
Медицина саласы Мемлекет басшысының әрдайым назарында. Осыған орай жыл сайын бюджеттен оған қомақты қаржы бөлініп, ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Соның ішінде жаңа клиникалық орталықтардың құрылысы мен емдеу мекемелерінің заманауи құралдармен жабдықталуын, сондай-ақ медициналық мамандардың тәжірибе жинақтап шеберліктерін арттыруын атап өтуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда Шымкентте ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер баршылық.
Соның біріне тоқталсақ, жақында қалалық перзентханада неонаталдық хирургия бөлімшесі ашылды. Шаһардың медицина саласына жауапты сала мамандары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қалалық перзентханасында жаңа туған нәрестелерге шұғыл хирургиялық көмек көрсететін неонаталдық хирургия бөлімшесі өз жұмысын бастағанын қуана жеткізді. Президент ана мен бала өлімін азайту мақсатында медициналық қызмет сапасын жақсартуды Үкіметке арнайы тапсырған еді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы билік жүкті әйелдердің денсаулығын нығайтуға, өмірге сау бала әкеліп, оның келешекте дені сау ұрпақ болып қалыптасуына бар жағдайды жасап отыр. Соның бірі – осы неонаталдық хирургия бөлімшесінің қызметке кірісуі.
Бөлімше шыр етіп дүниеге келген сәбилердің туа біткен кемістіктерін хирургиялық жолмен емдеуге арналған орын. Негізгі мақсаты – жатыр ішінде қалыптасқан патологияларды дер кезінде түзету арқылы сәбидің өмірін сақтап қалу, болашақтағы денсаулығын жақсарту. Бөлімше бірнеше негізгі бағыттарды қамтиды. Жоғарыда айтылғандай, ең алдымен туа біткен аномалияларды емдейді. Яғни атрезия, стеноз, деформация, басқа да осы секілді даму кемістіктерін хирургиялық жолмен түзетеді. Екіншіден, неонатолог дәрігерлер жаңа туған, шала туған сәбилерге жан-жақты дәрігерлік күтім жүргізеді. Сол арқылы шала туған, салмағы өте төмен нәрестелердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады. Бұрын мұндай мүмкіндіктер өте аз еді дейді мамандар. Соның салдарынан сәбилердің өмірін сақтап қалу қиынға соғып жататын. Қазір дамыған медициналық технология мен білікті мамандардың арқасында денсаулығында кінәраты бар, шала туған нәрестелерді аман алып қалуға толық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Неонатология бөлімшесінде кешенді тәсілдер де қарастырылған. Операциядан бөлек, мұнда нәрестені толық күтіп-қарау, денсаулығын оңалту, организмнің қалыпты өсуіне қолайлы жағдай туғызу, жүйкені тыныштандыратын терапиялар секілді бағыттар қолға алынған. Сондай-ақ бөлімшеде, медициналық терминмен айтқанда, гуманизацияланған күтім жүргізіледі. Ол дегеніміз – ауырсынуды барынша азайту, шу мен жарық әсерін шектеу, температуралық жайлылықты қамтамасыз ету, ата-аналардың күтімге қатысуына жағдай жасау.
Бөлімшені жабдықтауға заманауи техникалар мен күрделі операциялар жасауға қажетті құрал-жабдықтар көптеп сатып алынды. Сондай-ақ тәжірибелі мамандардан құралған дәрігерлер тобы жасақталды. Қазірде мұнда неонатал хирургтер Н.Әбдікәрімов, Е.Байдуллаев, неонатал анестезиолог-реаниматолог Б.Әлменов секілді білікті мамандар қызмет атқарады. Қалалық перзентханада аталған жаңа қызмет түрі ашылғалы дәрігер хирургтер 7 нәрестеге сәтті операция жасап, олардың өмірін сақтап қалды. Қорыта айтқанда, бөлімшенің дәрігерлері ауыр дертке шалдыққан сәбилерге өмірінің алғашқы күндерінде-ақ перзентхана ішінде шұғыл хирургиялық көмек көрсетіп, талай жанның алғысын арқалап жүр.
