
Ғасырда сирек туатын тұлғаның ұлттық өнеріміздің дамуына қосқан еңбегі – өлшеусіз. Қазақтың қасиетті домбырасының үнін жалпақ әлемге тыңдатты. «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін құрып, халқымыздың рухани бай қазынасын дүние жүзіне мәлім етті. Біртуар тұлғаның ғасырлық тойы – елімізге ғана емес, әлемге ортақ оқиға. Сондықтан бұл дата ЮНЕСКО-ның халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енді.
Мазмұнды іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Аида Ғалымқызы құттықтау сөзінде қазақ музыкасы мен өнерінің ЮНЕСКО аясында лайықты бағалануы – мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.
«Париж төрінде, ЮНЕСКО-ның мәртебелі штаб-пәтерінде қазақ халқының ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы жоғары деңгейде тойланып отыр. Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары – қазақ халқының рухани әлемін паш етумен қатар, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін биік өнер туындылары», деді министр.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық мәдени мұрамыздың байлығы мен сан ғасырлық дәстүрлі мәдениетін әлемге насихаттау.
ЮНЕСКО сахнасында композитордың ғажайып туындылары салтанат құрды. Оны көрнекті тұлға өзі құрған «Отырар сазы» оркестрі орындады. Бүгінде ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері, композитордың қызы Дінзухра Тілендиева. Сондай-ақ концертте елімізге танымал өнерпаздар: Светлана Айтбаева, Әлішер Кәрімов, Фархат Кубиев, Гауһар Жұмағұлова, Асқар Мұқият, Абай Қойшыбаев, Расул Жармамбетов, Нұрғалым Аманбай, Аягөз Хайруллина, Жұлдыз Байжұма өнер көрсетті. Тыңдармандар қазақ әні мен күйінің сырлы сазына елітіп, тамаша әсерге бөленді.
Өрелі талант иесі музыканың барлық жанрын кәсіби меңгерген. Оның күйшілігі, домбырашылығы, композиторлығы, дирижерлігі – бір-бір әлем. Өнер шебері көзі тірісінде 500-ден астам музыкалық шығарма тудырды. 50-ден астам драмалық қойылым мен жиырмаға жуық отандық көркем фильмнің музыкасын жазды. Сонымен бірге композитордың халық жүрегінен жол тапқан әндерін жұртшылық әлі күнге дейін сүйіп тыңдайды. Оның шығармаларында еркін төгілген әсем әуен мен нәзік лиризм ғажап үйлесім тапқан.
Әсіресе айтулы тұлғаның өзі құрған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің орны бөлек. Мұндағы қос ішекті, үш ішекті домбыра, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ секілді қаншама ұлттық музыкалық аспаптардың орындауындағы шығармалар ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Өнер ұжымының репертуарына халық күйлерімен бірге заманауи қазақ композиторларының шығармалары да енген. Оркестр 1985 жылы Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы Үлкен концерт залында өткен шығармашылық концертте жоғары кәсіби орындаушылық шеберлігін танытып, өнерсүйер қауымнан жоғары баға алды.
Нұрғиса Тілендиев – көзі тірісінде халықтың айрықша құрметіне ие болды. Оның есімін барша қазақ білді. Қадір тұтты. Бұл – барлық талантқа бұйыра бермейтін бақыт.