Ғылым • Бүгін, 10:11

Халықаралық мамандар ядролық физиканың жетістіктерін талқылады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда археология мен ядролық технологияларға арналған «Археологиялық зерттеулерде жаратылыстану-ғылыми әдістерді қолдану» тақырыбында халықаралық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықаралық мамандар  ядролық физиканың жетістіктерін талқылады

Ядролық физика институты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы, Біріккен ядролық зерттеулер институты (БЯЗИ) және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған ғылыми іс-шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Франция және Ұлыбританияның жетекші мамандары келді.

Конференция іргелі ғылымның ең ірі халықаралық орталықтарының бірі саналатын Біріккен ядролық зерттеулер институтының құрылғанына 70 жыл толуына орай өтіп отыр.

Алматы қаласында орналасқан Ядролық физика институты бұл бағытты дамытуда айрықша рөл атқарады. ССР-Қ зерттеу реакторының базасында артефактыларды зақымдамай «ішіне үңілуге» мүмкіндік беретін нейтрондық радиография мен томография әдістері енгізілген. Яғни, археологиялық қазбалар барысынан табылған жәдігерлерді зақымдамай зерттеу әдісі бүгінде сала мамандарын бірлесіп жұмыс істеуге кеңінен мүмкіндіктер ашып отыр. Бүгінде бұл технологиялар Қазақстан археологиялық ұйымдарымен жүзеге асырылған бірқатар бірлескен жобалардың негізіне айналды. Институт Орталық мемлекеттік мұражайымен бірлесе отырып, Ақтерек қорымынан табылған керамикалық құмыралар мен қола айна, сондай-ақ Шірік-Рабаттан табылған қылышты зерттеді. Зерттеу барысында бұйымдардың құрылымы мен қорытпа құрамы, сақталу дәрежесі анықталып, коррозия іздері табылды. Ал Археология институтымен ынтымақтастықта кейбір жәдігерлерден жасырын жарықшақтар мен бұрынғы қалпына келтіру белгілері анықталды. Нейтрондық зерттеу әдістері тек археологияда ғана емес, сонымен қатар материалтануда, геологияда, палеонтологияда және өнеркәсіпте де кеңінен қолданылады. Үш күн бойы ғалымдар тарихи-мәдени мұраны сақтау және пәнаралық жобаларды дамытуда жаратылыстану-ғылыми технологияларды қолданудың болашағын талқылайтын болады.

Алматы