
Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Мақтаарал ауданы, Атакент кеден бекеті маңындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының (ХӨКО) аумағында өнеркәсіптік парктің іргетасы қаланды. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 123 млрд теңге, ал ашылатын жұмыс орын саны – 3 000-нан аспақ. Қазірдің өзінде орталық аумағында жергілікті кәсіпкерлер өз жобасын бастап жатыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда өңдеу өнеркәсібі саласына инвестиция тарту міндетін қойған болатын. Осы бағытта өңір әлеуетін дамыту үшін біз «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын индустриялық парктің іргетасын қалап отырмыз. Бұл жерде электр энергиясын таратуға арналған жабдықтар, өнеркәсіптік автоматика жүйелері, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру бойынша кәсіпорындар ашу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар өңіріміздің республикалық бюджетке тәуелділігін төмендетіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зауыттардан түсетін салық арқылы республикалық және жергілікті бюджетке түсетін кіріс көлемі артады», деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
«Орталық Азия» ХӨК орталығы өңірдегі ең ірі жүк ағындарын біріктіру, өңдеу және тарату, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамыту орталығы ретінде қызмет атқарады. Сонымен қатар бұл орталық аймақтың логистикалық әлеуетін арттырып, Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын ірі платформа болмақ. 2027 жылға қарай мұнда 60-тан астам ірі жоба іске қосылып, 13 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде, Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібінің жаңа орталығына айналуға тиіс. Цифрлық өндіріс, автоматтандыру және жасанды интеллект салаларындағы заманауи шешімдер енгізіледі. Жаңа өндірістік, қоймалық, көліктік желілер салынып, логистика жеңілдейді.
Кейінгі жылдары өңірде агроөнеркәсіп кешенін қайта өңдеуге басымдық беріліп, жаңа өндірістік қуаттар іске қосылып жатыр. Соның бірегейі – «Түркістан текстиль» ЖШС қолға алған мақта-мата кластері еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ. Жалпы құны 86,5 млрд теңге болатын өндіріс кешенінде 2 345 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өз шикізатына негізделген ішкі өндіріс тізбегі қалыптасады, экспортқа бағытталған дайын өнімдер шығарылады. Жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы пайда болады. «Turkistan textile» жобасы толық өндірістік циклге негізделген. Яғни жоба аясында элиталық сұрыпты мақта тұқымын жергілікті жерде өсіру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу, дайын өнім өндіру, ішкі нарық пен экспортқа шығару көзделген.
Қазір өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Бірінші кезеңнің өндірісін биыл іске қосу жоспарланған. Қалғаны келер жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Жобаны халықаралық деңгейде жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісі бойынша танымал инвестор – қытайлық «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр. Сондай-ақ Мақтаарал ауданы Атакент кентінде «Fangao» ЖШС жаңа тігін фабрикасын іске қосады. Жобаның жалпы құны – 2 млн доллар. Заманауи технологиялармен толықтай жабдықталған зауыт таяу уақытта толық қуатында жұмыс істей бастайды. Өндіріс көлемі де айтарлықтай – жылына 30 мың дана мектеп формасын тігуді жоспарлап отыр. Бұған қоса, зауытта 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Фабрика өкілдерінің айтуынша, жұмысқа қабылданатын мамандар арнайы оқыту курсынан өтеді. Бұл үшін Қытайдан арнайы шеберлер шақыртылып, бір ай ішінде жаңа қызметкерлерге тігіншілік негіздері үйретіледі. Сонымен қатар аудан әкімдігі тарапынан мұндай кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсету қарастырылады. Инженерлік инфрақұрылым, жер телімдері, субсидия мен жеңілдетілген несие секілді тетіктер арқылы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып жатыр.
Жалпы, Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық бастамалардың бірі – «Атамекен» кедендік бекетінің маңында орналасқан арнайы экономикалық аймақ (АЭА) индустриялық-инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арнайы бөлінген және кәсіпкерлерге айтарлықтай жеңілдіктер мен қолдаулар ұсынатын ерекше мәртебеге ие. Осы аймақта төрт ірі жобаның жүзеге асырылуы жоспарланған. Соның ішіндегі ең ауқымдысының бірі – «Мақтаарал Xing Feng» ЖШС қолға алған мақта мен мақта майын өңдеу зауытының құрылысы. Құны 5,8 млрд теңгені құрайтын бұл жоба аудан экономикасына үлкен серпін бермек. Қазір зауыттың құрылыс жұмысы басталып, қажетті құрылғылар мен құрал-жабдықтар әкелініп жатыр. Жоба толық іске қосылған жағдайда, кәсіпорын жылына 10 мың тонна мақтаны өңдеп, дәл сондай көлемде мақта майын өндіруге қабілетті болуға тиіс.
