21 Наурыз, 2015

Адам мен табиғат үндестігі

2505 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
111+ Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңесуі. Бұл адамдар теңдігінің табиғи негізі.  Адам теңдігі – адамзаттың асыл мұ­раты. Адам теңдігі туралы толып жатқан ілімдер, теория­лар, концепциялар, діндер дүниеге келді. Бұл, Наурыз мейрамы – адам теңдігінің ғарыштық үндес­тігі. Адам табиғаттан, ғарыш­тан тыс болмақ емес. Күн мен түннің теңесуі – адам бойын­дағы асыл қасиеттердің таразы­лануы, реттелуі, айқын­далуы. Сондықтан, бұл мей­рамның теңдесі жоқ. Адамның табиғатпен үндестігі, оның әлеуметтік жағдайының ғарыш­пен үндестігі – аса биік ұғым. Сон­дықтан, бұл мейрамды кезін­де әлем халықтары атап, тойлап отырған. Бірақ әртүрлі оқиға­ларға, дүниетанымдық ұстаным­дарға, саяси ынталарға байланысты бұл мейрам планетарлық мағынасынан айы­рылып, бізге жетті. Ендігі ақпараттық қоғамда, жаңаша ойлау заманында адамдардың табиғатқа, ғарышқа тәуелділігін ғылыми негізде мойындаған  заманда Наурыз мейрамы қайтадан, әлемдік деңгейге көтерілетіні анық. Себебі, тағы да қайталап айтамын, бұл мейрам адам мен ғарыштың табиғи тұтастығы, үндестігі туралы. Наурыз мейрамына жаңаша көз­қарас мынадай бірнеше мә­се­­ле­лерге назар салуды қажет етеді. Біріншіден, Наурыз – Жыл басы. Осы ұғым өз мағынасында қалыптасуы керек. Наурыз Жаңа жыл емес,  оны Жыл басы деп қабылдау – табиғатты мойындау. Наурыз айы туғанда Күннің нұрымен Айдың сәулесімен, Жердің қызуымен тіршілік ғұмыры басталады. Табиғат оянады, өсіп-өну өріс алады. Сезімдердің сыр шертуіне мүмкіндік туады. Ертеде Наурыз айында бозбалалар көңілі қалаған бойжеткендерге айна, тарақ, иіссу сыйласа, олар кестелі орамал сыйлаған. Бұл – Жыл басы. Табиғаттың оянуы жер күн орбитасын бір айналып өткенде аяқталып, қайтадан жыл басы басталады. Наурыз жердің күнді  айналу циклінің өлшемі. Сол кезде жыл басында күн мен түн теңеседі. Демек, Жыл басының символы болуы керек. Ол символ табиғатта анықталған. Жыл басының символын атамыз қазақ қызғалдақтар деп анықтаған. Қызғалдақ немесе жауқазын бұл Жаңа жылдың символы. Солай көне  заманнан келе жатыр. Қазір жауқазынды «Тюльпан» дейміз. Оны Голландия мемлекеті әлемге қарқынды түрде таратуда. Бірақ жауқазынның отаны – қазақ  даласы. Жауқазын – дала гүлі. Ол тіршіліктің оянуының алғашқы көрінісі. Қар кете, даламызда қызғалдақтар, сарғалдақтар қаптап кетеді. Міне, осы жауқазын Наурыз жыл басының символы болып, оны қабылдауымыз табиғи жағдай. Осы жерде екі ұғымға назар салғанымыз жөн: Бірі,  жоғарыда айтылғандай, Наурыз Жаңа жыл емес, Жыл басы. Біріншіден, Жыл басының символы шырша емес, оның символы Жауқазын, яғни Наурыз айында мекемелер, көшелер, т.б. көпшілік болатын орындарда молынан жауқазынмен көмкерілген абаттандыру ісі қолға алынса. Кәсіпкерлеріміз, мамандарымыз Жауқазын гүлін өсіру ісін мықтап қолға алғандары жөн. Біз жыл басын Жауқазын гүлімен қарсы алып, тойлауды дәстүрге айналдырғанымыз түсінікті әрі қалыпты жағдай болмақ. Екіншіден, Наурыз Жыл басының жаңа атрибуттарын қалыптастыруымыз керек. Мысалы, Аяз Ата, Ақшақар дегендер кезінде қолдан жасалған жағдайлар. Наурыз – құт мерекесі. Құт дегеніміз адам мен табиғаттың бірлігін білдіретін ұғым. Құттың халқымызда қалыптасқан символы бар. Ол – Қыдыр Ата. Демек, Наурызда Аяз Ата емес (наурызда аяз деген болмайды), Жыл басында жұртшылыққа шапағат тілейтін Қыдыр Ата, қасына Наурыз айын бейнелейтін бозбала Наурызды  ертіп, бүлдіршіндерге молынан сыйлық таратып, ән-күймен қауышқан балабақшалардан бастап мерекелер жүргізуін дәстүрге айналдыру қажет. Бұл істе халық ертегілерінің, аңыздарының кейіпкерлерін тегіс  жаңаша түрде сахналандырылған көріністерге айналдыратын  «Ертегі әлемі» деген шоу ұйымдастыру  міндеті бар. Үшіншіден, Наурыз мейрамын наурыздың он төртінші жұлдызынан бастап, көрісуден бастаған абзал. Елбасы айтқандай: «Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ жітікке жәрдемдескен, алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан. Міне, көрісудің мақсаты осы».  «Көрісу» дәстүрі Батыс өңірімізде әуел бастан қалыптасқан, соны жалпы елдік дәстүрге айналдыру маңызды іс. Осы кезде жастар  ұйымдары әкімшіліктермен және бизнеспен бірге жоқ-жітіктерге әлеуметтік пакеттер үлестіруді Наурыз волонтерлары арқылы жүзеге асыруы керек. 21, 22, 23  күндерінде өтетін Наурыз мейрамына жұрттың тегіс қатысуы қажет. Мейрамда адамдардың теңдігін қамтамасыз ету. Наурыз күні адамдардың бәрі тең. Бұл мейрамның басты лейдмотиві. Төртіншіден, Наурыз мейрамын тойлауда біз өркениетті елдердің іс-тәжірибелерінен үлгі алғанымыз жөн. Дамыған елдер өздерінің Жаңа жылдарын «Рождество Христово» деген лейдмотивпен өткізеді де,  жұртқа Рождестволық каникул жариялайды. Бұл күндерді халық  тегіс мерекелейді. Сондықтан он төртінші Наурыздан бірінші сәуірге дейін мектеп, орта және арнаулы және жоғары оқу орны оқушылар және студенттеріне Наурыз каникулын жариялау керек. Қазіргі кездегі каникулда жастардың физиологиялық жағдайы, психикалық қалпы ескерілмеген.  Каникул жастарға демалыс әрі Жаңа жылға психикалық, физиологиялық тұрғыдан бейімделу. Адамдар әдетте қыстан шаршап шығатыны табиғи жағдай. Халқымыз көктем келгенде «Ұзын сары» келді дейтін. Бұл адамдардың Жаңа жылға бейімделуіне түсуіне қатысты айтылған сөз.  Сондықтан осы кезде оқушылардың, студенттердің сапалық үлгерімін жетілдіру мақсатында оларға каникул беру қажеттілік. Каникул кезінде оқушылар мен студент жастар отбасын, тұрған мекендерін, көшелерін тазартып, абаттандырып, гүл мен ағаш егіп, қызмет етуіне мүмкіндік болады. Бұл тәрбиелік және физиологиялық негіздері бар шара. Социализм заманынан қалған «Лениндік сенбіліктің» орнына  Наурыз каникулы кезінде жүйелі  түрде осындай іс-шараны ұйымдастырсақ, бұл Наурыз Жыл басының дәстүрімізге, әдетімізге, санамызға  сіңетін жағдай болар еді. Бесіншіден, әрине, Наурыз жыл басы бұл шығармашылық мейрам. Әрбір шығармашылық ұжым, әрбір қоғамдық ұйым Наурыз Жыл басын мазмұнын, оның тәрбиелік мәнін, оның өркениеттік сипатын, оның шын мәніндегі адам теңдігінің ғарыштық негізі барлығын мүмкіндігінше әрі қарай жетілдіріп әкетуі керек. Алтыншыдан, әсіресе,  Наурыз мейрамы күндерінде әрбір адам өзінің қолынан келетін қайырымдылық іс-шараларын жасауы керек. Бұл – жан жомарттығы, бұл – тәрбие, Жаңа жылға деген құрмет, адамдар арасындағы қарым-қатынастардың ізгілік жолындағы көріністері болмақ. Жетіншіден, Наурыз мейрамын  Қазақ елінің имиджі ретінде, өркениетті елдің мейрамы ретінде өткізу мақсатында жыл сайын «Наурыз – Жыл басы» деген мейрамды өткізудің жаңаша, мағыналық, мазмұндық жағын  кемелдендіру, патриоттық тәрбие беру мақсатында бәйге жариялап, үнемі жетілдіріп отырудың қажеттілігі бар. Наурыз мейрамы Жыл басы ең алдымен бүлдіршіндерге, жасөспірімдерге арналған жарқын, өркениетті мейрам болуы керек. «Наурызға жаңа көзқарас»  деген мақаласында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамында өтілетін көптеген іс-шараларды нақтылы атап көрсеткен. Бұл мәселеге еліміздің көрнекті қоғам қайтаркерлері қатысып, пікірлерін ортаға салып, Наурызға жаңаша көзқарас бір жүйеге түседі деген сенім білдіремін. Ғарифолла ЕСІМ, академик.