
Министрдің айтуынша, бүгінде шетелде еңбек еткісі келетін қазақстандықтарды ақпараттандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, migration.enbek.kz порталы іске қосылған. Онда азаматтар өзіне қажетті ел туралы мәлімет, еңбек заңнамасы, сондай-ақ еңбек құқығын қорғау үшін қандай қадам жасау керектігі жөнінде ақпарат ала алады.
Светлана Жақыпова ең алдымен заңсыз мигранттардың жағдайы алаңдататынын жеткізді.
«Біздің алаңдатарлық жайт – шетелде жүрген заңсыз мигранттарымыздың жағдайы. Мен оларды елге оралып, құжаттарын толық рәсімдеп, заңды түрде жұмыс істеуге шақырамын», деді ол.
Сонымен қатар, министр қазақстандықтардың шетелде еңбек құқықтарын қорғау үшін мемлекетаралық келісімдер жасалып жатқанын атап өтті. Жақында Катармен келісім ратификацияланды. Бұл құжат Қазақстан азаматтарына ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, олардың құқықтарының қорғалуына кепілдік береді.
«Мұндай келісімдер – алғашқысы да, соңғысы да емес. Қазіргі таңда кезекте тоғыз келісім тұр. Оның ішінде жақын және алыс шетел мемлекеттерімен жасалған құжаттар бар, кейбірі қол қойылып, күшіне енді», деді Светлана Жақыпова.