
Сурет: instagram.com/mfa_kz
Сапар барысында Мұрат Нұртілеуді Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари қабылдап, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму болашағын талқылады. Сұхбат барысында А.Зардари кейінгі жылдары орнаған сенімді саяси диалогті жоғары бағалап, стратегиялық салалардағы кооперацияны тереңдетуге мүдделілік білдірді. Өз кезегінде Қазақстан СІМ басшысы Астана тарапынан жан-жақты серіктестікті дамытуға дайын екенін растап, бірқатар әлеуетті жобалардан хабардар етті.
– Қазіргі таңда елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық қатынастарда оң үрдістерді байқап отырмыз. Қазақстан Пәкістанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі, – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Бұл тұрғыда тараптар көлік-логистикалық байланысты дамытуды, екіжақты білім беру бастамаларын қолдау арқылы екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуды, мәдени-гуманитарлық қатынастарды одан әрі ілгерілетуге ерекше назар аударды.
Министр Мұрат Нұртілеу Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дармен де келіссөздер жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық, көлік, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және IT салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін саралады. Сондай-ақ басқосуда алдағы жылдары тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мақсатқа қол жеткізу үшін практикалық шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар көліктік өзара байланысқа және транзиттік логистиканың тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді.
– Пәкістан – Оңтүстік Азиядағы уақыт сынынан өткен досымыз әрі маңызды серіктесіміз. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі байланыстарды қоса алғанда, мазмұнды саяси диалог жолға қойылған, – деді М.Нұртілеу.
Ал Пәкістанның Сыртқы істер министрі Исламабадтың Астанамен практикалық байланысын кеңейтуге мүдделілігін жеткізді.
– Елдеріміз сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Біз халықтарымыздың тұрақты әрі гүлденген болашағы үшін бірлескен күш-жігерге жаңа серпін беру үшін жұмыс істеуге дайынбыз, – деді М.Дар.
Қос ел өңірлік және жаһандық күн тәртібі, оның ішінде БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ИЫҰ шеңберіндегі диалог, сондай-ақ екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсету мәселелері бойынша «сағаттарды теңестірді». Кездесу қорытындысында 2025–2026 жылдарға арналған Қазақстан мен Пәкістан Сыртқы істер министрліктері арасындағы бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Бұл құжат аясында тараптар саяси диалогті жалғастыруға, басым секторлардағы бірлескен жобаларды жандандыруға және бейінді мемлекеттік органдар арасында тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге уағдаласты.
Сондай-ақ қазақ делегациясы Пәкістанның жетекші компанияларымен іскерлік кездесулер өткізді. «Fauji Foundation» басшылығымен өткен келіссөздерде ауыл шаруашылығы, минералды тыңайтқыштар өндірісі, азық-түлік және банк секторы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Тараптар «Fauji Foundation» мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы ынтымақтастықты жандандыру және оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарын әзірлеуде өзара сапарлар ұйымдастыру жөнінде келісімге келді.
«National Logistics Corporation» компаниясы басшысымен кездесуде логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған нақты шараларды айқындады. Қазақ делегациясы Қазақстан-Пәкістан көлік-логистикалық консорциумын құру бастамасын ұсынды.
«TCS Logistics» компаниясының төрағасымен жүздесуде Қазақстанда жүзеге асырылатын ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мүмкіндігі қарастырылды. Министр Мұрат Нұртілеу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту стратегиялық басымдық ретінде айқындалғанын атап өтті. Негізгі бастамалардың қатарында Еуразия мен Орталық Азия нарықтарын Пәкістанмен байланыстырып, Парсы шығанағы, Африка және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне шығуға мүмкіндік беретін Ауғанстан арқылы өтетін теміржол құрылысы бар.
Сапар қорытындысында қазақ делегациясы Пәкістан тарапына қызығушылығы үшін алғыс білдіріп, талқыланған бастамаларды практикалық тұрғыда іске асыруға бағытталған конструктивті диалогті жалғастыруға дайын екенін растады.