
Сурет: gov.kz
Облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Жанат Дауталиеваның айтуынша, 2022–2024 жылдарға жүргізілген аудит нәтижесінде қаржылық заң бұзушылық пен жүйелі кемшілік анықталыпты. Соған байланысты білім беру мекемелерінің қаржылық тәртібі мен жоспарлау үдерісін жетілдіру, бақылауды күшейту қажеттігі туындап отыр.
«Аудит қорытындысымен анықталған заң бұзушылықтардың көлемі – 2,6 млрд теңге. Оның ішінде 970 млн теңгенің қаржылық бұзушылығы, 1,5 млрд теңгені тиімсіз жоспарлау бар. Бюджеттің 143 млн теңгесі тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Ал рәсімдік сипаттағы 172 кемшілік пен тәртіп бұзушылық назарға алынды», деді Ж.Дауталиева.
Комиссия мүшесінің пікіріне сүйенсек, кемшіліктердің мынадай себебі бар. Біріншіден, бюджет қаржысын жоспарлау кезінде өтінімдердің дұрыстығы мен негізділігі қамтамасыз етілмеген. Екіншіден, бюджеттен бөлінген трансферттер нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған. Үшіншіден, бірқатар мектепте медициналық кабинеттер лицензиясыз жұмыс істеген. Медициналық кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеген.
«Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету кезінде қолданыстағы заңнама талаптары толық сақталмағаны анықталды. Кейбір өнім түрлері ас мәзіріне енгізілмей келген. Мектептерде бейнебақылау жүйесі орнатылғанымен, камералар жазу функциясынсыз жұмыс істейді. Мұндай камералардың бейнемұрағатына қол жеткізу мүмкін болмады. Ал кейбір негізгі қор пайдаланылмаған күйінде қоймада сақталып тұр. Бұл кемшіліктер облыстық білім беру мекемелеріндегі бюджет қаржысын басқаруда қаржылық тәртіп деңгейінің тиісті деңгейде еместігін көрсетеді», деп мәлімдеді Ж.Дауталиева.
Оның мәліметінше, аудит қорытындысынан кейін 92 әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша құжаттар Атырау облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, мемлекеттік кірістер басқармасына, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жіберілген. Сондай-ақ Атырау облыстық полиция департаментіне террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғау талаптарының бұзылуына байланысты құжаттар тиісті шара қабылдау үшін жолданған.
«Анықталған қателіктерді жою мақсатында білім беру саласын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар берілді. Нақтылай айтқанда, бюджеттік өтінімдерді жасақтау мен бөлуде дәлдік пен негізділікті арттыру, мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамту, жылумен жабдықтау, тазалық қызметін аутсорсинг арқылы ұйымдастыру ұсынылды. Медициналық кабинеттерді толық лицензиялау, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау, пайдаланылмай тұрған мүліктің нақты қажеттілігін анықтауға назар аударылды», деді ол.
Тексеру комиссиясының мүшесі Нұрсұлтан Бисембиевтің дерегіне қарағанда, Исатай ауданындағы мектепке дейінгі тәрбие беретін 12 бөбекжай-бақшада 4 млрд теңгеден аса қаржыға аудит жүргізілді. Аудиттің нәтижесінде 130 млн теңгеге жуық қаржылық бұзушылық пен рәсімдік сипаттағы 116 кемшілік анықталды. Оның ішінде артық төленген еңбекақы, негізсіз іссапар шығындары мен орындалмаған қызметтерге бюджет қаражаты жұмсалған дерегі тіркеліп отыр.
«Бірқатар бөбекжай-бақшаның штаттық кестесіне артық бірлік енгізілген. Міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жарнасын төлеу кешіктірілген. Кейбір есепшілер өздерінің жақын туыстарымен мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын рәсімдеген. Материалдық-техникалық жабдықталу толық қамтамасыз етілмей, медициналық үй-жайларды жабдықтау талаптары сақталмағаны анықталды. Мемлекеттік сатып алуда жосықсыз өнім берушілерге қатысты сотқа талап арыздар берілмеген. Аудит қорытындысымен бөбекжай-бақша басшылары мен есепшілеріне қатысты әкімшілік істер қозғалып, жалпы сомасы 6,9 млн теңге айыппұл өндірілді», дейді Н.Бисембиев.
Білім саласындағы былық мұнымен шектелмейді. Атырау қаласындағы №2 сотта бюджеттің 49 млн теңгесін жымқырған бас есепшіге қатысты іс қаралды. Күдікті орынтағына отырған бас есепшіге Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (Алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырып, иемдену) айып тағылған.
«Айыпталушы 2023 жылдың маусым айынан бастап коммуналдық мемлекеттік мекеме – мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында есепші, қыркүйек айынан бас есепші болып қызмет атқарған. 2023 жылғы маусым мен 2024 жылғы қазан айлары аралығында аталған мекеме директорының сеніміне кіріп, оның электрондық қолтаңбасын, «1С» және «Парус» жүйелерін заңсыз пайдаланған. Осы жүйелердің көмегімен ол өзінің және сенімді адамдарының есепшоттарына негізсіз ақша аударып отырған. Күдікті алаяқтық әрекетінің салдарынан 49 млн теңгеден аса мемлекет қаржысын жымқырған», деп хабарлады соттан.
Сот талқылауында айыпталушы өзінің кінәсін толық мойындаған. Оның кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, маман жүргізген аудиторлық есеп қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен дәлелденіп отыр. Алайда сот айыпталушының жас балалары барын, заңсыз әрекеті үшін өкінетінін кінәсін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмағаны да ескерілді.
«Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 5 жылға, бас бостандығын 5 жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодектің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, тағайындалған жазаны өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды», деп мәлім етті соттан.
Атырау облысы