
Салтанатты шараға қатысқан Туризм және спорт министрі Е.Мырзабосынов, есек есу спорты түрлері бойынша «Қайық» федерациясы АҚБ президенті А.Мерғалиев, байдарка мен каноэ есу халықаралық федерациясының президенті Т.Кониецко сөз алып, өңір тұрғындарына ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгін біз үшін тарихи және қуанышты күн. Елімізде алғаш рет халықаралық стандартқа сай келетін «Ескек есу» каналын ашқалы тұрмыз. Түркістанымыз түркі әлемін таңғалдыратын тағы да бір заманауи нысанмен толыққалы тұр. Бұл - Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, тарихи Түркістанды дамыту бағытындағы жүргізіліп жатқан нақты жұмыстардың жемісі. «Ескек есу» каналының ерекшелігінің бірі – қаланың экожүйесіне де тікелей әсерін тигізеді. Кешенде Азиялық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға болады. Шетелдік спортшыларға жыл он екі ай оқу-жаттығу жиындарын өткізуге толық мүмкіндік бар. Бұл спорт кешені – Түркістанның ғана емес, тұтас қазақ елінің абыройын көтереді. «Ескек есу» каналыны өңір спортының дамуына серпін беріп қана қоймай, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға да зор үлес қосады,– деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа нысанның ашылуымен құттықтауында.
Салтанатты шара аясында Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев арасында тарихи меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Түркістанды Орталық Азиядағы есу спорты хабына айналдыруға жол ашады. «Ескек есу» каналында 500-ге жуық спортшы байдарка мен каноэда есу, академиялық есу, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сияқты спорт түрлерімен тұрақты түрде жаттыға алады.
Айта кетелік, облыстың ескек есушілері ел абыройын көтеруде. Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1 800-ден астам медаль иеленсе (406 алтын, 730 күміс, 676 қола), Әлем және Азия чемпионаттарында 184 медаль қанжылады (58 алтын, 84 күміс, 42 қола). Олимпиада ойындарына 9 лицензия алынды. Өңірде биыл 102 спорт нысаны пайдалануға тапсырылды. Келесі жылы 10 спорт ғимаратын тапсыру жоспарланып отыр.