Бүгінде халық санының өсімін қамтамасыз ету күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Халықтың табиғи өсімі бірінші кезекте елдің дамуына сеп. Экономиканы көтеруге алдымен білікті мамандар, қарапайым жұмысшылар қажет. Сол тұрғыда демографиялық ахуал елдің даму көрсеткішінің маңызды бөлігі саналады. Ал халық өсімін жоғарылату бірінші кезекте ана мен бала өлімін азайтуға бағытталған медициналық қызметтің сапасын жақсартуға байланысты дейді мамандар.
Қалалық балалар клиникалық ауруханасы медициналық қызметтің озық үлгілерін көрсетіп келеді. Аурухананың бас дәрігері Динара Жұмаділова кейінгі жылдары емдеу мекемесі жаңа құрал-жабдықтармен толығып, көрсетілетін қызмет түрлерінің ауқымы кеңейе түскенін айтады.
«Балалар клиникалық ауруханасының жаңа деңгейге көтерілуі ата-аналарға үлкен көмек болып отыр. Себебі кейбір күрделі ауруларды емдеуге бұрын квота арқылы Алматы немесе Астанаға жіберетінбіз. Қазір ауыр кеселдерді емдеуді өзіміздің дәрігерлер меңгерген соң ата-аналар балаларын алысқа алып бармайтын болды. Бәрі де осы клиникалық ауруханада атқарылады. Біздің бұл тәжірибеміз Президент Жолдауында айтылған мәселеге сай келуі ерекше қуантып отыр. Мемлекет басшысы көпбейінді клиникалардың қызметін жақсартып, адамдардың жергілікті жерде сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау керектігін айтты. Әр өңір әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан дербес дамуға ұмтылуы керек. Соның ішінде республикалық маңызы бар ірі мегаполистерде медициналық қызметтің барлық түрі қарастырылуы қажет. Бұл бірінші кезекте халыққа әлеуметтік жағдайды жақсартудың көрінісі. Сондай-ақ оған емханалардың тұрғылықты жерге жақын орналасуы да жатады. Қысқасы, медициналық көмек мәселесінде халық өзін жайлы сезінуі керек. Бүгінде біз барлық науқастарды өзімізде емдеуге тырысып жатырмыз. Осыған орай, жергілікті әкімдіктің қолдауымен, клиникалық балалар ауруханасы заманауи медициналық құралдармен жабдықталды. Көптеген маманымыз шетелге іс-тәжірибе алмасуға барып, біліктіліктерін арттырып келіп жатыр. Немесе шетелден мамандар шақыртып, осында шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз. Осының бәрі жергілікті медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар. Бала – біздің болашағымыз. Бұл қанатты сөзді естігенде алдымен ойға балаға берілетін білім мен тәрбие еске түсетіні аян. Дегенмен медициналық көмектің де маңыздылығы зор. Дені сау ұрпақтан сау ұлт қалыптасады. Ұлт денсаулығы көп жағдайға әсер етеді. Еліміз алдына биік мақсаттар қойып отыр. Сол мақсаттарды орындау жолында бірінші кезекте халықтың денсаулығы мықты болу керек. Адамдардың денсаулығы көбінесе бала кезінен қалыптасады. Сондықтан баланы кішкентай кезінен саламатты өмір салтына бейімдеу маңызды. Бұл ретте бұқаралық спортты дамыту мәселесін мықтап қолға алған жөн. Адамдардың денсаулығын нығайтуға бағытталған стратегиялық жоспарда бұқаралық спорт әрдайым бірінші орыннан түспеу керек. Президент әрбір Жолдауында міндетті түрде медицина саласын қозғап өтеді. Соның аясында Үкіметке тиісті тапсырмалар мен міндеттер жүктейді. Мемлекет басшысы белгілеген жоспарларды іске асырудың нәтижесінде өңірде бұл сала бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсара түскен. Айталық, елімізде қазір бұрын-соңды болмаған заманауи клиникалар бой көтеріп келеді. Кейінгі жылдары Шымкенттің өзінде қаншама емдеу мекемелері салынды. Енді медициналық орталықтардың құрылысын мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында жандандыру қажет. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін салмақты азайтады. Одан бөлек, көптеген әлеуметтік нысанның бой көтеруіне септігін тигізеді. Шымкентте тек емдеу орындарының саны өсіп қана қойған жоқ, сонымен қатар медициналық қызмет сапасы да күшейді. Бүгінде жергілікті медицина мамандары күрделі операцияларды асқан ептілікпен жасауды шебер меңгерді. Бұл денсаулық сақтау саласында дұрыс қадам жасап келе жатырмыз деген сөз. Алдағы уақытта да салаға қатысты әрбір міндетті тыңғылықты орындауымыз керек», деді Д.Жұмаділова.
