Алматы • Бүгін, 08:00

Оқырман олжасы

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда қала күнін мерекелеу аясында дәстүрлі «KitapFest» фестивалі өтті. Оқырман олжасына айналған жобада биыл 60 баспадан шыққан 10 мыңнан астам кітап ұсынылған болса, оның 2 мыңға жуығы – тұңғыш рет жарық көрген тың туындылар.

Оқырман олжасы

Екі күн қатарынан Арбат алаңында өт­кен айшықты жәрмеңкеге бас-аяғы қырық мыңнан ас­там адам жиналды. Бұл өз ке­зе­гінде кітаптың – тек білім құ­ралы ғана емес, адамдарды жа­қындастыратын, ойды терең­дететін, мәдениетті өркен­де­тетін күш екенін тағы бір мәр­те көрсетті. Шабыт пен шығар­ма­шылық салтанат құрған ме­рекеде қаламгерлер мен оқыр­мандар арасында жанды диа­лог орнады. Бигелді Ғаб­дул­лин, Сәуле Досжан, Ақ­бе­рен Елгезек, Бақыт Бедел­хан, Санжар Керімбай, Мақсат Мәлік, Ерлан Жүніс, Наталья Горя­чева, Людмила Лазарева, Ва­силий Шупейкин сынды таны­мал авторлар оқыр­ман­мен кездесу өткізіп, шығар­ма­шы­лық тәжірибесімен бөлісті.

Биылғы фестивальдың ауқы­мы кең. «Жанды кітап­хана» жобасында Абай­дан бастап Шекспирге де­йін­гі клас­сиктер «тіріліп», актер­лер бейнесінде көрер­мен­мен сұхбат құрды. Кіш­кен­тай оқырмандар үшін қиял-ғажайып декорациялар мен әдеби квесттер ұйым­дас­тырылған «Estelik zone» аймағы кітап мерекесінің ма­ңы­зын арттырды.

Іс-шарада «Кітапашар» деп аталған ерекше айдар көпшілік көңілінен шықты. Мұнда букинистік дүкен оқыр­мандарға кітапты мұқа­басы немесе аннотация­сына қарап емес, өзге оқырман­дардың әсерлері арқылы таңдауға мүмкіндік берді.

«Цифрлы ғасырда әлем ақпарат ағынына батып барады. Әлеуметтік желі, қысқа бейнероликтер мен үстірт контенттер адамның назары мен уақытын иемденіп алды. Зерттеулерге сүйенсек, кейінгі он жылда ұзақ мәтін оқуға деген шыдамдылық күрт төмендеген. Бірақ бұл кітап­тың мәні жоғалды деген сөз емес. Керісінше, рухани аштық артқан сайын адам баласы қайтадан кітапқа бет бұрады. Кітап – адамды адас­тырмайтын шамшы­рақ. Оқыған адам – ойлы адам. Ал
ойлы қоғам – өркениетті қо­ғам. Сондықтан цифрлық дәуір­де кітаптың қадірін артты­ру – әрқайсымыздың бо­ры­шы­мыз», дейді М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутының ғы­лы­ми қызмет­кері Ерғанат Қуатбекұлы.

Кітап мерекесінде оқу мәдениетін ерте жастан қалып­тастыру, кітапты жаңа форматта насихаттау, кітапханаларды жаңғырту мәселесі де сараланды. Әсіресе «Кітапфест», «Оқы және бөліс», «Бір айда – бір кітап» секілді жобалар кітапты трендке айналдыра алатыны, Tik Tok, Instagram тәрізді танымал алаңдар арқылы мазмұнды шығармаларды насихаттау, белгілі тұлғалардың кітап туралы ой бөлісуі кітап оқу мәдениетін жандандыруға оңтайлы әсер ететіні айтылды.

 

АЛМАТЫ