Еңбек • Бүгін, 09:25

Еңбек түбі – береке

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2014 жылдан бері жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні атап өтіледі. Атаулы дата еңбектің қадірін, жұмысшы адам­ға деген құрметті, кез келген мамандықтың мән-маңызын дәріп­тейді. Басты идеясы – адал еңбекті насихаттау, қалтқысыз қыз­меті­мен, жауапты жұмысымен ел экономикасының қалыптасуы мен дам­уына негіз қалаған, лепті үлес қосып жүрген еңбек адамына құр­мет көрсету, өскелең ұрпаққа маңдай термен тапқан табыстың қадірін ұғындыру.

Еңбек түбі – береке

Еңбек адамы – отбасының шамшырағы, мемлекеттің қуат күші. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Адал азамат» ұғымын танытатын мұндай адамдарда еңбекқорлық, кәсіпкерлік пен жауапкершілік, сондай-ақ білім мен өзін-өзі дамытуға деген тұрақты ұмтылыс айқын көрінетінін атап өтті.

«Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Мен әр сөзімде осы мәселеге ерекше мән беремін. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген жақсы сөз бар. Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз елімізде жұмысшы мамандарын кеңінен дәріптеп, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатырмыз», деді Президент.

Адал азамат – адалдық пен әділдікті бірінші орынға қоя отырып, көп жұмыс істейтін, табысқа жететін жақсы қасиеттері бар адам. Адал еңбекпен келген жетістік «Еңбекпен келген табыс қана сіңімді» деген шынайы қанағат әкеледі.

Еңбек күні әлемнің 100-ден астам елінде атап өтіледі. Мереке күні аясында елімізде жыл сайын «Еңбек адамының» қоғамдық беделін көтеруге, жұмыс өнімділігін арттыруға, еңбекке құрметпен қарау мәде­ниетін қалыптастыруға, ең­бек дәс­түрлерін жалғастыруға бағыт­талған түрлі іс-шара ұйым­­дастырылады. Жастарды тәрбиелеуге, сондай-ақ кәсіп­орындар мен ұйымдарда ең­бек әулеттерін құру идеясын қолдауға ерекше назар аударылады. Айталық, 2016 жылдан бері «Еңбек жолы» республикалық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Аталымдардың бірі «Жұмыс істеп жүрген жастардың үздік тәлімгері» деп аталады, мұнда жеңімпаз ретінде 20 жылдан астам тәжірибесі бар, жүздеген жас маманды тәрбиелеген мамандар танылады.

Тұрғындарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – қашаннан әлеуметтік саясаттың басты бағыты. Мем­лекет басшысы 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматты жұмысқа орналастыруды тапсырды. Бүгінде жоспар 75% орындалды. 2025 жылдың басынан 534 мыңға жуық адам жұмыс тапты, олардың 141 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды. Сапалы жұмыс орындарының саны 2,6 млн-ға жетті, 2029 жылға қарай олардың саны кемінде 3,8 млн болады.

Елімізде 266 991 теңге орташа жалақымен 119 мың мүгедектігі бар адам еңбек етеді. Жұ­мыс­пен қамту бағдарламаларына 320,5 мың жас тартылған, оның ішінде 100 мыңнан астамы тұрақты негізде 49 мың жұмыс тапты.

Өңірлерде ардагерлер мен өндіріс шебер­лері, шаруашылық озаттары зор құрметке ие. Еңбек­кердің қоғамдағы беделін арттыру, қоғамдағы «Еңбек адамы» құндылықтарын ілгерілету, өнім­ді еңбекті ынталандыру, жұ­­мыс­шы мамандықтарды насихат­тау, жастарды өндіріс саласына тарту, жұмысшы әулет­тердің көпжылдық дәстүрін нығайту мақсатында бірқатар мем­лекеттік награда, сый-сия­пат­­ тағайындалған. Олар­мен кәсіпорындардағы, мекеме­лердегі, ұйымдардағы жемісті еңбегі, тиісті салалардағы жоға­ры көрсеткіштері үшін өнер­кәсіп, көлік, құрылыс, ауыл ша­руа­­­­шылығы, басқа да салалар­дың қыз­меткерлері марапатталады.

Қарапайым еңбек адамда­рының тынымсыз жұмысы арқылы өндіріс, ауыл шаруашы­лығы, құрылыс, көлік, білім, ден­­сау­лық сақтау салалары дамиды. Еңбекқор адам – тәртіп пен табандылықтың белгісі. Мұн­дай азаматтар жастарға үлгі, қо­ғамға сенім ұялатады. Қыз­­­метіне қарамай, кез келген адам­ның еңбегін бағалау – әді­­летті қоғамның басты көрсет­­кіші. Құрметке ие болған еңбек­­кер өз ісіне одан әрі ынтала­нып, кәсібилігін арттыруға тырысады.

Адамның жасампаз еңбекке адалдығы – оның отбасының мақтанышы, мәртебесі. Кез келген отбасының сенімді тірегі – өзінің еңбегімен, шеберлігімен байлықты қамтамасыз ете алатын, балаларға үлгі бола алатын, аға ұр­паққа қолдау көрсете алатын адам. Адал, еңбекқор адам лайықты мұра құрып қана қоймай, кәсібіне қарамастан кез келген еңбек құр­меттелетін қоғамды нығайтады. Қара­пайым жұмысшылардың арқасында өнеркәсіп пен өндіріс дамып, ел экономикасы күшейе түседі.

Еңбек – елдің ертеңі. Еңбек күнін атап өту – маңдай тердің қадірін тану, еңбектің қоғамдағы рөлін терең түсіну. Бұл – әр сала мамандарына алғыс білдіретін, жастарды адал қызметке ынталандыратын мерейлі мереке. Еңбек адамына құрмет көрсету – ел болашағына құрмет көрсету, қоғамның дамуына, елдің өркен­деуіне тікелей үлес қосатын қарапайым жұмысшы, шаруа, құрылысшы, жүргізуші, малшы секілді мамандардың еңбегін бағалау, қадірлеу – адамгершілік пен өркениеттіліктің белгісі.