
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы бес жылда білім және ғылым саласына салынған инвестиция көлемі бес есеге артқан. Бұл ұлттық ғылымды дамытуға тың серпін беріп отыр.
««Зерттеу университеттері көбеюде, олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді. Қазірдің өзінде 300-ге жуық коммерциялық жоба жүзеге асырылуда. «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі қалыптасты. Әлемнің 40 жетекші жоғары оқу орнымен серіктестік орнатылды, елімізде 33 филиал жұмыс істеп тұр. Технология парктері мен инжиниринг орталықтары құрылуда. Ұлттық Ғылым академиясының беделі артып, әр аймақта Ғылым жөніндегі кеңестер іске кірісті», деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ғалымдардың мүддесін қорғау, кадрлық әлеуетті нығайту, жас ғалымдарға қолдау көрсету – алдағы уақыттың басты міндеттері екенін ерекше атап өтті.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданып, ғылымды басқарудың құқықтық негізі жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуы тиіс. Әйтпесе, күре жолдың шетінде қалып қою қаупі бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.