
Президенттің сөзінше, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанға дейін өз жұмысын жалғастыра береді. Сенат та жалпыұлттық референдум қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайланғанға дейін тұрақты қызметін атқарады. Бұл ретте саяси партиялардың да бәсекеге дайындалуына жеткілікті уақыт беріледі.
«Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Түптеп келгенде, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өз бастамасының неге алдын ала жарияланғанын түсіндірді.
«Әрине, заңды сұрақ туындауы мүмкін: Президент Парламенттік реформа жасау қажеттігі туралы неге соншалықты ерте жариялап жатыр? Әйтпесе, саяси технологияның қағидасына сәйкес мұндай шаралар тосыннан, күтпеген жерден жасалады емес пе? Бірақ мен осыған дейін де айттым, тағы да қайталап айтамын: мен еліміздің және халқымыздың тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санаймын. Мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды деп есептеймін», – деді ол.
Президент осындай тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізу қажеттігін баса айтты.
«Сонда ғана бәріміз бір ел болып, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Баршаңызға амандық, табыс тілеймін. Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.