Қоғам • Бүгін, 12:50

Жасөспірімдердің 85%-ы өз өміріне қанағаттанады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда балалардың әл-ауқаты индексін өлшеу аясында жүргізілген кешенді әлеуметтік зерттеудің қорытындылары белгілі болды. Сауалнамаға балалармен қатар, олардың ата-аналары мен мұғалімдері де қатысқан деп хабарлайды Egemen.kz.

Жасөспірімдердің 85%-ы өз өміріне қанағаттанады

Фото: ana tili

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, нәтижелер көрсеткендей, жасөспірімдердің құқықтық қорғалуы жоғары деңгейде қалып отыр. Орташа көрсеткіш 90,3%-ды құрайды. Бұл балалардың өз құқықтарын жақсы білетінін әрі оларды қорғаудың қолжетімді тетіктерін пайдалана алатынын айғақтайды. Аймақтар арасында Қостанай облысы (94,5%), Маңғыстау облысы (93,5%) және Қызылорда облысы (93,1%) үздік үштікте.

«Маңызды көрсеткіштердің бірі – жасөспірімдердің өз өміріне қанағаттану деңгейі. Орта есеппен 10–18 жастағы балалардың 85%-ы өзінің әлеуметтік және психологиялық жағдайын оң бағалаған. Бұл бағытта ең жоғары нәтиже Қостанай облысында (90,1%), Шымкент қаласында (88,7%) және Қызылорда облысында (88,5%) тіркелді», делінген хабарламада.

Отбасындағы сенім де жоғары көрсеткішке ие болған. Балалардың 90,4%-ы ата-анасымен еркін сөйлесіп, ой-пікірін ашық жеткізе алатынын айтқан. Ең жоғары деңгей Ұлытау облысында (97,5%), Астана қаласында (95,3%) және Қостанай облысында (94,7%) тіркелген.

«Балалар әл-ауқаты индексі – баланың денсаулығы, білімі, отбасы және әлеуметтік ортасын қамтитын маңызды көрсеткіш. Біздің мақсатымыз – ең алдымен балалардың өз үнін есту. Зерттеу нәтижелері олардың өздерін қауіпсіз сезінетінін, ата-анасымен жақсы қарым-қатынасын және болашағына сеніммен қарайтынын көрсетіп отыр», деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

2024 жылы Балалардың әл-ауқаты индексі республика бойынша өсім көрсетіп, орташа мәні 2,5 пунктке артып, 58,6 балға жеткен.