
Мектепте пән кабинеттері толық жабдықталып, STEM-зертханалар, биология, химия, физика сыныптары тәжірибелік сабақтарға арналған құралдармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту үшін хореография залы, заманауи спорт залы мен алаңы, музыка және бейнелеу өнері кабинеттері, еңбекке баулу шеберханалары қарастырылған. Кітапхана, асхана, АКТ залы, коворкинг пен демалыс аймақтары да бар.
Ашық есік күні барысында ата-аналар мектептің ішкі тәртібімен, оқу кабинеттерімен, қосымша үйірмелермен және заманауи жабдықталған сыныптармен танысты. Мектеп директоры Еркінәлі Ақбердиев бұл іс-шараның ата-аналар мен мектеп арасындағы сенімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасының игілігін Өтеғұл ауылының тұрғындары да көріп отыр. Бұған дейін елді мекендегі жалғыз білім ұясы үш ауысымды мектеп қатарына енуге шақ қалған еді.
«Біздің мақсатымыз – оқушыларға сапалы білім берумен қатар олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы ауыл баласына үлкен мүмкіндік беріп отыр», деді мектеп директоры.
Ата-аналар жаңа мектептің оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруға қолайлы екенін, кабинеттердің кең әрі қауіпсіз екенін және балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалғанын жоғары бағалады.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп, мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етпек.
Айта кетейік, «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында ең көп мектеп Түркістан облысында салынуда. Бүгінгі таңда өңірде 29 мектептің 21-і қолданысқа берілді. Алдағы тоқсанда тағы сегіз жаңа мектеп оқушыларға есігін ашады.