Қалалық балалар клиникалық ауруханасы – 18 жасқа дейінгі балаларға орталықтандырылған педиатриялық медициналық көмектің барлық түрлерін көрсетуге арналған 495 төсек-орындық көпбейінді аурухана. Клиника жоғары санатты аккредиттеуден өткен, «Altyn shipager» сыйлығының иегері, 2022 жылғы «Үздік қалалық балалар стационары», 2024 жылғы қазан айында «Беделді балалар ауруханасы» номинациясын жеңіп алған емдеу мекемесі.
Бас дәрігердің айтуынша, 2020 жылдан бастап медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынды. Соның шеңберінде аурухана жанынан нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, кеуде хирургиясы, эндокринологиялық, онкологиялық, гематологиялық, оториноларингологиялық, жақ-бет хирургиясы, кардиохирургиялық жаңа бөлімшелер ашылды. Өткен жылдың 1 маусымында мұнда «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу» ресурстық орталығы іске қосылды. Орталықта медицина қызметкерлері біліктіліктерін арттыру бағытында оқытылып, балаларымен стационарлық жағдайда емделіп жатқан ата-аналарға 5 жасқа дейінгі күтім мен тамақтану мәселелері жөнінде кеңес беріледі. Орталық оқу-әдістемелік материалдармен, тиісті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің сарапшысы, ұлттық жаттықтырушы Баян Бабаева педиатрия тақырыбында жергілікті емханалардың медицина қызметкерлеріне арналған оқу-семинарлар өткізіп тұрады.
Ауруханада «Госпитальдық фармация бөлімшесі» ашылған. Соның нәтижесінде клиника дәрі-дәрмекті тиімді пайдалануға көшті. Пневмопошта арқылы аурухананың клиникалық, параклиникалық бөлімшелеріне дәрілік заттар уақтылы жеткізіліп отырады. Яғни көптеген дәрілік препаратты клиника ішкі фармацевтикалық бөлімшеде өзі жасап шығарады. Дәрі-дәрмектің біразы аурухананың өзінде дайындалатын болғандықтан, ол бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге де септігін тигізді.
Биыл сондай-ақ балалар клиникасында жедел жәрдем бекеті іске қосылды. Ол жедел жәрдем автокөлігімен, тиісті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілді. Бұл жерде білікті фельдшер-мамандар қызмет атқарады. Жедел жәрдем бекетін ашудағы негізгі мақсат – сырқаты балалар ауруханасына жатуға келмейтін науқастарды тиісті медициналық ұйымға дер кезінде тасымалдау. Одан бөлек, балалар ауруханасында біраздан бері кардиохирургия бөлімшесі жұмыс істейді. Бүгінде дәрігерлер жүрек ауруына шалдыққан балаларға жергілікті деңгейде күрделі операциялар жасауды қолға алды. 20 төсек орынға арналған бөлімшеде кардиореанимация мен операциялық бөлмелер бар. Бөлімшенің ашылуына орай Шымкентте кең ауқымды халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оған Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстаннан, елімізден көптеген маман, ғалымдар қатысты. Конференцияда кардиохирургиялық, кардиологиялық қызметтердің өзекті мәселелері талқыланды. Ғылыми басқосу аясында жергілікті дәрігерлер шетелден келген мамандармен тәжірибе алмасып, балалардың жүрегіне ашық операция жасалды.