Тарих • Бүгін, 07:58

Тұлға аялдаған төбе

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индер ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев аялдаған төбе бар. Аудан орталығы – Индербор кентінен шығысқа қарай 8 шақырым қашық­тықта орналасқан дөңестің бұрынғы атауы «Оңдасын жалы» болған.

Тұлға аялдаған төбе

Дәл осы ауданға 1978 жылы Қазақ­станның мемлекет және қо­ғам қайраткері, сол кездегі бі­рінші хатшы Дінмұхамед Қонаев келіпті. Жергілікті ­басшылар Ин­дербор – Қара­бау жолының бо­йындағы «Оң­да­сын жалында» аудандағы қаз­ба бай­лықтың сан түрінен ар­­найы көрме ұйымдастырып, ­иге­ру мәселесін көтеріпті. Содан кейін тұрғындар бұл дөңді «Димаш төбе» деп атайтын болды.

Аудандық құрылыс бө­лімі­нің басшысы Дарын Ілия­совтың айтуынша, аңыз тұлға аялдаған төбеде ашық аспан астындағы мұражай салынып жатыр. Нысанның құрылысы 2023 жылы қа­рашада басталды. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланыпты.

«Бұл – Индербор кентінен 8 шақырым қашықта орна­ласқан тарихи орын. Облыс әкімінің ұсынысымен аталған тарихи орынды қайта жаң­ғыртып, ашық аспан астын­дағы мұражайға айналдыруды көздедік. Сол себептен, бұл орынды өңірлік туристік картаға енгізу мақсатында жаңа жоба дайындалды. Жобаға сәйкес ашық мұражайға кірер тұстағы маңдайшаға «Димаш төбе» атауы жазылады», дейді Дарын Ілиясов.

Оның дерегіне қарағанда, мұражай маңдайшасы доға пішіндес болады. Маңдай­шаның сол жақ бағанына сол кезде түсірілген тарихи фотоның көшірмесі қойы­лып, оң жағына нысан жө­нінде ақпарат беріледі. Ал мұ­ражайдың аумағына Дендер күмбезіндегі қазба байлықтың түрлері, оның ішінде минерал тастар мен рудалар салын­ған бірнеше жәшік орнату көзделген. Жәшіктер тастан жасалады. Сондай-ақ екі үл­кен күмбезді композиция орнатылады.

«Бұл кешен Индер ауда­нындағы табиғи байлықтың ерекшелігін танытатын әрі туристерді көптеп тартуға ықпал ететін нысан болады. Сол себептен, «Димаш тө­бені» өңірдің тарихи-та­нымдық және туристік ­әле­у­етін арттыратын танымал орынға айналдыруды жоспарлап отырмыз. Өйт­­кені бұл кешен бір ауданның ­ғана емес, өңірдегі археоло­­гия­лық жәдігерлерді, мине­рал тас­тар мен тарихи-мәдени мұраларды жинақтайтын ­бі­ре­гей орталыққа айнала­ды», дейді Д.Ілиясов.

Жаңа кешеннің аумағы – 1750 шаршы метр. Ны­санның құрылысын «СК Лира» ЖШС жүргізіп жатыр.

 

Атырау облысы