Өндіріс • Бүгін, 09:35

Машина жасау саласы: шикізат мәселесі шешімін таба ма?

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қыркүйектің соңғы жексенбісі – машина жасаушы күні. Үкіметтің ресми дерегінше, биыл 6 айда машина жасау 11,1% өсім көрсетті. Өңдеуші өнер­кә­сіптегі үлесі 19%-ға жетті. Автомобиль жасау жалпы көлемнің 41%-ын құрап отыр. Қазір елде «JAC», «Chevrolet», «KIA», «Lada», «Jetour», «Hongqi», «Skoda», «Hyundai» және «Genesis» маркалары шығарылады. Биыл Алматыда мультибренд зауыты, Қостанайда «KIA» зауыты іске қосылмақ. «Changan», «Haval», «Chery» көліктері құрастырылып, өндіріс көлемі ұлғая түспек. Жыл соңы­на дейін 147 824 көлік шығару көзделген.

Машина жасау саласы: шикізат мәселесі шешімін таба ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Инвестиция игілігін көріп отыр

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, сала индустриялық өсудің негізгі драйверіне айналды. Бірінші тоқсанда ішкі жалпы өнімдегі машина жасау көрсеткіші 2,3%-ға жеткен, бұл – металлургиядан кейінгі екінші орын.

«Былтыр саланың өңдеу өнеркәсібін­де­гі үлесі 18,9%-ға жетті. Тұтас еліміз бойынша 4,3 мыңнан астам кәсіпорында 131 мыңнан аса адам еңбек етіп жатыр. Саланың инвестициялық тартымдылығы да артып келеді. Биыл жеті айда негізгі капиталға құйылған инвестиция екі есеге жуық өсіп, 163 млрд теңгеге жетті. Ауқымды жобалармен бірге жаһандық брендтер келіп, олардың айналасында металды өңдеуден электроникаға дейін жергілікті жеткізушілердің кластері қалыптаса бастады. Бұл мыңдаған жаңа жұмыс орны, технологиялар трансфері және ең бастысы, отандық инженерлердің кәсіби сапасы күшейе түседі деген сөз», дейді министр.

Биыл инвестиция көлемі 302,1 млрд теңгеге бағаланатын 20-дан аса жаңа өндіріс іске қосылған. Нәтижесінде, 6,2 мың жұмыс орны ашылды. Алдағы кезеңде 464,6 млрд теңге болатын 29 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Демек, қосымша 5,4 мың жұмыс орны ашылады.

«Тағы бір маңызды мәселе – жоғары тех­но­логиялы тораптардың үлесі өсіп келеді. Елімізде теледидар, кір жуғыш машина және басқа да тұрмыстық техниканың өндірісі жолға қойылды. Электртехникалық өнімдер желісі кеңейді. Мұнай-газ саласына арналған жабдықтар бойынша бірлескен жобалар іске қосылуда. Теміржол машина жасау саласында жолаушылар вагондары мен локомотивтерді локализациялау деңгейі 40-50%-ға жетті. Бұл әрбір өнімде жергілікті инженерияның үлесі артқанын білдіреді», деді Ерсайын Нағаспаев.

 

Бірқатар мәселе де бар

«Karlskrona LC AB» бас директоры Талғат Алпысбаевтың айтуынша, салада өндіріс көлемі өсіп келеді, өнім түрлері кеңейіп жатыр. Кейбір бағытта өсім әлеуеті өте жоғары. Бірақ шешімін таппаған жүйелі мәселелер бар. Соның бірі – отандық өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету жайы.

Кәсіпорындар сапалы әрі қолайлы баға­дағы материалдарды ел ішінен таба алмай отыр. Осы себепті, металл өнім­де­рін және басқа да қажетті заттарды сырттан әкелуге мәжбүр. Бұл шетелдік фак­тор­ларға тәуелділікті арттырып, тәуе­кел­дерді көбейтеді. Мысалы, 2023 жылы еліміз қара металлургия өнімдерін 3 млн тонна көлемінде 2,5 млрд долларға импорттады. Ал «Қармет» ішкі нарыққа бар болғаны 700 мың тонна сатты. Бұл өндірістің 24%-ына тең. Сонымен қатар құны небәрі 800 млн теңге болатын 11,5 млн тонна руда мен концентрат экспортталды.

«Заң бойынша түсті металлургия өнімдері – алюминий, мыс, мырыш ішкі нарыққа экспорттың ең төмен­гі бағасынан жоғары емес деңгейде жет­кізілуге тиіс. Бірақ қолданыстағы ережеде баға Лондон биржасынан 5% жеңілдікпен белгіленген. Бұл – заңға қайшы жағдай. Сонымен қатар қара металл, болат, шойын, прокат, полимер сияқты маңызды материалдар мүлде тізімде жоқ. Ішкі өңдеуді ынталандыру үшін осы тәсілдерді қайта қарау қажет. Тиімді шешімдердің бірі – шикізат экспортына тарифтік реттеу енгізу. Бұл ел ішінде қосылған құнды сақтап, жаңа өндірістерге инвестиция тартуға ықпал етеді. Қытай тәжірибесі мұны дәлелдеп отыр. Шикізат экспортына тыйым салынып, өңдеу деңгейі жоғарылаған сайын экспорттық тариф төмендетіледі», дейді Т. Алпысбаев.

Тағы бір маңызды мәселе – қаржы­ландыру. Өндірісті жаңғырту мен жаңа технология енгізу үшін ұзақмерзімді әрі қолжетімді инвестициялар қажет. Машина жасауды дамытудың кешенді жоспары аясында бес жылда 600 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бірақ былтыр жос­парланған 50 млрд теңге жеткізілмеді.

«Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетігі тоқтатылды. Бұл кәсіпкерлер ең жиі пайдаланған қолдау құралы болатын. Осы тетік арқылы 3,5 млрд теңгеге дейінгі несиелерді 8–10%-бен алу мүмкін еді. Енді «Бәйтерек» холдингі ұсынған жаңа шартта мөлшерлеме 12,6% болды. Бұл – технологиялық тұрғыда күрделі жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін ауыр жағдай», дейді «Karlskrona LC AB» бас директоры.

 

10 мың жүк көлігін шығарады

Саладағы бас көтерер зауыттың бірі – «СемАЗ». Компания бас директорының орын­басары Қадыролла Жұмағұловтың сөзін­ше, автокөлік құрастырумен айналыса­­тын кәсіпорындар осы бағытта тұрақты түр­­де дамып келеді.

«Бүгінде зауыт отыздан астам үлгі шы­ға­руды игерді. Олардың қатарында ар­на­йы техника, әскери машина, орта тон­наж­­ды көліктер бар. Бұл өнімдер Қор­ғаныс министрлігіне, Ішкі істер ми­нистр­лігіне, Төтен­­ше жағдайлар қызме­тіне, Ұлттық гвар­­­дияға жеткізіліп жүр. Орта тоннажды кө­лік­­тер жеке кәсіп­керлер арасында кеңінен тарал­­ған. Зауыт 7 үлгідегі қалаішілік автобустар мен екі үл­гідегі жүк көлігін жасап отыр», дейді ол.

Ал өндірістік қуаты – жылына үш мың трактор, 10 мың жүк көлігі мен 1200 автобус шы­ғаруға мүмкіндік береді. Қазір зауытта 400-ден астам адам еңбек етеді. Жаңа алаң пайдалануға берілген соң, 250 жұмыс орны ашылмақ.