
Кәсіпорында озық тәжірибе мен жоғары технологиялар негізінде жұмыс істейтін жылжымалы туннельді пеш жүйесі қолданылады. Жоба соңғы үлгідегі инновациялық технологиямен жабдықталған. Өндіріс үдерісі толығымен автоматтандырылған. Зауыт экологиялық жағынан да тиімді. Кірпіш күйдіру үшін газ пайдаланылады. Бұл атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтып, қоршаған ортаға түсетін салмақты жеңілдетеді.
– Мемлекет басшысы «Жергілікті өнім өндірушілердің әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды», деп атап өткен еді. Бұл бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінде қысқа мерзімде салынып, іске қосылған зауыттың нақты өнімін көріп отырмыз. Бұл – жергілікті атқарушы органның, инвесторлардың және барлық мүдделі тараптың тиімді іс-қимылының нәтижесі. Өндіріс шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдері мен жергілікті бюджеттің нығаюына үлес қосады. Кәсіпорын облысымыздағы құрылыс саласының дамуына серпін беретін маңызды нысан болатынына сенімдімін. Осы бағыттағы жобаларға облыс әкімдігі тарапынан алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Осы аудандағы Қарақұм ауылында суару жүйелеріне арналған параболалық бетон лотоктар шығаратын өндіріс те іске қосылды. «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны базасында іске қосылған өндіріс орны шығаратын параболалық лотоктардың каналдарға орнатылуы су шығынын 40%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа өндіріс алаңында тәулігіне 45 дана параболалық бетон лоток жасалады. Жоба құны – 350 млн
теңге.
Зауытта 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Лотоктар ЛР6, ЛР8, ЛР10 маркаларында шығарылып, болашақта ішкі нарықпен қатар Еуропа елдері мен Қытайға экспортталуы мүмкін. Зауыт бетон араластыру қондырғысы, бу қазандығы, порталды кран, арматуралы сетка тоқу жабдықтарымен толық жабдықталған. Өндірілетін құрылғылардың нарықтағы бағадан 20-30%-ға арзан болуы – жергілікті шаруалар мен су шаруашылығы құрылымдары үшін үлкен жеңілдік.
«Тұран су» – стратегиялық нысандарды басқаратын маңызды кәсіпорын. Кәсіпорын теңгерімінде 20 суқоймасы, 3 су торабы, 1 400 шақырымды қамтитын 110 канал, 3 өндірістік-техникалық база, 81 арнайы техника бар.
Облыс әкімдігінің қолдауымен су шаруашылығын жаңғырту бағытында 3,6 млрд теңгеге 60 арнайы техника сатып алынды, оның ішінде, 24 техника аудан, қала әкімдіктеріне беріліп, 1 200 шақырым каналдар мен қашыртқылар тазаланды. 650 млн теңгеге «Су үнемдеу технологиясы өндіріс желісі» іске қосылды. Ол жылына 9 мың гектар егістікке қызмет көрсетеді.
Түркістан облысы