Шымкент • Бүгін, 08:55

Кәсіпкерлер құқын қорғау – айрықша назарда

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкенттің ең үлкен концерттік ғимараты Қызғалдақ сарайында кәсіпкерлік саласына арналған кеңес өтті. Жиында іскер азаматтарды, инвесторларды қолдау мәселесі, сондай-ақ осы бағытта атқарылған жұмыстардың барысы талқыланады.

Кәсіпкерлер құқын қорғау – айрықша назарда

Алқалы жиынға Шым­кент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастығының өкілдері, түрлі компания басшылары мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Алқа мәжілісінде алды­мен «Заң және тәртіп» тұжырым­дамасы аясында атқарылған жұмыстар сараланды. Соны­мен қатар Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­масы бойынша үшінші мега­по­лис­тегі бизнесті дамыту мен инвес­тициялық ахуалды жақ­сар­­ту бағытында іске асырылған ауқымды жұмыстар баяндалды.

Қала прокуроры Ғ.Мұқанов заң мен тәртіптің қоғам тыныш­тығы үшін ғана емес, кәсіпкерлік саласының тұрақты дамуы үшін де қажет екенін еске салды.

«Елімізде бизнесті дамытуға, инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылып отыр. Соның шеңберінде тиісті қолдаулар да көрсетіліп келеді. Жалпы, тұрақты бизнес ахуал сенімділік арқылы орнығады. Осыған орай прокуратура органдары кәсіпкердің құқығын, заңды мүддесін қорғау жолын­дағы табанды жұмыстарын жал­ғас­тыра береді. Заң үстем­дігін орнатудың басты мақ­саты – кәсіп­керлік саласына, жалпы қоғам­ға пайда әкелу. Сол тұр­ғыда уәкі­летті орган­ның негізгі міндеті – әрбір инвес­тициялық жобаның заңды, ашық әрі әділ жүзеге асуы­на жағдай жасау», деді ол.

Жиын барысында арнау­лы және жоғары оқу орнын біті­руші түлектерді жұ­мыс­пен қамту мәселесі де қозғал­ды. Мем­ле­кеттік кірістер депар­тамен­ті­нің өкілдері жаңа Салық кодек­сінің нормаларын жиналған көпшілікке түсіндіріп берді. Кәсіпкерлер мен компания басшылары индустриялық, ар­­найы экономикалық аймақтарда ­жү­зеге асып жатқан жобалар туралы ­баяндап, өз өнімдерін таныстырып өтті.

Шымкент қалалық кәсіпкер­­­лер палатасының директоры ­Сабира Адамбекованың айтуынша, кәсіп­кер құқығын қор­ғау ұйымы мен жергілікті атқа­рушы биліктің көз­деген ор­тақ мақсаты біреу ғана, ол – елі­міз­ді ин­вестиция­лық тар­тым­ды мем­лекетке айнал­дыру. Осы орайда «Атамекен» ұлт­тық кә­сіп­кер­лер палатасы ­ин­те­рактивті инвестициялық карта жасап шы­ғарды. Картаның көмегімен әр ин­вестициялық жобаның кезең-кезеңімен, қалай жүзеге асып жат­қанын бақылауға болады. Мем­лекеттің түрлі деңгейдегі құзыретті органдары қажет бол­ған жағдайда картамен танысып шығып, қандай проблема барын, олардың шешу жолдарын анық­тай алады. Бұл ретте С.Адамбе­кова инвесторларды Инвестия­лық к­ар­та­ға қосылуға шақырды. Соны­­мен қатар, палата директоры мем­лекет пен кәсіпкерлік сек­тор­­дың өзара әріптестігі оң нәти­же­ ­бере бастағанын атап өтті. Мәсе­лен, «Іскерлік климат» рейтингісі аясында жүр­гізіл­ген тоқсан сайынғы ­сауалнама нә­тижесі инвестициялық тартым­дылық жөнінде өзге мегапо­лис­термен салыстырғанда Шымкент­те айтарлықтай серпіліс барын көрсетті. Бұл бірінші кезек­те жергілікті атқарушы орган­дар­дың инвестиция саласына көр­сеткен қолдауларының арқасы. Ең бастысы, қалалық әкімдік тарапынан кәсіпкерлік саласын қолдау жыл өткен сайын артып келеді.

Жиын соңында Шымкент қаласының прокуроры Ғ.Мұқа­нов бизнестің құқықтарын қорғау ісіне қосқан үлесі үшін кәсіпкерлер палатасының директоры С.Адамбекова мен бөлім басшысы Әзілхан Жәрімбетовті, бірқатар кәсіпкерді Алғыс хаттармен марапаттады.

Осы орайда өңірлік кәсіп­керлер палатасының басшысы С.Адамбековадан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ­Қа­зақстан халқына арнаған биыл­­ғы Жолдауына байланысты, он­дағы айтылған кәсіпкерлік сала­сын қолдау жөніндегі мәселелерге пікір білдіруін өтінген едік.

«Бүгінгі таңда барлық құ­зыр­лы органдар, оның ішінде «Атаме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сы елімізді дамыған мемлекетке айналдыру жолында талмай еңбек етіп келеді», деді ол. – Кейінгі жылдары ел экономикасының тұ­рақты дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына ерекше көңіл бөліне бастады. Бизнесті қолдау бағытындағы жүзге жуық көмек түрлерін тізіп шығуға болады. Олардың ішінде қаржылай, қаржылай емес қолдау көрсету шаралары, гранттар, екінші деңгейлі банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдік қолдау, оқыту сынды көптеген жәрдем түрі бар.

Өз кезегінде кәсіпкерлер палатасы тарапынан іскерлік бастамалары бар азаматтарға кеңес беру, құқықтық көмек көрсету, сервистік қолдау, мем­лекеттік ор­гандармен бірге кәсіпкерлерді оқыту, біліктілікті арттыру сияқты қызметтер ұсы­нылады. Соны­мен қатар Пала­та жанынан түрлі саладағы кәсіпкерлердің сала­лық кеңес­тері құрылған. Онда сол ­салада туындаған проблемалар сарап­шылардың қатысуы­мен талқы­ланып, тараптар оның шешімін табуға тырысады. Қа­жет болған жағдайда кәсіпкер­лер мәселесі орталық мемлекет­тік органдарға жеткізіледі.

Бұл тұста жергілікті атқару­шы билікпен, прокуратура, эко­номикалық тергеп-тексеру секілді құзырлы органдармен бір­лес­кен жұмыстар жүйеге қойыл­ған. Инвестиция мәселесіне Мемле­кет басшысы биылғы Жолдауын­да да айрықша назар аудар­ды. Президент кәсіпкерліктің ел экономикасының қозғаушы күші екенін атап өтті. Заңна­ма­ны күрделендірумен емес, оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, іскерлік саладағы заң­намаға терең тексеру жүргізуді тапсырды. Демек Президент мәлімдеген бастамалар толық іске асса, келешекте ол бизнесті қорғаудың тағы бір маңызды құралы болары сөзсіз. Жалпы, палатаның да мемлекеттік атқа­рушы органдардың да ұстан­ған жолы біреу. Ол – кәсіпкер мемле­кет қолдауын сезінетін, құқықтары­ның қорғалатынына сенімді бола­тын әділ, ашық әрі қауіпсіз биз­нес-орта қа­лыптастыру. Сондық­тан кәсіпкер­лер палатасы Жолдау­да айтылған инвестицияға қатыс­ты барлық тапсырманы орын­дауға қа­шанда дайын.