
Тіркелген істердің 12-сі – есірткі заттарын өткізу, 13-і – есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру және екеуі есірткіні жарнамалауға қатысты қылмыстар. Сондай-ақ 34 іс есірткіге қатысты қылмыстық теріс қылыққа жатқызылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде өткен жазда заңсыз айналымнан 29 килодан аса есірткі заттары тәркіленіп алынды. Оның 17 килоға жуығы сора есірткі өсімдігі болса, 8 килодайы – синтетикалық есіркілер, ал 5 килосы марихуана есірткісі. Мәселен, жаз мезгілінің басында полиция қызметкерлерімен аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткілерді «жасырып кету» әдісімен айналысқан Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында оның Бозарық шағын ауданындағы көшелердің бірінен 100 метр сайын қатар-қатар 6 дана синтетикалық есірткі орамаларын жасырғаны белгілі болды. Ол орамаларды өткізу үшін алдын ала бөлшектеп дайындап қойған екен. Жалпы 842 грамм есірткі тәркіленіп, күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері осы секілді тағы бір күдіктіні ұстады. Күдікті 21 жастағы бойжеткен боп шықты. Тексеру барысында оның бес жерден жасырған синтетикалық есірткі орамалары анықталды. Жалпы, 50 грамм есірткі тәркіленіп, азаматша қамауға алынды.
Жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлермен операцияның белсенді кезеңінде, яғни есірткі өсімдіктерінің өсіп-жетілген мерзімінде ерекше қимыл-әрекетке көшті. Бұл кезде есірткі жинау мен дайындау қаупі арта түседі дейді тәртіп сақшылары. Нәтижесінде, жедел есірткі өсіретін аумақтарға мониторинг жүргізіп, арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Рейдтік іс-шара басталғалы бері тұрғындардың есірткі өсімдіктерін өз үйінде, бау-бақшасында және саяжай жағдайында баптап өсірудің, оларды кептірілген түрінде сақтаудың бірнеше дерегі анықталып, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мәселен, жуырда полицейлер Сайрам тұрғынүй алабының 39 жастағы тұрғынының үйін қарау барысында заңсыз егіп-өсірген 15 түп «сора» есірткі өсімдігіне тап болды. Сонымен қатар одан жалпы салмағы 1 кило 733 грамм «көкнәр» есірткі өсімдігінің кептірілген басы табылды. Қазіргі таңда оған қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
– Осы орайда полиция департаменті қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құрамында есірткі заттары бар, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қаралғанын жұрттың есіне салады. Сонымен қатар есірткі құралдары мен жабайы өсетін сораның тізбесіне енгізілген өсімдіктерді жоюға шаралар қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да ескертеді. Қалалық полиция департаменті өңірде «Заң мен тәртіп» қағидасын қамтамасыз ету, есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды үздіксіз әрі белсенді түрде жалғастыра бермек, – деді департамент жанындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нариман Қайсар.
Биыл елімізде Президент бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидаты іске асырылып жатыр. Оның басты міндеті – қоғамда тәртіп пен тыныштық орнату. Ал есірткі секілді қауіпті психотропты заттар адамдарды есінен айырып, қоғамда түрлі келеңсіздік тудыратыны анық. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде еліміздің әр аймағында ескірті айналымы мен бизнесіне қарсы күрес шаралары күшейтілген тәртіпте жүріп жатыр. Соның ішінде Шымкент қаласының полиция департаменті де есірткімен күресте «ымырасыз соғыс» ашты. Өз кезегінде тәртіп сақшыларына қалалық әкімдіктің тиісті сала өкілдері де қол ұшын беріп жатыр. Мәселен, олардың қатарында Жастар ресурстық орталығының белсенді мүшелері бар. Сонымен қатар медицина мекемесінің қызметкерлері де күрес шарасының бел ортасында жүр. Айталық, жергілікті әкімдіктің қолдауымен қалалық психикалық денсаулық орталығында нашақорлыққа тәуелді науқастарды жасырын емдейтін арнайы қызмет орталығы іске қосылған еді. Бұл қызметтің қолға алынуы бекер емес. Өйткені нашақорлық шынымен де осы күнде қоғамға үлкен қауіп төндіре бастады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында сөз қозғап, есірткінің адамзатқа қаншалықты қауіпті екенін айтып, онымен күресу үшін мемлекет қатаң шаралар қабылдайтынын мәлімдеген еді.
«Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», деген еді Мемлекет басшысы.
Президент айтқандай, осы күнде есірткі саудасы мен оны тұтыну дабыл қағарлық жағдайға жетті. Мамандардың айтуынша, қазір ине ұстаған нашақорлардан гөрі синтетикалық арзан есірткінің түрі өте қауіпті затқа айналып барады. Себебі жасанды есірткі арзан тұрады әрі қолжетімді. Бірақ оның денсаулыққа тигізер зардабы өте ауыр боп келеді. Бұл психотропты затты бір рет тұтынып көрген адам одан қайтіп бас тарта алмай қалуы мүмкін. Нәтижесінде, оған тәуелділікке ұшырап, соңында қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Нашақорлықтың кесірінен бірінші қоғамдық институт бұзылады. Есірткіге тәуелді адам ортада өзін жоғалтып, ешкімге керексіз болып қалады. Тіпті отбасынан айырылып, денсаулығын құртып, ақыры аяғында бір доза үшін қылмысқа барып, өмірінің соңын темір торда өткізуі ғажап емес. Әсіресе синтетикалық есірткіге еліткендер қатарында жастар көп деп дабыл қағады мамандар. Тіпті одан да зоры жоғары сыныпта оқитын мектеп оқушылары да жасанды есірткінің тұрақты клиенті болуы мүмкін. Осындай адамзат өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құбылыстан арылу үшін елімізде оның ішінде үшінші мегаполисте қарқынды күрес шаралары атқарылып жатыр. Оған синтетикалық есірткілер дайындайтын жасырын цехтарды анықтап көзін жоюмен қатар жол-жөнекей түйіншекке тығып кететіндердің қабырғаға жазылған адрестерін құрту да кіреді.
Есірткімен қоса бүгінгі таңда интернет-алаяқтық та қоғамға үлкен зиянын тигізіп отыр. Осы орайда Шымкент қалалық полиция департаменті интернет алаяқтарға қарсы жаңа тәсіл ойлап тапты. Жүргізілген талдау нәтижесінде интернет-алаяқтық құрбаны болу ең алдымен егде жастағы азаматтар арасында жоғары дейді полицейлер. Осыған орай, полиция департаментінің қызметкерлері арнайы профилактикалық шара ұйымдастырды. Соған байланысты қала әкімдігінен егде жастағы тұрғындардың ресми тізімі алынып, қазіргі таңда полицейлер олардың үйіне барып, түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Тәртіп сақшылары әр зейнеткермен жеке кездесіп, интернет немесе телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері, олардың тәсілдері, сақтану жолдары туралы нақты мысалдармен түсіндіре отырып, қауіпсіздік ережелерін, яғни бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді ешкімге жария етпеу жөнінде ақпарат береді. Сондай-ақ олар тұрғындарға өз байланыс нөмірлерін қалдырып, күмәнді жағдай орын алған кезде бірден хабарласуын ескертті.
Бүгінгі таңда түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, жақында бір зейнеткер күмән тудырған қоңырау шалынғаннан кейін дереу түсіндіру жұмыстарын жүргізген полицейге хабарласып, шотындағы қаражатын алаяқтардан сақтап қалды. Осы тұста айта кеткен жөн, Шымкент қаласында жыл басынан бері 300-ге жуық интернет-алаяқтық жайты тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 900 млн теңгені құраған. Сондықтан тәртіп сақшылары бейтаныс жандарға тіпті ол банк қызметкерлері болса да жеке деректерді айтпау керектігін ескертеді.