
Фото: dooralei.ru
Былтыр еліміздің территориясы арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асқан. Қ.Тоқаев бұл көрсеткішті әлі де арттыруға зор мүмкіндік барын атап өтті.
«Сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі.
Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тартуы қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз ешқандай тиімділік болмайды», деді Мемлекет басшысы.
Президент әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатқанына да назар аударды. Бұл бағытта арзан балама бағыттар мен жолдар ұсынылып жатқанын ескерген Қ.Тоқаев жауапты органдарға алдын ала әрекет етуді, бір қадам алда болуды тапсырды.
«Тағы да қайталап айтарым, инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн. Биыл ұзындығы – 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылады. Жобаны өз күшімізбен өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асырдық. Бұл жолдың мән-маңызы ерекше, себебі «Шығыс-Батыс» бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Үкімет «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» жобаларын уақытылы жүзеге асыруға тиіс. Себебі, аталған жобалар еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады», деді Президент.