Ұлттық спорт • Бүгін, 07:43

Ойлылар мен зерделілер ойыны

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тоғызқұмалақ – қазақ ұлттық мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан бір үлесі. 2020 жылы ЮНЕСКО тоғызқұмалақ ойынын әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізді. 2021 жылы дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы 9 қыркүйекті «Тоғызқұмалақ күні» деп белгіледі.

Ойлылар мен зерделілер ойыны

Тоғызқұмалақ елімізде ғана емес, бүкіл әлемде қарқынды дамып келеді. Айталық, өткен жылы Латын Америкасында тоғыз­құмалақ федерациясы құрылса, биыл осындай ұйым Оңтүстік Корея­да да жұмысын бастады. Еуропа мен Азияның бірқатар елі тоғызқұмалақ ойнауды ежелден әдетке айналдыр­ған, кейінгі жылдары мұндай үрдіс Афри­ка елдерінде де байқалып отыр. Бүгін­ге дейін жеті әлем, алты Азия чемпио­на­ты өткізілді.

Кеше «Тоғызқұмалақ күні» аясында ұлы Абайдың 180 жылдығына орай, еліміздің тоғызқұмалақ тақтасы бар барлық оқу орнында сағат 09.00 мен 21.00 аралығында онлайн ойнау флешмобы ұйымдастырылды. Ел­ор­дадағы іс-шараға Дүниежүзілік тоғыз­құмалақ спорты федерациясының пре­зи­денті Әлихан Байменов, Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясы­ның президенті Әкім Тұрсын, «BINOM School» мектептер желісін басқару­шы компанияның басшысы Шолпан Қадырова, федерация өкілдері, өзге де ұлттық спорт қайраткерлері қатыс­ты. 

«Тоғызқұмалақ замана көшінен әсте тыс қалмақ емес. 15 жыл бұрын отандық мамандар Ios, Android жүйе­лері негізінде смартфонға жүктеме әзірлеген еді. Бұдан бөлек, канадалық, польшалық, ұлыбританиялық танымал платформаларға тоғызқұмалақ ен­гізілді. Қазір бұл алаңдарда да тоғыз­құмалақ кең қолданылатын ойынға айналған. Таяуда жас жеткіншектер ынта таны­тып, тоғызқұмалақтың жасанды интеллектідегі бағдарламасын іске қосты. Секундына миллиондаған есепті еркін еңсеретін ЖИ-тоғызқұмалақ адам санасынан да жылдам. Ойыншылар мен жат­тықтырушылар оның артық­шылығын, комбинациясын, стра­те­гиялық ойлауын ойын өрнегінде ұтымды пайдаланып жүр», деді Ә.Байменов.

А.Байтұрсынұлы атындағы мектепке мереке күні 100 тоғызқұмалақшы топтасты. Қатысушылар сағат тілі 9-дан 9 минутты көрсеткенде қазандықтарға қол салды. Олардың арасында атал­­ған мектептің 2-сынып оқушысы, тоғыз­құмалақтан 9 жасқа дейінгі балалар ара­сындағы Астана қаласының чемпио­ны Қасым Ернатұлы да бар.

«Маған бестемшені бірінші болып балабақшадағы ұстазым Гүлжайна Бигелдіқызы үйретті. Мектепке алғаш келгенімде ұстазым ата-анама мені тоғызқұмалақ үйірмесіне беруді тапсырды. Алты жастан тоғызқұмалақ ойнауға айрықша ден қойдым. Бірнеше қалалық байқауда топ жарып, маусым айында Қостанай қаласында өткен республикалық тоғызқұмалақ сайысына барып келдім. Мықтылар бас қосқан байқау шеберлігімді шыңдады», деген Қасым Ернатұлы тоғызқұмалақты ғылыми тұрғыда да зерттеуге бел буып отырғанын атап өтті.