19 Ақпан, 2015

Уақытпен үндескен үндеу

293 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар Қа­зақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс прези­денттік сайлау өткізу туралы бастамасын қолдау бойынша Елбасына Қазақстан Парламенті Мәжілісінің үндеуін жолдады. ҚХА Кеңесінің президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы үндеуін қарауды күн тәртібіне енгізуді Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев ұсынды. Депутаттың бұл ұсынысы әріптестері тарапынан бірауыздан қолдау тауып, күн тәртібінің бірінші мәселесі болып қаралды. Үндеу жария етілгеннен кейін депутаттар Сергей Дьяченко, Нұртай Сабильянов, Владислав Косарев, Гүлнар Сейітмағанбетова, Виктор Киянский, Азат Перуашев, Әлихан Тойбаев, Ирина Аронова, Тұрарбек Асанов, Серік Сейдуманов және Бақытбек Смағұл жарыссөзге сұранып, өз қолдауларын нақты мысалдармен дәйектеді. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко былай деді: «Бұл – көпэтносты қоғамның сыртқы жағымсыз факторларға деген жауабы. Әлемде жаһандық дағдарыс белең алып келеді және геосаяси жағдай ушыға түсуде. Болжамға қарағанда, мұның барлығы шиеленісіп кетуі де мүмкін. Сондықтан да қазақстандықтарға сындарлы, прагматикалық және стратегиялық алдын алу жағын ойластырған жөн. Қазіргі кезде Қазақстан халқының бірлігі мен ұжымдасуын нығайту маңызды». Ал депутат Нұртай Сабильянов ҚХА үндеуін қолдап қана қоймай, осы бастаманы қолдау туралы депутаттар өтінішін де жеткізу керектігіне назар аудартты. Жарыссөз соңынан Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов та әріптестерін қолдай отырып, былай деді: «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле демекші, бүгінгі аумалы-төкпелі заманда баршамыз тізе қосып, тілек ұштастырып, мүдде тоғыстырып, Қазақстанды Мәңгілік Елге айналдыру үшін аса маңызды осы саяси іс-шараны бірге атқарысайық! Бұл сайлауды халық сұрап отыр. Халықтан асқан дана жоқ дейміз». Осындай ұсыныстар Пар­ла­ментке еліміздің барлық өңір­лерінде тұратын және халықтың түрлі әлеуметтік топтарының өкілдері болып табылатын сайлаушылардан бірнеше рет түскен болатын. «Бұл бастама саяси партиялардан, азаматтық қоғам институттарынан, кәсіпкерлерден, ардагерлер мен жастардан қызу қолдау тапты. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу қажеттігі туралы қоғамдық пікір Қазақстанға ықпал етіп отырған объективті геосаяси және сыртқы саяси жағдайларды ұғынудан туындаған. Болып жатқан жаһандық өзгерістер олар­ға біздің тарапымыздан тиісінше ден қоюды талап етеді. Бұл жолда табысқа жету халқымыздың Елбасы мен ол ұсынған іс-қимыл бағдарламасы төңірегіне топтасқандығын тағы бір қуаттаған жағдайда ғана мүмкін болмақ», деді Қабиболла Қабенұлы. Спикер бұл ретте жалпы­ха­лықтық бастаманы депутаттық корпус қолдап отырғандығын, өйткені, таяу уақытта бүкіл қоғамның күш-жігері әлемдік дағдарыстың қауіп-қатерлерін Отанымызды дамытудың жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларына айналдыру ісіне бағытталуға тиістігін де атап кетті. «Біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары осы сайлау Қазақстанның мемлекеттілігін одан әрі нығайта түсу жолындағы аса маңызды стратегиялық кезең болатынына сенімдіміз. Халқының сенім мандатына ие болған Мемлекет басшысының бастауымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасының барынша тиімді іске асырылуы қамтамасыз етілетін болады», деді Төраға. Талқылау қорытындысы бой­ынша мерзімінен бұрын пре­зиденттік сайлау өткізу туралы ҚХА Кеңесінің бастамасын қол­дауды сұрап Елбасы атына Мәжіліс депутаттары қабылдаған үндеу бойынша Парламент Мәжілісінің тиісті қаулысы қабылданды. Бұдан кейін депутаттар «Ха­лық­аралық әуе тасымалдарының кейбір қағидаларын біріздендіруге арналған конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, оны мақұлдау керек деп шешті. Ол бойынша баяндаманы Инвестициялар және даму вице-министрі Жеңіс Қасымбек жасады. Конвенция нормаларына сәйкес жолаушы әуе кемесінің бортында немесе түсіру бойынша кез келген операциялар кезінде қайтыс болған немесе дене жарақатын алған жағдайда келтірілген зиян үшін авиатасымалдаушы жауапты болады. Сонымен қатар, тіркелген жүк жойылған, жоғалған немесе бүлінген жағдайда келтірілген зиян үшін де авиатасымалдаушы жауапты. Бұдан басқа, авиатасымалдау­шы жолаушыларды, жүкті әуе арқылы тасымалдау кезінде оның кешігуі салдарынан келтірілген зиян үшін де жауап беретіні Конвенцияда бар норма. Заң жобасында өзге де жауапкершілікке қатысты бірқатар баптар көрініс тауып отыр. Сондай-ақ, депутаттар Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының мақсаты тариф белгілеу үдерісінің және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-эко­но­микалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификация­лау туралы заң жобасы да қолдау тапты. Энергетика вице-министрi Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, екiжақты келiсiмді жүзеге асыру мерзімі аяқталуына байланысты тараптар Еуразиялық экономикалық кеңестiң келiсiмшарты аясында 2016 жылғы 1 қаңтарға дейiн мұнай және мұнай өнiмдерiнiң ортақ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын бекiтеді. Және де 2018 жылғы 1 қаңтарға дейiн ЕАЭО-ға мүше елдердің мұнай және мұнай өнiмдерiнiң ортақ нарығында бағдарлама жасаулары қарастырылған. Осыған орай, тараптар 2024 жылғы 1 қаңтарға дейiн бағдарламадағы барлық iс-шараларды iске асыруы және 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін ЕАЭО мұнай және мұнай өнiмдерiнiң ортақ нарығын құру туралы халықаралық келiсiмшарт жасаулары қарастырылған. Палата, сонымен бірге, 2015-2017 жылдарға арналған респуб­ли­калық бюджетке түзетулерді, Қазақстан мен Қытай арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мем­лекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы хаттамаға өзге­рістер енгізуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін бекітіп берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар