Қылмыс • Бүгін, 19:52

Атырауда менеджерді өлтірген күдікті өмір бойына сотталды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шетелдік компанияның менеджерін қатыгездікпен өлтірген күдіктіге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады Egemen.kz.

Атырауда менеджерді өлтірген күдікті өмір бойына сотталды

Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1 бөлігімен, 120-бабының 2-бөлігінің 2-тармағымен, 99-бабының 2-бөлігінің 4,5,10 тармақтарымен, 188-бабының 4-бөлігінің 3-тармағымен, 200-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық, зорлау және жүкті әйелді басқа қылмыстарды жасыру мақсатында аса қатыгездікпен өлтіргені, сондай-ақ ұрлық жасағаны және автокөлікті заңсыз иемдену) айып тағылған.

«Жәбірленуші 2022 жылы Атырау қаласынан пәтер сатып алып, сантехник маманымен танысқан. Күдікті жөндеуді талқылап, сенімге кіре отырып, жәбірленушінің тұрақ орнын сатып алу жоспары туралы білген. Сантехник маманында алаяқтық қылмыстық құқық бұзушылық пиғылы пайда болған. Жәбірленушіні ұйым қызметкерлері арқылы тұрақ орнын жеңілдікпен сатып алуға көмектесетініне сендіріп, одан 400 мың теңге алдын-ала төлем алып, өзіне иемденген. Кейін сантехникке келісім туралы бірнеше рет ескерткен. Бір жылдан кейін жәбірленуші тағы да сантехник маманына қоңырау шалып, тұрақ орны туралы сұрап, мәселе шешілмеген жағдайда шағым түсіретінін айтқан. Өзінің жүктілігі және одан әрі күтудің мүмкін еместігі туралы хабарлаған. Осыдан кейін сантехник арызды рәсімдеу сылтауымен оған мас күйінде келген. Алаяқтықты жасыру үшін маска киіп, жәбірленушіні зорлап, аса қатыгездікпен өлтірген», деп хабарлады аталған соттан.

Күдікті бұдан соң пәтерді тінтіп, сейфті ашып, қомақты ақша мен зергерлік бұйымдарды ұрлап, көлік пен ұялы телефонды иемденген. Жалпы материалдық шығын 13 млн теңгеден асқан.

Прокурор мен жәбірленуші тарап сотталушыны кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазаын тағайындауды сұрады. Ал қорғаушы тарап күдіктіні Қылмыстық Кодекстің 190, 120, 200, 188-баптары бойынша ақтауды, жеңіл жаза тағайындауды ұсынды.

«Сотталушының кінәсі куәлардың, жәбірленушілердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен расталды. Сот сотталушыға жаза тағайындау барысында жеңілдететін мән-жайларды анықтамады. Қылмыстың мас күйінде жасалғаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды. Сотталушы айыптаудың барлық эпизоды бойынша кінәлі деп танылды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалды. Жәбірленушінің пайдасына материалдық және моральдық залал өндірілді», деп мәлім етті соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.