Бұл көрсеткіштер ауданда және көршілес Жетісай, Шардара сияқты аудандарда өсірілетін ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді игеруге мүмкіндік береді. Өңделген өнімнің бір бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етсе, қалғаны экспортқа шығарылып, ауданның шетелдік сауда айналымын ұлғайтады. Бұдан бөлек, зауытта 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ АЭА аясында үш ірі өндіріс орнының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, «Tabys Silkway» ЖШС жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын тоқылған және полипропилен қаптарын өндіретін зауыт салады. Бұл өндіріс аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қаптауға арналған отандық қаптармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тағы бір жоба – 500 млн теңгеге бағаланған «Taza Agro Onimderi» ЖШС-нің күріш өңдеу зауыты. Ауданның кейбір аумақтарында күріш егумен айналысатын шаруалар үшін зауыт өнімді өткізу және сақтау мәселесін шешеді. Ал 5 млрд теңгеге жоспарланған «Food Waste» ЖШС-нің органикалық қалдықтарды өңдейтін зауыты экологияға оң әсер етіп, қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы тыңайтқыш өндірісіне жол ашпақ.
Облыста 2025–2026 жылдары құрылатын толық циклді мақта-тоқыма кластері аясында 30 000 гектардан астам алқапта заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, мақта өсіріледі. Сондай-ақ «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Алтын дала мақта» ЖШС өткен жылы Отырар ауданында толыққанды тоқыма кешенін салуды қолға алған болатын. Жоба арқылы ауданда 2 мақта зауыты салынады. Инвестордың есебінен электр желісі тартылып, тамшылатып суару жүйесі орнатылып, мақта егілген. Жоба ерекшілігі – шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық берілуінде. Салаға қажет технологиялар, оның ішінде тамшылатып суару жүйелері импортқа тәуелді болмай, аталған кешенде өндіріледі. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 140 млрд теңгеден асады, 4 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жылына 180 000 тонна мақта өңделеді. Өңірдің мақта шаруашылығын дамыту және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі стратегиясында 4 басым бағытты іске асыру қарастырылған. Атап айтқанда, егістікті әртараптандыру, тұқым шаруашылығы, жаңа агротехнологияларды енгізу, мақта-тоқыма кластерін дамыту. Мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру, 7 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл орайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, 10 ірі зауыттың құрылысы басталды. Оның ішінде, 4 мақта өңдеу зауыты, 4 тоқыма фабрикасы, 2 тамшылатып суару өндірісі бар.
Мақталы аудандардың тағы бірі – Жетісай ауданы аумағында орналасқан мақта қабылдаушы 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 мақта қабылдау бекетінің 53-і аудан аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына, қалған 24-і Мақтаарал ауданы аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі. Мақта сапасын 6 зертхана анықтайды. Мақта өңдеу зауыттары өкілдерінің айтуынша, әр компания тікелей халықаралық мақта трейдерімен жұмыс істейді. Ал трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестиция деуге болады.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын 79,3 мың гектар жерге орналастыратын ауданның 43,1 мың гектар жеріне мақта шиті егіледі. Алдын ала болжам бойынша гектарынан 27 центнерден өнім алынады деп жоспарланып отыр. Мақтааралда 5 069 шаруашылықтың өнімін 60 бекет қабылдайды, мұнда 25 зертхана жұмыс істейді. Шардарадағы 1 460 шаруашылық 35 бекетке мақта тапсырады. Мұндағы 18 зертханада өнім сапасы тексеріледі. Ауданда 16 814 гектар мақталықтан 42 мың тоннадан астам өнім жинау көзделіп отыр. Айта кетелік, мақта терім науқанында туындайтын мәселелер мен келеңсіздіктерді дер кезінде саралап, жедел шешу мақсатында облыста арнайы штаб құрылған. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай ауданында штабтың кезекті отырысын өткізіп, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мақта өңдеу зауыттарының басшылары науқанға дайындық барысы мен өндірістік мүмкіндіктері туралы мәлімет берді.
«Өзекті мәселелердің басым бөлігі мақта қабылдау бекеттерінде зертханалардың болмауынан туындайды. Мақта өңдеу зауыттары өз бекеттерін зертханалармен толық қамтамасыз етуге тиіс. Мақта бағасы нарыққа тәуелді, дегенмен қазіргі деңгейден төмендемеуі керек. Шаруалардың еңбегінсіз зауыттарға өнім жоқ. Сондықтан бірінші кезекте еңбекті бағалауымыз қажет. Кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жалғасады», деді облыс әкімінің орынбасары.
Биыл облыс бойынша 145 мың гектар жерге мақта дақылы егілген, 470 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.
Түркістан облысы