпай олжалауға барымызды саламыз деді. Лайым солай болғай. 

Соңғы жаңалықтар