
Президенттің айтуынша, ел ішінде жолаушылар тасымалына қатысты мәселелер шешімін табуы қажет.
«Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы авиация инфрақұрылымын жаңғырту ісіне де тоқталды. Соңғы жылдары Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды. Жақында Зайсанда, Қатонқарағай мен Кендірліде әуежай құрылысы аяқталады. Арқалық әуежайы қайта жөнделіп жатыр.
Бұл жобалар өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бірқатар саланың дамуына ықпал етеді.
Тағы бір маңызды мәселе – әуемен жүк тасымалы. Президент бұған ерекше назар аударуды тапсырды.
«Мен бұған дейін әуемен тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бердім. Бұған бірінші кезекте, шетелдің ірі инвесторларын тарта отырып, Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізуге болады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев электронды сауданың дамуына байланысты әуе жүк тасымалына сұраныс артқанын, бұл сала аса табысты бағыт екенін атап өтті. Сондықтан әуе хабтарын дамыту, оларды жаһандық логистика тізбегіне кіріктіру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар Президент экспресс-жүк тасымалын ретке келтіру, жаңа технологияларды – пилотсыз жүк көліктері мен дрондарды қолданысқа енгізу үшін тиісті құқықтық база әзірлеуді тапсырды.
«Жалпы, мен бұған дейін бірнеше рет айттым: Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ, негізгі жауапкершілік – Үкіметте. Тапсырманың орындалу барысын жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін арнайы жиналыста қараймыз», – деді Президент.