Қылмыс • Бүгін, 11:40

Жалған жұмысқа орналастыру арқылы 1 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлем ұрланды — ҚМА

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржылық мониторинг агенттігі жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақыларды және атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін заңсыз тағайындау деректерін анықтады. 2024-25 жылдары агенттік жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге залал келтірген 13 қылмыстық істі қарады, деп жазады Egemen.kz.

Жалған жұмысқа орналастыру арқылы 1 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлем ұрланды — ҚМА

Жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақылар бойынша 10 іс тергеліп, 15 адам жауапқа тартылды.

Жалған жұмыспен қамту схемасы:

385 жүкті әйелді жалған кәсіпкерліктерге жұмысқа орналастыру арқылы мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

Ақтөбе облысында Өмірбекова мен Баймұрзаева 70 әйелді 29 ЖШС-ға жалған жұмысқа орналастырып, 487 млн теңгені жымқырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Шымкент қаласында Дүйсенова осыған ұқсас әрекеті үшін 98 млн теңге залал келтіріп, 5 жылға сотталды.

Барлық істерде қылмыс бір әдіспен жасалған: әйелдер арнайы құрылған кәсіпкерліктерге жалған жұмысқа қабылданып, өткен күнмен ең жоғары әлеуметтік және зейнетақы аударымдары рәсімделген. Соның негізінде жоғары төлемдер тағайындалған.

Атаулы әлеуметтік көмек бойынша:

15 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің лауазымды тұлғаларына қатысты 3 іс қозғалды.

Схема бас бухгалтерлердің сенімді адамдарды әлеуметтік осал топқа жатпайтын болса да көмек алушылар тізіміне қосуынан тұрған. Кейін оларға қаражат аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

- 2023 жылдан бері eGov порталы арқылы құжат рәсімдеу мен мәртебе беру процесінің цифрландырылуы мұндай алаяқтықтарға жол бермейтін болды, - делінген ақпаратта.

Агенттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қылмыстардың жасалуына ықпал еткен себептерді жою үшін ұсыныстар жолдады.

Ережелерге өзгеріс енгізілді: енді жәрдемақы тағайындау кезінде «өткен күнмен» төленген зейнетақы жарналары есепке алынбайды.

Агенттік мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.