
Жиынның негізгі мақсаты – әскери практикалық дағдыларды жетілдіру, әскери даярлықты қажетті деңгейге жеткізу, әскери міндеттілердің жауынгерлік дайындығын пысықтау.
Арнайы жиынға қатысушылардың бірі – Мақсат Юлдашев. Ол Шымкент қаласындағы №124 жалпы орта білім беретін мектепте физика пәнінің мұғалімі болып істейді. 31 жастағы запастағы лейтенант 2013 жылы Батыс Қазақстан облысындағы әскери кафедрада білім алған. «Ақтастағы» полигон оның алғашқы оқу-жаттығу жиыны болды.
– Әскери жиынға келудегі мақсатым – әрбір азаматтың қасиетті борышы болып саналатын Отан қорғау жолындағы жауапкершілікті сезіну. Осы онкүндік жиын барысында әскери тәжірибемді шыңдап, білімімді толықтырып, болашақта Отанды қорғауға дайын болғым келеді. Қазір күнделікті жаңалықтардан дүниенің әр түкпірінде қарулы қақтығыстардың өршіп тұрғанын жиі естиміз. Еліміз қашанда сыртқы жаулардан өзін қорғай білуі, ер-азаматтар Отан қорғауға әрдайым дайын жүруге тиіс. Бейбіт заманда бәріміз өз тірлігімізбен айналысамыз. Алайда ел басына күн туған шақта барша азамат қолына қару алуға әзір болуы керек. Бұл – өмірлік қағида. Отанымызды жаудан қорғау – бәрімізге парыз. Кезінде ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осы ұлан-ғайыр жерді қорғап қалды. Олардың ізін басқан кейінгі ұрпақ ата-баба аманатына адалдық танытып, елдің тыныштығы жолында жанын қиюдан аянбауы қажет. Әлемде геосаяси жағдай тұрақты емес. Әртүрлі ұлтаралық, дінаралық кикілжіңдер үлкен қарулы шайқастарға ұласып кетіп жатыр. Осындай уақытта елімізге керегі ішкі тұрақтылық пен мықты қорғаныс. Отан қорғау – ең қасиетті борыш. Осы жолда шайқасқан батырлар әділдіктің ақ туын көтерген азаматтар. Өзінің тура жолда екенін білген адамда ғана жауынгерлік рух болады. Бұл ретте өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беру өте маңызды. Әсіресе мектеп кезінен бастап жастарды өз елінің нағыз патриоты болуға тәрбиелеу керек. Құр сөзбен ғана емес, әскери өнердің машықтарын да тәжірибе жүзінде көрсетіп, үйрете берген дұрыс. Еліміз қазірде қорғаныс саласына мықтап көңіл бөле бастады. Соның бірі – осы аумақтық қорғаныс бригадалары. Біз әскери қызметте жүрген жауынгерлерге, әскер саласының кәсіби мамандарына қосымша күшпіз. Бүгінде әскери ұрыс жүргізудің тактикалары өзгеріп жатыр. Соған қарай жауынгерлер де жаңа әдіс-тәсілдерді барынша жылдам меңгеруге тиіс. Ер-азаматтар әскер қатарына барудан қорықпасын. Еліміздің біртұтастығын сақтау жігіттердің мойнындағы парыз екенін ұмытпайық. Жастарға айтарым – Отан алдындағы борышты өтеуге барғандарың жөн. Ер-азамат болған соң елді, жерді қорғау – міндетіміз, – деді ол.
Аумақтық қорғаныс бригадасы күзгі арнайы тактикалық оқу-жаттығуына 93 әскери міндетті азаматты қабылдады. Олар 17–26 қыркүйек аралығында «Ақтас» оқу-жаттығу полигонында жауынгерлік дайындықтан өтеді. Әскери міндеттілер арнайы жиынға әр бес жыл сайын шақырылады.
Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жазылғандай, аумақтық қорғаныс әскерлері 2017 жылғы 13 маусымда құрылған. Олардың міндетіне халықты, объектілер мен коммуникацияларды қарсыластың түрлі әрекетінен, диверсиялық немесе террорлық актілерден қорғау кіреді. Осы кезең аралығында әскерлер 6 мыңнан астам әскери міндеттіні оқытып, дайындады.
Барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын, төтенше немесе соғыс жағдайы режімдерін енгізу кезінде жергілікті халық арасынан әскери міндеттілерді шақыру арқылы өрістетілуі мүмкін аумақтық әскерлер құрамалары жұмыс істейді. Бастапқыда бұл бөлімшелер жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық мемлекеттік мекемелері ретінде жұмыс істеді. 2018 жылғы сәуірде әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары Қарулы күштердің аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта құрылды. Сол жылғы мамыр айында өткен Жауынгерлік парадта Мемлекет басшысы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне құрамалардың жауынгерлік туларын табыс етті. Жылдың соңында, желтоқсан айында әкімнің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі лауазымы енгізілді. Оған әскери қызметте қажетті тәжірибесі бар Қарулы күштердің офицерлері тағайындалды.
Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген әскери міндеттілердің жиынын өткізіп тұрады. Аумақтық әскерлер мен жергілікті атқарушы органдар лауазымды адамдарының оқу-жаттығулары мен біліктілігін арттыру курстарын өткізу де бір жүйеге түскен. Бүгінде аумақтық қорғаныс әскерлері Қарулы күштердің ауқымы кең оқу-жаттығуларына тұрақты түрде қатысып, өздерінің міндеттерін сәтті орындап жүр.
Әскери бөлімнің командирі, полковник Бақытжан Әшімовтің айтуынша, оқу-жаттығу жоспарына сәйкес дәрісті тәжірибелі нұсқаушылар мен офицерлер өткізді. «Ақтас» полигонында барлық жағдай жасалған: жатын орын, асхана, оқу сыныптары дайын. Әскери бөлім командирінің мәлімдеуінше, аумақтық қорғаныс бригадасының мүшесі атану үшін қандай да бір әскери мамандық болуы қажет. Әскери комиссариат жауынгерлік оқу-жаттығу жиынына қатысу туралы шақырту қағазын өздері жібереді. Ең бастысы, әскери міндеттінің жауынгерлік борышын әскер қатарында өтеп келгеніне бес жыл өтуі керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, аумақтық қорғаныс бригадаларын оқу-жаттығуға тартудағы мақсат – оларды қайта дайындықтан өткізу. Өйткені бес жыл ішінде азаматтар көп нәрсені ұмытуы мүмкін. Сонымен қатар әскери машық өнерінен де біршама қол үзіп қалады. Содан соң осы уақыт аралығында әскер саласында біраз жағдай өзгеруі ғажап емес. Соның ішінде жаңа әскери тактикаларды, қарулы күштерге келген жаңа техникаларды, ұрыс қимылдарындағы басқа да тың әдістерді атап өтуге болады. Бригада құрамындағы жауынгерлер соғыс жағдайында жекелей майданға жіберіледі. Болмаса қала немесе өңірде аумақтық қорғаныс шебін ұйымдастыруға қатысады. Әскери билеті бар кез келген азамат аумақтық қорғаныс бригадасына өте алады. Ол үшін күзде немесе көктемде әскери комиссариатқа барып өтініш қалдыруы керек. Әрі қарай істің қалай болатынын сол саланың мамандары шешеді. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде аймақта құтқару жұмыстарын жүргізіп, жергілікті әкімдікке көмек көрсетуге аумақтық қорғаныс бригадалары жіберіледі. Бұл шынайы әскери қызметтегі сарбаздар мен жоғары шенді мамандардың негізгі жұмысынан ауытқымай, қарулы күштердің әлеуетіне сақтап қалуға қажет.
«Жалпы, аумақтық қорғаныс бригадасын құру әлемде бар тәжірибе. Көптеген дамыған елдер бүгінде қорғаныстың тиімді тәсілі ретінде осы әдісті пайдаланады. Әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі ретінде еліміздің қорғаныс саласы да осы жолды таңдады. Оның үстіне дүниежүзінде мемлекеттер қарулы күштерге қатты көңіл бөле бастады. Соның аясында қорғаныс саласына қаралатын қаржы көлемін бірнеше есе арттырып жіберді. Қомақты қаражат заманауи жаңа қарулар сатып алуға немесе отандық әскери өнеркәсіп кешенін дамытуға жұмсалып жатыр. Мұның барлығы кейінгі жылдары әлемде пайда болған қарулы текетірестер салдарынан болып отырған жағдай. Бұл орайда біздің еліміз бейбітшілікті жақтайды, дегенмен геосаяси ахуалдың көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқанын ескерсек, кез келген сценарийге тас түйін дайын отыруымыз керек деген», ойын білдірді әскери маман.
Арнайы оқу-жаттығу жылына екі рет – көктемде, күзде ұйымдастырылады. Биыл көктемгі жиынға 200-ге жуық әскери міндетті қатысты. Жауынгерлік даярлық кезінде әскери міндеттілердің негізгі жұмыс орны мен жалақысы сақталып, олар киім-кешекпен, тамақпен толық қамтамасыз етіледі.