Архив • Бүгін, 17:00

Мемлекеттік архивтерге ұлттық мәртебе беріледі

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген архив ісі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Осы заң жобасын  әзірлеу кезінде депутаттар республикалық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебесін беру мәселесін көтерді, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекеттік архивтерге ұлттық мәртебе беріледі

Фото: Ашық дереккөзден

Еліміздегі 2 мемлекеттік архив мәртебе беру критерийлеріне сай келетіні анықталды. Олар: Алматы қаласындағы «Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві» және Астанадағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві».

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың архив ісі саласындағы еңбек қатынастарын реттеу бойынша құзыреті кеңейтіледі. Енді әкімдіктер ауылдардағы жұмысы үшін қосымша ақы алуға құқығы бар архив қызметкерлері тізімін анықтай алады.

Сондай-ақ, Қазақстанда құжаттардың бірыңғай электронды архиві ақпараттық жүйесі енгізіледі. 

Бекітілген заң жобасы архив құжаттарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану саласын құқықтық реттеуді кеңейтеді. Атап айтқанда, тәжірибелік-конструкторлық және қала құрылысы құжаттамасы, қолжазбалар, суреттер, сызбалар, күнделіктер, хат-хабарлар сияқты материалдарды сақтау және пайдалану нормалары оңтайландырылды.

Негізгі жаңалық «Құжаттардың бірыңғай электронды архиві» ақпараттық жүйесін енгізу болады. Ол барлық цифрландырылған архив құжаттамасын сақтауды және мемлекеттік және ведомстволық архивтердің бизнес-процестерін автоматтандыруды көздейді.

Архивтерде сақталатын азаматтардың дербес деректері мен жеке мәліметтерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік архивтердің функциялары нақтыланады.