Тарих • Бүгін, 20:20

Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері жойылып барады

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін бірқатар ғалымдар, қоғамдық қор өкілдері Қазақстан баспасөз клубында әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі археологиялық нысандардың жойылып бара жатқандығына қатысты дабыл қағып, Мемлекет басшысынан араша сұрады, деп жазады Egemen.kz.

Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері жойылып барады

Белсенділер Жетісу мен Түркістан облыстарындағы археологиялық ескерткіштерді бұзатын жұмыстарды дереу тоқтатуды, нысан иелерінің қаражаты есебінен археологиялық құтқару жұмыстарын жүргізуді, құқық қорғау органдары мен прокуратураның бірден араласуын талап етіп, табиғатты қорғау және тарихи-мәдени мұраны сақтау заңнамасының орындалуын талап етті. «Жетісу мен Түркістан облыстарының тарихи ескерткіштері –дүниежүзілік маңызға ие, болашақ ұрпақ үшін зерттеуді және сақтауды қажет етеді. Егер біз, өз заңымызды елемей, оларды сақтамасақ – орны толмас өкініш болмақ», – дейді олар.

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, phd Ералы Ақымбектің айтуынша, Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы  Қазақстан Республикасының Заңы 1992 жылы  2 шілдеде, екіншісі 2019 жылы  26 желтоқсанда қабылданған  болатын. «Қазіргі кезде осы екінші рет қабылданған заң қолданыста. Бірақ жергілікті атқарушы органдар құрамында жұмыс істеп отырған  тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекцияларына мәртебе берілмеген. Өйткені олар сол аумақтың жағдайын біледі, ескерткіштерге қатысты мәліметтермен қамтамасыз етілген. Бүгінде олардың қолында сол аумаққа қатысты тарихи-мәдени ескерткіштердің нақты тізімі бар. Егер де  археологиялық нысандарға қауіп төнген кезде дирекция мамандарына қорғау құқығы берілетін болса, онда тарихи-мәдени мұра нысандарына дәл қазіргідей қауіп төнбеген болар еді» дейді ғалым.

Қазіргі кезде Түркістан облысындағы шаруашылық жұмыстар барысында еліміздегі бірнеше бірегей археологиялық ескерткіштер қайта қалпына келместен жойылып кеткен. Ғалымдар атап өткендей,  бірнеше тарихи нысан қауіп алдында тұр. Олардың қатарында XVII–XVIII ғасырлардағы батырлардың қабірлері, қола дәуірінен бастап Қазақ хандығы дәуіріне дейінгі қорымдар, сондай-ақ мамандар әлі зерттеу жүргізбеген бірегей суреттері бар бірнеше петроглиф шоғырлары бар.

Түркістан облысының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау комиссиясының мүшесі, археолог Серік Ақылбектің айтуынша, «Түркістан» ӘКК-ға шетелдік инвестиция (шамамен 60 000 га, мақта егетін жер) беріліп,  Отырар ауданының жерлеріне міндетті тарихи-мәдени сараптама жүргізілместен, жерді игеру жұмыстары басталған. «Нәтижесінде мәдени мұраға орны толмас зиян келіп отыр. Нақты айтқанда, ежелгі Ақынжақып және Шұбара (I–III ғ.) каналдары жойылған, Ақынжақып пен 2-ші Қоскөнұр қоныстары жермен-жексен етілып, бірқатар археологиялық нысандар мен жылжымайтын мүлік бұзылған. Қотан ескерткіші зақымданған (12 қорымнан тек бірі ғана сақталған), Тостаған қорымы (VII ғасыр, 130 қорым) толықтай жойылып кеткен.

Прокуратураға жолданған өтініштерге және Шәуілдір ауылы тұрғындары мен Парламент депутаттарының қатысуымен өткен қоғамдық тыңдауларға қарамастан, жұмыстар тоқтатылмаған. Сараптама жүргізу кезінде де жер игерушілер жұмыстарын жалғасытырып, тарихи-мәдени ескерткіштерге зиян келтіруін тоқтатар емес. Қазіргі кезде бұл аумақтағы жұмыстар жалғасып жатыр. Ал археологиялық нысандар жойылу алдында тұр.

Жетісу облысында да осындай жағдай орын алып отыр. Мұнда Көксу өзенінде ГЭС каскадының құрылысы жүріп жатыр. «Петроглифтер ізшілері» ҚҚ атқарушы директоры Ольга Гумированың айтуынша, қоғам белсенділері талап еткен құжаттар ұсынылмаған. «Ашық ақпарат көздерінде тек қоғамдық тыңдаулар мен қажетті сараптамалар – археологиялық, экологиялық, селді, сейсмикалық және басқа да сараптамалар жүргізілгені туралы емес, жобалардың параметрлері, су басу аймақтары және құрылыста пайдаланылатын аумақтар туралы да толық ақпарат жоқ. Руднечная ГЭС-2 құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Жоғары Талапты ГЭС-те де жұмыстар жалғасуда. Қоғамдық ұйым өкілдері тарапынан жойылған бірнеше қорым тіркелген. Көксу өзенінің екі жағалауында жүздеген ежелгі қорымдар орналасуы мүмкіндігі басым. Оның ішінде XVIII ғасырда Жетісу жерлерін жоңғарлардан қорғаған, аты аңызға айналған Жайнақ батыр мен Мойнақ батырдың бейіттері бар. Аймақтың микроклиматының өзгеруі петроглифтерге орны толмас зиян келтіріп отыр. Атмосфераның ылғалдылығының артуы тастардың бұзылуын жылдамдатып, суреттердің жойылуына әкеледі. Бұл ауданда ерекше петроглифтер тіркелген, олар ерте қола дәуірінен (б.з.д. II мыңжылдық) бастап Қазақ хандығы дәуіріне дейінгі кезеңді қамтиды. Көптеген қорымдар әлі мамандар тарапынан зерттелмеген», – дейді О.Гумирова.  Петроглифтік ескерткіш Ешкіөлмес шоғыры ширек ғасырдан бері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне үміткер.

«Шекарасыз өзендер» ҚҚ директоры Александр Колотов ГЭС каскадын құру жобасын экологиялық тұрғыдан негізделген деп есептеуге болмайтынын атап өтті. Өзеннің экожүйесі бұзылған,  сондай-ақ фермерлік шаруашылықтарға зиян келуі мүмкін. Өзеннің селге айналу қаупін де жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан ГЭС салу бұл тәуекелдерді бірнеше есе арттыруы мүмкін.

Қоғамдық қайраткер Мұхтар Тайжан республикалық билік органдарын және жеке мемлекет басшысын атаулы жағдайға араласуға шақырды. «Біз бақылаушы органдардың таңғалатындай бейқамдығын, инфрақұрылымдық жобалардың ашықтығын қамтамасыз етуге байланысты заң талаптарының орындалмауын, табиғатты қорғау заңнамасы мен тарихи мұраға қатысты заң нормаларының ескерілмеуін байқап отырмыз. Табиғи және мәдени мұраларымызға төнген қауіпті Президент қана тоқтата алады деген әсер қалыптасуда», – деді ол.

АЛМАТЫ