20 Наурыз, 2015

АҚШ елшісі Назарбаевқа баяндамасын қазақ тілінде жасады

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

20-03-15-klor-1

АСТАНА. 20 наурыз. Бұрнағы күні Ақордадағы дипломатиялық кездесулер барысында АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа тағайындалған елшісі Джорж Клор Елбасының алдында қазақ тілінде баяндама жасады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Ресми баяндамасының әлқиссасын қазақ тілінде жатқа сөйлеуден бастаған елші мырза артынша арнайы жазылған мәтінін қағазға қарап оқыды. Баяндамасын аяқтаған елші Джорж Клор мырза Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына сенім грамотасын тапсырды. Ал Қазақстанға келгеніне көп болмаған елші мырзаның ресми баяндамасын мемлекеттік тілде жасағанына  Елбасы өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, бүгін Ақордада Елбасымен кездескен Кувейт, Пәкстан, Сауд Арабиясы және басқа да елшілер аудармашының көмегіне жүгінсе, Болгарияның Қазақстандағы елшісі өз баяндамасын орыс тілінде жасаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында баяндамаларын жасап, сенім грамоталарын тапсырып болған елші мырзалар журналистерге сұхбат берді. Америкалық дипломат бұл жерде де өзін айрықша танытып, журналистерге қазақ тілінде сұхбат берді. АҚШ елшісінен кейін сөз алған Болгария елшісі журналистердің алдында бір-екі ауыз сөзін қазақ тілінде айтуға әрекет етті. Бір айта кететіні, АҚШ-тың елшісі Қазақстанға келгеніне көп уақыт болмаса да, өзінің осы елге деген құрметін осылайша білдірді.  Журналистерге ресми мәлімдеме жасаған Джорж Клор мырза өзіне қазақтың ұлттық асханасын қатты ұнататынын және қымыз бен шұбаттың дәмі тіл үйіретінін де жеткізді. Мұрат Айтқожа.