
Жиынға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос, Сенат төрағасы, съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты. Осылайша, дүниежүзіндегі ең ірі әрі беделді халықаралық ұйым саналатын БҰҰ Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезін өткізуді ресми түрде қолдады.
Сессияда сөз сөйлеген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміз киелі орындарды қорғауға әрдайым баса мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ Өркениеттер Альянсы бүкіл адамзат үшін халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы диалогті жолға қоюда маңызды миссия атқарып келе жатқанын айтты. Жалпы, бұл ұйымның 20 жыл ішінде экстремизмнің алдын алуға, діни кемсітушілікке қарсы күреске және бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып келе жатқаны айрықша аталды.
Хатшылық басшысы Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия былтырғы қарашада Португалияда өткен БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жаһандық Х форумының логикалық жалғасы екенін және бұл бастама адамзатты алаңдатқан өзекті мәселелер мен оларды еңсеру жолдарын қамтығанын да тілге тиек етті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдады. Сондықтан «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды. Біздің жерімізде ғасырлар бойы әртүрлі діни ғибадатханалар мен рухани нысандар бейбіт жағдайда қызмет көрсетіп келгені тарихтан белгілі. Бұл құндылықтар алдағы уақытта да мәдени мұрамыздың ажырамас бір бөлшегі болып қала береді. Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында орналасқан Қазақстан ежелден халықтарды, мәдениеттер мен діндерді байланыстыратын географиялық және өркениеттік көпір рөлін атқарып келеді. Киелі орындардың барлығы біздің халықтарымыздың тарихында маңызды орын алады. Оның бәрі – біздің баға жетпес рухани-мәдени мұрамыз. Сондықтан оларды сақтауға және қорғауға әрдайым баса мән береміз, – деді М.Әшімбаев.
Сенат төрағасы мемлекетіміздің БҰҰ Бас Ассамблеясының 2023 жылғы Конфессияаралық диалог және өшпенділік тіліне қарсы іс-қимыл туралы қарарын, сондай-ақ БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын қолдайтынын жеткізді.
Сессияға қатысушылар қасиетті орындарды қорғау бүкіл әлемдік қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі екенін және съезд рухани және саяси көшбасшылар толеранттылық пен өзара сыйластық идеяларын ілгерілету үшін күш біріктіре алатын бірегей алаң ретінде қызмет ететінін атап өтті.
Айталық, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары М.А.Моратинос біздің елдің жаһандық деңгейдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы батыл қадамдарын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол бұл бағыттағы бірлескен бастамаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Жиында Моратиностың басшылығымен әзірленген БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспары таныстырылды. Құжат ғибадат орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, дін өкілдерін қорғауға, құқықтық тетіктерді нығайтуға және өзара құрмет пен ынтымақтастықтың жаһандық құндылықтарын дәріптеуге қатысты нақты шараларды қамтиды.
– Қазір жаһандағы түрлі дағдарыстар мен террористік әрекеттерді көріп жүрміз. Соның салдарынан адамдар қаза тауып, түрлі діни нысандар қирап жатыр. Мұндай шабуылдарды лаңкестік топтар ғана ұйымдастырады және олардың басты көздегені – қоғамды күйретіп, халыққа қорқыныш пен қайғы шектіру. Әсілінде діни нысандарды қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – адамзат алдындағы маңызды да үлкен міндеттердің бірі. Адам құқықтары аясында біз осы нысандардың қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді БҰҰ Өркениеттер Альянсының жоғары өкілі.
Ашық диалог аясында діни лидерлер мен мемлекет қайраткерлері ғибадат орындары мен сыйыну жерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің келісілген тәсілдерін қалыптастыру қажеттілігі туралы пікір алмасты. Әлемнің көптеген аймағында ғибадат ету орындарына, ғибадатханалар мен сыйыну орындарына төнген вандализм, қасиетті нысандарды қорлау сынды қауіптердің артуына қатты алаңдаушылық білдірді.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен екіжақты кездесу өткізді. Кездесуде негізгі бағыттар бойынша, атап айтқанда, дінаралық келісім мен өркениеттердің жаһандық диалогін нығайту жолындағы күш-жігерді үйлестіруге арналған өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Олар – білім беру, жастарды дамыту, көші-қон, әйелдердің рөлі және БАҚ-қа қатысты проблемаларды еңсеру бойынша бірлескен жұмыстар.
Ал Мәскеу және Бүкіл Русь патриархы Кириллмен кездесуде ынтымақтастықтың болашағы, оның ішінде халықаралық шиеленіс жағдайында рухани дипломатияны дамыту және әлемдік деңгейде дінаралық диалогті одан әрі ілгерілету тетіктері әңгімеге арқау болды.
Сессия барысында сөз сөйлеген мәртебелі меймандар Қазақстанның түрлі діндер өкілдерінің толеранттылығын және бейбіт қатар өмір сүруін дәріптеу, сондай-ақ құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру бағытындағы бастамаларына ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар олар конфессияаралық және өркениетаралық диалогті ілгерілету ісінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің беделі мен рөлі зор екенін айтты.