21 Наурыз, 2015

Өзара ынтымақтастықтың маңызды қырлары талқыланды

219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
наурызга орнаменты

Әз Наурыз құт-береке әкелсін!

Кеше Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері басшыларының үш­жақ­ты кездесуі болып өтті. Осы басқосу қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік ынтымақтастықтың басымдығы бар салаларын қарастырды. Қазақстан мен Ресей президенттері, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимылдың қазіргі ахуалы мен екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі даму жайын талқылау үшін бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті. 20-0305 – Алда алуан түрлі оқиғалар тұр, соның ең бастысы – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы. Сонымен қатар, біздің еліміз ТМД-ға төрағалық етеді, соған байланысты Астанада Достастық мемлекеттері басшыларының кездесуі өтетін болады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумын өткізу жоспарланған. Жалпы, екіжақты іс-қимылдың көптеген мәселелері тиісінше шешілуде, – деді Қазақстан мемлекетінің басшысы. Қазақстан Президенті үш мемлекет басшысының кездесуі өңірде және әлемде болып жатқан оқиғалар жөнінде пікір алмасуға, сондай-ақ, жаһандық экономикадағы дағдарыс көріністеріне қарсы тұру шараларын пысықтауға мүмкіндік беретінін айтып өтті. Владимир Путин үшжақты кездесу өткізу туралы бастамасы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. – Біз үшін жақын серіктес және одақтастың бірі болып саналатын Қазақстанға әрдайым зор ықыласпен келемін. Әлемдік экономикадағы ахуал оңай болып тұрған жоқ. Қазақстанда және бүкіл посткеңестік кеңістікте, соның ішінде, Сіздің тікелей қатысуыңызбен құрылып жатқан экономика мен әлеуметтік сала жұмысының негіздері қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді деп сенемін. Әрине, біз мұны бұдан бұрынғы жылдардағыдай  бірлесіп атқарсақ, бүгінгі қалыптасқан қиын жағдайдан оңай шыға аламыз, – деді Ресей Президенті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ре­сей­дің арасындағы сауда-экономикалық қаты­нас­тардың бірқатар мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, әлемдік экономикалық  дағдарыс тудырған қиындықтарды еңсеру мәселелері туралы да сөз болды. Бізге белгілі болғанындай, Қазақстан мен Ресейдің сыртқы экспортының өзегін құрайтын мұнай мен газ бағаларының әлемдік рынокта құлдырауы елдер экономикасына кері әсерін тигізуде. Осының ықпалында екі елдің арасындағы өзара сауда көлемінің төмендегендігі байқалады.  Жалпы, бұл құбылыс барлық елдер арасындағы экономикалық қатынастарға тән проблема болып отыр. Кездесу барысында қазіргі кезеңнің осындай күрделі де тосын проблемаларын бірлесе отырып еңсеру мәселелері  басты әңгіме арқауына айналды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».