Оқиға • Бүгін, 10:25

Елімізде некеге мәжбүрлеу мен адам ұрлауға қатысты заң өзгереді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

16 қыркүйектен бастап елімізде некеге мәжбүрлеу және адам ұрлауға байланысты қылмыстық заңнамаға маңызды өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Елімізде некеге мәжбүрлеу мен адам ұрлауға қатысты заң өзгереді

Фото: Ашық дереккөз

Ең басты жаңашылдық Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпені алып тастау болды. Бұған дейін ұрланған адамды өз еркімен босатқан тұлға қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Енді жәбірленушіні ерікті түрде босатқан күннің өзінде кінәлі адам заң бойынша жауапқа тартылады.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап енгізілді, ол «Некеге мәжбүрлеу» әрекетін қылмыс ретінде қарастырады. Мұндай әрекет үшін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру сияқты жазалар қарастырылған. Қылмыстың ауырлығына байланысты айыппұл 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал бас бостандығынан айыру мерзімі – екі жылға дейін белгіленген.

Егер некеге мәжбүрлеу абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, жазаның мерзімі бес жылдан он жылға дейін ұлғаяды. Ал егер әрекет зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділігін пайдалану арқылы, адамдар тобымен немесе қызмет бабын пайдаланып жасалса, қатаң жаза көзделген.

Заңдағы бұл түзетулер әсіресе әйелдер мен жасөспірімдер сияқты осал топтарды қорғауға және некеге мәжбүрлеудің алдын алуға бағытталған.