
Маневрлерге 1500-ден астам әскери қызметкер, шамамен 200 әскери және арнайы техника, 30-дан астам ұшу аппараты қатысты. Әуе құрамында Су-30СМ жойғыштары, Су-25 ұшақтары және түрлі тікұшақтар қолданылды.
Оқу-жаттығу барысында ұшқыштар шартты қарсыластың әуе қорғанысын бұзып өту, жақын қашықтықтағы әуе шайқасын жүргізу, жерүсті нысандарын жою және жаппай соққыны тойтару тактикасын меңгерді. Радиотехникалық бөлімшелерге барлау-соққы дрондарымен соққы жасалды. SkyLark-1LEX және Anka ұшқышсыз аппараттары барлау және соққы мақсатында пайдаланылды. Ал әуе қорғанысында С-300ПС, С-125, Бук-М2Э және ТОР-М2К кешендері жұмылдырылды.
Алғаш рет әуе санатындағы Р-60М зымырандары сынақтан өткізіліп, олардың дәлдігі расталды. Сондай-ақ әскери оқу орындарының курсанттары құрастырған жаңа дрондардың мүмкіндіктері көрсетілді.
Қарсыластың ұшқышсыз аппараттарына қарсы «Алмаз» радиотехникалық кешені, «Янтарь» радиоэлектрондық күрес жүйесі, «Маржан» спутниктік навигацияны тұншықтыру құралы, сондай-ақ «Гроза-Р2» және «Меруерт» антидрондық қарулары қолданылды. Төмен биіктікте жасырын ұшатын нысандарды жоюда «Игла» ПЗРК кешендері мен «Стрела», «Шилка» жүйелері тиімділігін көрсетті.
Жабылу салтанатында Қорғаныс министрі әскери бөлімдердің жоғары дайындық деңгейін және үйлесімді қимылын атап өтті. Бұдан соң авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Сарышаған мен Приозерск гарнизондарындағы әскери бөлімдерге барып, есеп тыңдап, нысандарды аралады. Ол әскери инфрақұрылымды сақтау, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қатаң тәртіппен ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.