Шаруашылық • Бүгін, 12:08

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы қатаң бақылауда болады

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр еліміздегі егін жинау науқанының барысын қарау қорытындысы бойынша тиісті министрліктер мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктеді, деп жазады Egemen.kz.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы қатаң бақылауда болады

Фото: ашық дереккөз

Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, элеваторларда астықтың жаңа түсімін дер кезінде қабылдап, кептіруді ұйымдастыруға міндеттелді. Өнімді сақтау инфрақұрылымын толық пайдалану қажеттігі де атап өтілді. Сонымен бірге астықты, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін сақтау қызметінің бағасын негізсіз көтеруге жол бермеу тапсырылды. Қажет болған жағдайда бұл жұмысқа Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де тартылмақ.

Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, астық тасымалдайтын вагондар мен жүк көліктерінің жеткілікті көлемін қамтамасыз етуге міндеттелді. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге тасымалдау кестесін үйлестіру қажеттігі де айтылды.

Егін жинау науқаны кезінде азық-түлік тауарларының қорын жасақтау тапсырылды. Өңір әкімдіктері көкөніс өнімдерінің негізгі түрлерін қажетті көлемде жеткізу үшін қыркүйек айының соңына дейін келісімшарт жасасуы тиіс.

Сауда министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға белгілеу тізбегінде делдалдық схемаларға қарсы шаралар қабылдап, фермерлер үшін әділ шарттармен сатылымды қамтамасыз етуге міндеттелді. Сонымен қатар негізгі азық-түлік тауарлары бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу үшін министрлік әкімдіктермен бірлесіп, баға саясатын реттеудің барлық тетігін қолдануы қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, Үкімет жанындағы Жедел штаб аясында егін орағының сапалы өтуіне тұрақты бақылау жүргізеді.